eGov GPT арқылы 100 мемлекеттік қызмет қолжетімді болады

2 Қазан 2026, 12:25
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова 2 Қазан 2026, 12:25
2 Қазан 2026, 12:25
135
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Қазақстанда eGov GPT сервисі арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтер санын жыл соңына дейін 100-ге жеткізу жоспарланып отыр. Ал келесі жылы жүйе барлық мемлекеттік қызметті қамтуы мүмкін. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Шыңғыс Оразалимов AI & Digital Bridge 2026 форумында  BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, форум аясында GovTech бағыты бойынша бірқатар жаңа жоба таныстырылған. 

Олардың қатарында eGov 3.0, eGov Business және eGov GPT бар. Соның ішінде eGov GPT қазірдің өзінде eGov Mobile қосымшасы арқылы азаматтарға қолжетімді.

Біз контентті тұтыну форматын өзгертіп жатырмыз. Бұған дейін пайдаланушылар электронды үкімет порталына немесе қосымшасына кіріп, қажетті қызметті өздері іздейтін. Қазір жай ғана сұраныс (промпт) енгізу арқылы бірнеше секундтың ішінде қажетті қызметті алуға болады. Бұл – қызметті басынан аяғына дейін қамтитын шешім, – деді Шыңғыс Оразалимов.

Оның айтуынша, бүгінде eGov GPT арқылы азаматтар 50-ге жуық мемлекеттік қызметті пайдалана алады. Жыл соңына дейін олардың санын 100-ге жеткізу көзделген. Ал келесі жылы барлық мемлекеттік қызметті қамту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар компания заңды тұлғаларға арналған қызметтерді де онлайн форматқа көшіруді көздеп отыр. Қазір кәсіпкерлердің бірқатары қажетті рәсімдерді орындау үшін тиісті ұйымдарға жеке баруға мәжбүр. Осы процестерді цифрландыру арқылы заңды тұлғаларға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру жоспарланған.

Ең қарапайым мысал ретінде құрылтайшыларды ауыстыру мен жарғыны қалыптастыруды айтуға болады. Біз заңды тұлғаларды дәстүрлі тәсілмен тіркеу процесін өзгерткіміз келеді. Кәсіпкер компания ашқан кезде банк шотын ашу мен банк картасын рәсімдеуге дейінгі барлық қызметті бір арна арқылы, бірден онлайн ала алатындай жүйе құруды көздеп отырмыз, – деді ол.

Шыңғыс Оразалимовтің айтуынша, Қазақстан халқының цифрлық сауаттылығы жоғары. Бұған екінші деңгейлі банктердің онлайн қызметтерді дамытуы да ықпал еткен.

Бүгінде уақыт – адам үшін ең құнды ресурстардың бірі. Сондықтан ешкім бұрынғыдай мекемелерге барып, кезекте тұрғысы келмейді. Азаматтар үйден шықпай-ақ, қажетті қызметті телефон арқылы бірден алуға ұмтылады. Халықтың цифрлық қызметтерді белсенді пайдалануы да соны көрсетеді. Бұған елімізде қалыптасқан цифрлық инфрақұрылымның ықпалы зор, – деді ол.

Сондай-ақ спикер Қазақстанның цифрлық шешімдерді басқа елдермен бөлісуге дайын екенін атап өтті. Оның сөзінше, AI & Digital Bridge форумы тәжірибе алмасуға және халықаралық серіктестікті дамытуға мүмкіндік береді.

Қазақстан – технологиялық тұрғыдан дамыған ел. Қазір бізде жүзеге асқан шешімдерді серіктестерімізбен және көршілес мемлекеттермен бөлісетін кезеңге жеттік. Сонымен қатар басқа елдердің тәжірибесін де зерделеу маңызды. Бұл мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың көзқарасын өзгертуге, бюрократиялық кедергілерді азайтуға көмектеседі, – деді Шыңғыс Оразалимов.

Ол жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту Қазақстан үшін экономикалық өсудің жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін де айтты. Бұл ретте елдің энергетикалық әлеуетін тиімді пайдалану мен шетелдік технологиялық компанияларды тартудың маңызына тоқталды.

Болашақ экономикасының негізі – энергетикалық ресурстарды технологияның игілігіне жарату. Қазақстанға ірі компаниялар келіп, инвестиция салуға және өз технологияларымен бөлісуге дайын. Біздің энергетикалық ресурстарымызды тиімді пайдалану арқылы жаңа экономикалық модель қалыптастыруға болады. – деді ол.

Спикердің айтуынша, Қазақстанның халықаралық технологиялық компаниялармен ынтымақтастығы да кеңейіп келеді. Бұған форумға NVIDIA өкілдерінің қатысуы дәлел бола алады. Оның пікірінше, мұндай серіктестік елдің жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға жол ашады.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың бастамасымен америкалық жетекші технологиялық компаниялар қол қойған суперинтеллект туралы келісімді жаһандық деңгейде қолдануға болатын үлгі ретінде қарастыруды ұсынған еді. Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстанда жасанды интеллектіні реттеуде тәуекелге негізделген тәсілді ұстанып, оны өнеркәсіп, энергетика, медицина, қаржы және мемлекеттік басқару салаларында қолдану қажеттігін атап өтті.

Наверх