Жамбыл облысында Egov mobile қосымшасы арқылы қызмет алушылар көбейіп келеді

16 Шілде 2021, 10:43
1778
Бөлісу:
Жамбыл облысында Egov mobile қосымшасы арқылы қызмет алушылар көбейіп келеді

 

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың коммуникацияның халық пен бизнеске тиімді жүйесін жолға қою жөніндегі тапсырмасына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Жамбыл облысында жоспарлы жүзеге асуда.

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы өңірдегі филиалы директорының міндетін атқарушы Зейнел-Нәби Сұлтанбаев айтып берді. Жалпы мемлекеттік тізілімдегі қызметтердің саны 687-ні құраса, оның 659-ы аталған корпорация арқылы, 629-ы «Электрондық үкімет» порталымен жүзеге асады екен. Ал операторлармен байланыс арқылы 169 қызмет қол жетімді. Жамбыл облысында бұл қызметтерді көрсететін 16 фронт-офисте 336 маман еңбек етеді. 

Жыл басынан бері аймақ тұрғындарына 553 624 қызмет көрсетілсе, оның 1 595-і электронды негізде ұсынылды. Өз-өзіне қызмет көрсету секторлары арқылы 546 537 қызмет көрсетілді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйіне мамандарымыз 1 219 рет барып, 1 584 қызмет көрсетті. Сонымен қатар мобильді Халыққа қызмет көрсету бөлімдері арқылы 472 рет шығу жүзеге асып, тұрғындар 43 221 қызметке қол жеткізді, - деп атап өтті Зейнел-Нәби Маралбайұлы. 

Ол ақпан айынан іске аса бастаған «Нәтиже» пилоттық жобасы туралы да баяндап, 13 бөлімнен 14 жұмыс орны бөлінгенін жеткізді. Жоба аясында барлығы 4 854 қызметкер оқытылған екен. Сондай-ақ азаматтардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында 1414 Бірыңғай байланыс орталығы корпорация қарамағына беріліп, Тараз қалалық №1 бөлімде 15 маманға арналған бірыңғай байланыс орталығы ашылған.

Фронт-офистердің бөлімдерінде орналасқан QR-кодты кез келген азамат смартфоны арқылы сканерлеу кезінде корпорацияның gov4c.kz ресми сайтының бетіне өте алады. Онда көрсетілетін қызметті алушыларға сауалнамадан өту немесе фронт-офис қызметі бойынша пікір қалдыру ұсынылады. Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде операциялық залдағы қайталама мониторда да сауалнамадан өту мүмкіндігі бар, - деген филиал басшылығының өкілі биылдыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау басқармасына барлығы 90 өтініш келіп түскенін мәлімдеді.  

Оның 47-сі ризашылық сипатта болса, қалғаны шағымдар.

Жауапты маманның пайымынша, теріс пікірлер негізінен ақпараттық жүйелердің жиі істен шығуынан, құжаттандыру бағыты бойынша мамандардың жетіспеушілігінен, мемлекеттік қызметтерді алу үшін күту уақытының көптігінен пайда болады.

З.Сұлтанбаевтың сөзіне қарағанда, фронт-офистердің кіру аймағында QR-кодтар мен Ashyq қосымшасы арқылы мәртебені тексеру жөніндегі нұсқаулықтар орналастырылған.

Жылдың басынан бері 1414 Бірыңғай байланыс орталығы операторлары 130 940 қоңырау қабылдап, тұрғындарға түрлі бағытта кеңестер берді. «Электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн қызмет көрсететін және азаматтарды мобильдік базаға тіркейтін бейне-ассистенттерге арналған сектор арқылы 227 220  бейнеқоңырау қабылданып, 113 611 тұрғын Азаматтардың мобильдік базасына тіркелді, - деді Зейнел-Нәби Маралбайұлы. 

Ол кешеге дейін Жамбыл облысындағы Халыққа қызмет көрсету бөлімдері қызметкерлерінің 292-сі вакцинаның бірінші компонентін алғанын жеткізді. 85-і екінші кезеңін де алып қойған. Ал 15 қызметкер жүктілігіне байланысты екпеден босатылған. Жалпы филиалдың 945 қызметкерінің 494-і вакцинацияның бірінші кезеңінен өтсе, 166-сы екпені толық алып үлгерген. 27 маманның түрлі себеппен вакцина салдырмауға рұқсаты бар.

 

Былтырғы маусым айынан бастап фронт-офистер өз жұмыстарын қалыпты режимде атқарып жатыр. Алайда, ішкі және іргелес аумақтарға арнайы таңбалар қойылып, әр бөлімнің кіреберісі антисептиктерге арналған дозаторлармен, әрбір сектор антисептигі бар құтылармен қамтамасыз етілген. Бөлімдердің күту аймақтарындағы орындар қашықтықты сақтау үшін арнайы ленталармен бөлінген және көрінетін жерлерде карантиндік шараларды сақтау жолдары көрсетілген жадынамалар мен нұсқаулықтар орналастырылған, - деді жауапты маман. 

Қазіргі уақытта жеке және заңды тұлғалар үшін «Электрондық үкімет» порталында ЭЦҚ алу үшін «ЭЦҚ қашықтықтан алу» сервисі іске қосылыпты. Интернет желісі мен веб-камера болса болды, ЭЦҚ-ны кез келген жеке және заңды тұлға ала алады. Сонымен қатар, мемлекеттік корпорация азаматтардың уақытын үнемдеу және вирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында еgov.kz порталы, Telegram, Egov mobile мобильдік қосымшалары арқылы электрондық кезекті алдын-ала брондау сервисін іске қосқан. Жүргізушілер де еgov.kz, «Электрондық үкімет» порталдарына өтінім берсе, «Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері мен көлік құралын тіркеу туралы» куәлікті мамандандырылған бөлімінің қызметкерлері үйіне дейін жеткізіп береді. Азаматтар бөлімдерге келе алмайтын жағдайда «Сіздің жеке менеджеріңіз» бизнес жобасын қолдануына болады екен. 

Бұрын азаматтардың басым бөлігі «Электрондық үкімет» порталы арқылы қызмет алатын болса, қазір «EGov mobilе» жаңартылған мобильді қосымшасы арқылы көрсетілетін қызметті алушылардың саны артып келеді. Онда психо, нарко, туберкулезге қарсы диспансерлерден, жылжымайтын мүліктің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтамаларды және басқа да құжаттарды, жалпы мемлекеттік қызметтер мен сервистердің 73 түрін алуға мүмкіндік бар. Вакцинация паспорты жөніндегі деректер де сонда қатталған, - деді Зейнел-Нәби Сұлтанбаев. 

Айта кетерлігі, EGov mobile қосымшасын жүктеп алған соң, оны пайдалану үшін қызмет алушылар Азаматтардың мобильдік базасына тіркелулері тиіс. Онда ЭЦҚ-мен немесе бір реттік пароль арқылы авторлануға болады. Оған өңірде ай сайын 8 мыңға жуық жаңа пайдаланушы тіркеледі. Ал жыл басынан бері фронт-офистер арқылы барлығы 33 086 пайдаланушы аталған қосымшаны жүктеген.

 

Өзгелердің жаңалығы