eGov Mobile-дегі әл-ауқатты бағалау калькуляторы қалай жұмыс істейді?

17 Қараша 2026, 17:02
АВТОР
 gov.kz 17 Қараша 2026, 17:02
17 Қараша 2026, 17:02
117
Фото: gov.kz

Отбасының әлеуметтік жағдайын алдын ала бағалап көргіңіз келе ме? Енді мұны eGov Mobile қосымшасы арқылы жасауға болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Әл-ауқатты бағалау калькуляторы» сервисінің қалай жұмыс істейтінін және оны пайдаланғанда нені ескеру керегін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрліктің мәліметінше, калькулятор жәрдемақы алушыларға отбасының материалдық жағдайын алдын ала бағалап, есептеу кезінде қандай деректер ескерілетінін көруге мүмкіндік береді. Сервис үш кезеңнен тұрады: отбасы туралы мәліметтерді енгізу, активтер мен кірістерді көрсету және алдын ала бағалау нәтижесін алу.

Бірінші кезең: отбасы туралы мәліметтер

Алдымен азамат eGov Mobile қосымшасына кіріп, авторизациядан өтуі керек. Жүйе пайдаланушы туралы кейбір ақпаратты мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде алады.

Атап айтқанда, жынысы мен жасы, атына тіркелген көлік құралдары, ауыл шаруашылығы техникасы, жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және кәсіпкерлік қызметке қатысуы туралы мәліметтер жүктеледі. Азаматқа тек олардың дұрыстығын тексеру қажет.

Одан кейін өзімен бір мекенжайда тұратын, сол жерде тіркелген және ортақ шаруашылық жүргізетін отбасы мүшелері туралы ақпарат енгізіледі. Олардың жұмыспен қамтылуы, мүгедектігі немесе созылмалы ауруларының болуы, несиелері мен мүлкі туралы мәліметтер көрсетіледі.

Екінші кезең: активтер мен кірістер

Келесі қадамда отбасы мүшелеріне тиесілі активтер туралы ақпарат толтырылады. Пайдаланушының өзіне тиесілі мүлік жөніндегі деректер жүйеге автоматты түрде жүктеледі. Қажет болған жағдайда мәліметтерді толықтыруға немесе түзетуге болады.

Калькуляторда жеңіл және коммерциялық көлік, ауыл шаруашылығы техникасы, жылжымайтын мүлік, тұрғын үй, жер учаскелері мен бизнестегі үлестер туралы ақпарат ескеріледі. Отбасының әр мүшесіне тиесілі активтер жеке-жеке көрсетілуі керек.

Сондай-ақ отбасының әрбір мүшесінің орташа айлық табысы енгізіледі. Бұл ретте сыйақы мен қосымша төлемдер де есепке алынады.

Үшінші кезең: алдын ала бағалау нәтижесі

Отбасы туралы барлық мәлімет енгізіліп, тексерілгеннен кейін калькулятор әлеуметтік жағдайға алдын ала баға береді. Нәтиже экранда бірден көрсетіледі.

Одан кейін пайдаланушыға сервис жұмысына баға беру ұсынылады. Азаматтар калькуляторды бес балдық шкала бойынша бағалап, пікірін еркін форматта қалдыра алады. Министрлік бұл кері байланыс сервистің жұмысын жетілдіруге көмектесетінін атап өтті.

Қате мәлімет көрсетілсе, не істеу керек?

Кейде калькуляторда бұрын сатылған көлік немесе өзектілігін жоғалтқан басқа мүлік туралы ақпарат шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда мәліметті сервистің ішінде түзетуге болады.

Алайда маңызды жайт бар: калькулятордағы өзгерістер тек алдын ала есептеу үшін қолданылады. Олар мемлекеттік дерекқорлардағы ресми ақпаратты өзгертпейді.

Егер мүлік туралы ресми деректерде қате болса, оны түзету үшін eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы уәкілетті органға өтініш беруге болады. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге мүмкіндік бар.

Калькулятор нәтижесі жәрдемақыға әсер ете ме?

Жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі калькулятордың тек ақпараттық-анықтамалық сипатқа ие екенін ескертеді.

Яғни есептеу нәтижесі жәрдемақының тағайындалуына, мөлшеріне немесе төленуін жалғастыруға әсер етпейді. Нәтижемен келісу немесе келіспеу, сервиске баға беру және пікір қалдыру да әлеуметтік төлемдерге ықпал етпейді.

Калькуляторды пайдалану жәрдемақыдан бас тарту туралы өтініш болып саналмайды және төлемді тоқтатуға немесе уақытша тоқтата тұруға негіз бола алмайды.

Министрлік есептеу нәтижесінің дәлдігі енгізілген ақпараттың толықтығы мен дұрыстығына байланысты екенін атап өтті. Егер отбасы мүшелерінің бірі көрсетілмесе немесе оның табысы мен мүлкі туралы мәлімет енгізілмесе, нәтиже отбасының нақты жағдайын толық көрсетпеуі мүмкін. Сондықтан есептеуді аяқтамас бұрын барлық ақпаратты мұқият тексеру қажет.

Министрлік азаматтарды тек ресми сервистерді пайдалануға шақырады. Әл-ауқатты бағалау калькуляторы eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Ал мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде, бөгде сайттарда немесе SMS арқылы жіберілген сілтемелерде ұсынылатын калькуляторлар ресми сервиске жатпайды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх