Егінсу жұрты су мәселесін көтеріп жатыр

17 Ақпан 2025, 12:36
565
Бөлісу:
Егінсу жұрты су мәселесін көтеріп жатыр
PHOTO
Фото: автордан

Кезінде жасыл желекке оранған Егінсу елді мекені бүгінде құмды ауылға айналған. Ауыл жұрты облыс әкімі Бейбіт Исабаевтан шөптікке су сұрап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бір мая шөпті 15 мыңнан сатып алады

Аты Егінсу болмағанымен, суармалы жері жоқ елдімекеннің бүгінгі хәлі ешкімге қызық емес секілді. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін Ресейге түрлі өнім тасыған атақты Егінсу теміржол бекеті орналасқан аймақтың сыйқы қашты. Ұжымшар тарқады, жекешелендіру науханы басталып, талан-таражға түсті. Егінсуды жайылған ен тоғайдың бүгінде ізі де жоқ. Аңызақ жел адамды еркін жүруге шыдатпайды. Іргеде Қызылағаш су қоймасы салынған соң сәні кеткен ауылдық округтің жайы ешкімді алаңдатып отырған жоқ. Су сұрап облыс әкімдігіне дейін барған халықтың өтінішін жергілікті билік ескермеген. Халық қалаулылары да мәселені ұйып тыңдағанымен, іске келгенде еш нәтиже көрсетпей отыр. Ауыл ақсақалдар алқасының басшысы Нұр Құрманғалиев облыс әкімі Бейбіт Исабаев ең құрымағанда шөптік су берсе екен деген тілегін жеткізді.

Біз бақша еккенге су сұрап отырған жоқпыз. Мынау жайылған малға обал. Жазда жайылымдық шөп күнге күйіп кетеді. Мұндағы шаруалардың жалғыз тірегі сол мал, одан басқа мынау құмға айналған ми далада не істеуге болады. Бұл мекеннің Қызылағаш су қоймасы салынғалы қызығы қашты. Балығы тайдай тулап жататын аумақтың табаны құрғағалы 30 жылдан асты. Анау Үшкөлге дейін созылып жататын айдын көлдің арнасы ғана қалды. Мұнда Сағабүйеннен, Ақсудан да су келетін. Қар мен жаңбырдың суы көктем келе ауылдың іргесін басып жататын. Қазір бәрінің алдына тоспа қойылды. Бізге қарай шығатын Бұрғанның жолы бар. Былтыр арнайы комиссия көріп, судың жолын ашып Үлгіліге дейін әкелген еді. Бізге келетін бөгетті бекітіп тастаған, бері өтпей жатыр. Бұлан каналы да қосылған жоқ. Өзекті бойлап қанша шаруа отыр. Ескелді мен Қаратал ауданының қожалықтары да судың кесірінен қажып бітті. Айналайын, ең құрамағанда шөптікке су жіберсе екен. Биыл қыста бір мая (урлон) шөпті 15 мыңнан сатып алдық, - дейді Н. Құрманғалиев.

Оның айтуынша, былтыр Қызылағаш су қоймасы толған уақытта Егінсуға су жіберген. Соның әсерінен ауыл іргесіне шөп шығып, малға біраз жайылым болған екен. Оның өзінде су қоймасы тасып кетер деген қауіппен ғана жіберсе керек. Биыл да солай істесе игі. Әйтпесе уақ жанға обал болғалы тұр.

Түрксіб теміржолының бойында қатар орналасқан "Егінсу" және "Екінші разъезд" немесе "Құмтөбе" деп аталатын шағын ғана разъездерде жолаушы пойыздар небәрі 1-2 минут қана тоқтайды. Сол минуттардың өзі осы мекенді өркениетпен жалғастыруға жеткілікті болып отыр. Өйткені құмдағы ауылдың тіршілігі толассыз теміржол бойындағы тіршілікпен ұштасып жатады. Пойыздың терезесінен қарап тұрған бейтарап жолаушы "мұнда қандай тіршілік бар дейсің?" деп маңғазданса, пойыздан түскен осы ауылдың тұрғыны "қайран, менің ауылым!" деп, тынысын кең алып, ауылына қарай адымдап кете барар еді.

Егінсу жұрты су мәселесін көтеріп жатыр

Әуелде теміржолын қазақтың сайын даласы арқылы жүргізуде алыстағы құмды ауылдардың тіршілігін жандандыру саясатын алға қойған қазақтың біртуар теміржол инженері Мұхаметжан Тынышпаевтың көрегендігіне бас имейтін қазақ жоқ болар. Сол көрегендіктің жемісін көріп отырған бүгінгі шалғайдағы ауылдардың тіршілігі соның айқын дәлелі. Сондай мақсатпен салынған Егінсу теміржол бекетінің іргесі 1930 жылы Түрксіб теміржолы құрылған кезде қаланған. Сібірден ағаш тасылып, жұмысшылар станция кеңсесі, 3 жатақ үй, су жинайтын мұнара салынады. 1929 жылы қамыс зауыты құрылып, ол 1937 жылға дейін жұмыс істеген. Директоры – елге танымал іскер азамат Керімқұл Есеболатов болған.

Станция басындағы теміржолшылардың бірнеше үйлерін қоспағанның өзінде әкімшілік-аумақтық жағынан Ақсу ауданына қарасты Егінсу ауылдық округіне Егінсу елдімекені, Құмтөбе разъезі кіреді. Бүгінде тұрғындардың саны 600-ден астам. Ауылдық округ әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, тұрғындардың ішінде зейнеткерлер саны– 86 адам, "Алтын алқа" иегері – 8, "Күміс алқаға" иегері – 10 ана бар, 8 тыл еңбеккері тұрып жатыр. Округте 50-ге жуық шаруа қожалықтары мал шаруашылығымен айналысады.

Ауылда Егінсу орта мектебі, "Күншуақ" балабақшасы, фельдшерлік пункт, ауылдық кітапхана, пошта байланыс бөлмесі, учаскелік полиция пункті, ауылдық мешіт, ауызсу мекемесі, ПЧ-44, ВЧД-25, СЧ, ЧЧ теміржол мекемелері жұмыс істейді. Ермек, Амина сауда дүкендері халыққа қызмет етеді. Шағын елдімекенге қажетті қызмет түрлері баршылық деуге болады. "Мен өскен алтын бесік Егінсуым, Қай ақын мақтамайды жердің нуын" дегендей, төрт түлік малға жайлы, шөбі мен суының молдығынан "Егінсу" деп аталса керек, - дейді Егінсу ауылдық округінің бас маманы Тоғжан Ерболғанова.

625 орынды мектепте 122 бала оқиды

Егінсу ауылында 1946 жылы №13 теміржол бастауыш мектебі ашылады. Алғаш ашылған сәтте мектептің директоры Тайжүніс Көкішев, мұғалімі Сүлеймен Бектеміров болады. 1954-1955 жылдары жетіжылдық, 1958-1959 жылдары оқу жылында сегізжылдық мектеп болып қалыптасады. Сол жылдары білім ордасына Бойбол Нұрпейісов басшылық етеді. 1964-1965 оқу жылында мектеп жанынан 50 орындық интернат ашылады. Интернат басшысы болып Сүлеймен Бектеміров тағайындалады. Осы жылдары мектепті 16 бала алтынға, 13 бала күміс медальға бітіреді.

Егінсу жұрты су мәселесін көтеріп жатыр

Кеңес идеологиясына сай 1965 -1966 оқу жылында мектептің атауы Н.К. Крупская атындағы орта мектеп болып өзгереді. 1971-1979 жылдары интернат басшысы болып Қ.Н. Бектемирова істейді. 1980 жылы интернаттың көлемі ұлғайып, бала саны 120-ға дейін артып, қосымша интернат ашылды. Осы уақытта интернат басшысы болып Тұрсынай Бектемірова келеді. 1985 жылы тоқырауға байланысты интернат жабылады. 1964-1965 жылғы мектептің алғашқы түлектері Тұрсанов А., Акбаев Н., Смайлова А., Утетлеуов С., Лаубаев Д., Барысов К., Даутбекова А., Смағұлов А., Іскенбаев Т. Бұлардың дені елге танымал азаматтар. Бертін келе 1985 жылы "Егінсу орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің іргетасы қаланып, пайдалануға берілді. Бүгінде білім ордасынан мыңдаған шәкірт түлеп ұшты, - дейді мектеп директоры Талап Базаров.

Бүгінде аталған білім ордасында жүзден астам бала оқиды. Негізгі сыйымдылығы 625 оқушыға арналған. Жылдан жылға бала саны азайып бара жатыр. Себебі ауылда жұмыс жоқ. Көбі қаладан қайтқысы келмейді. Білім мекемесі 2010 жылы күрделі жөндеуден өтіп, материалдық техникалық базасы жаңартылады. Жаңа заманға сай ақпараттық технологиялармен жұмыс жүргізуге мүмкіндік зор. Интернет желісіне қосылған 1 мультимедиалық кабинет, 1 лингафонды кабинет, химия-физика кабинеттері лабороториямен, оған қоса асханасы да жаңа құралдармен жабдықталған. Мектеп спорт залы бұқаралық спортты дамытуда үлкен рөл атқарып отыр. Бүгінде балалар облыстық, республикалық білім, спорт сайыстарында топ жарып келеді.

Шаруашылықтың тарихына көз салсақ, 1946-1956 жылдары Қытайдан Қорғас кедені арқылы Егінсуға қойлар әкелініп, осы жерден эшалондарға тиеліп, Семейдегі ет комбинатына жіберіліп отырған. Қытайдан қой алу тоқтаған соң 1956 жылдан бастап бөлімше мал азығын дайындаумен айналысып, Байкал жағалауы аймағындағы Мәскеуге қарайтын кеңшарларға тиелген шөптерді вагонға тиеп жіберіп тұрған.

Егінсу жұрты су мәселесін көтеріп жатыр

1976 жылы Мәскеудің "Скотоим-порт" бірлестігінің бұйрығымен Егінсу ауылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігіне беріледі. Сол уақыттан бастап Егінсу қой шаруашылығы совхозы болып аталды. Кеңшарда 180 бас қой, 200 бас ірі қара және 150 бас жылқы өсіріледі. 1983 жылы 30 мың бас қой-ешкі, бір мың бас ірі қара, 600 бас жылқы болды. Жұмысшылар саны 300-ге жетті. Үйлер салынып, ауыл көркейіп үлкейді. Ауылдың теміржолға жақын орналасуы шаруашылыққа қолайлы болды, - дейді теміржолшы Амантай Сегізбаев.

Түрксіб теміржолының іргетасын қаласқан алғашқы теміржолшылар Аманжол Каметаев, Әубәкір Рахимберлинов – Ленин және "Қызыл ту" ордендерімен, Былшық Тұрысбеков – Ленин орденімен марапатталған. Сейтқали Биболатов, Қалқай Серікбаев, Есіркеп Елшімбаев, Емберген Рыскелдинов, Сәрсембай Қуатов, Қасен Орақбаев, Садақбай Жақаев, Қанатбек Ошақбаев, Тұлымбай Толықбаев, Айт Смаилов, Шалқарбай Қалиев, Қабдолда Чардарбаев, Рамазан Тұрлыбеков т.б. зейнеткерлікке шыққанша теміржолда жемісті еңбек еткен екен.

Теміржолшылар ауылының тарихы тереңде

Жоғарыда айтқанымыздай, Егінсу елді мекенінің бір ермегі – Егінсу станциясы. Халықтың дені осы тарихы терең бекетте еңбек еткен. Тіпті әулетімен осы теміржолдан қанаттанған отбасылар бар. Шойынжолдың ауыр жұмысына қарамай, бала-шағаның қамы үшін қыстың аязы мен жаздың ыстығында аянбай еңбек еткен теміржолшылардың ерлігі көпке үлгі. Бүгінде аталған ауылды облыс көлемінде "Теміржолшылар ауылы" деп те атайды.

Егінсу жұрты су мәселесін көтеріп жатыр

"Қазақстан Темір жолы" ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының "Егінсу" теміржолмекемесінің байырғы теміржолшылары, еңбек ардагерлері Базарғали Утетляев, Берлікенов Мұхаметкәрім, Қожахметов Асылбек, Мұстафин Жапар, Мадығалиев Қожахан, Бейсембеков Дүйсембі, Жұмағалиев Хасен, Тілесов Бақыш, Молдағұмарова Ұлтай, Екейбаева Қатипа, Акишев Күнболат, Еменов Нұрмұхамет, Еменова Ментай, Ерболғанов Райхан, Есхожанов Алға, Бекенов Болат, Донсебаев Жағыпар, Қанғайбаева Мантай, Аденова Жамилә, Идрисова Рахия, Қондыбаев Сыбырайм, Эдуард Бейсетбаев, Утетляев Сайлаубек, Сегізбаев Жамантай, Акмолданов Сергей, т.б да абыройлы еңбектері үшін сый-сыяпатқа, ел құрметіне ие болса, 2010 жылы Қызылағаш су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарынан кейін төтенше жағдай уақытында аянбай еткені үшін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2010 жылғы 7 желтоқсандағы Жарлығы бойынша "Ерлігі үшін" медалімен станция бастығы Руслан Туменбаев марапатталды, - дейді Т.Ерболғанова.

Оның айтуынша, Қызылағаш су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарын жоюға белсене қатысқандары үшін "ҚТЖ" ҰҚ" АҚ-ның президенті Асқар Маминнің Алғыс хатымен ПЧ-44 мекемесінің теміржолшылары Мұрат Аденов, Марат Аденов, Ерлан Ерболғанов, Байкен Ерболғанов, Қуат Құсмолданов, Виктор Исаев, Ермек Бекенов, Болатхан Ахмолданов, Бауыржан Серікбаев, Дәулеткелген Бейсембеков, станция қызметкерлері Тұшпаров Қалқабек пен Нұрпейісова Нұргүл марапатталған. Кенжебай Берлікенов мен Амантай Сегізбаев "Қазақстан Темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ-ның "Кәсібі бойынша үздік" белгісіне ие болған екен.

Ауылда талай жылдан бері жұмыс істеп тұрған пошта да бар. Оның ғимараты 2010 жылы жаңадан салынып, қолданысқа берілмей қалған болатын. Бүгінде аудандық мәслихаттың бастамасымен "Туыңды тік туған жерге" атты акциясы негізінде аталған ауылдың беделді азаматы, тумасы Егімбай Жақаевтың демеушілігімен ғимараттың айналасы қоршалып, терезелеріне теміртор орнатылады. Одан бөлек ішіне жылыту жүйесі жаңадан салынып, еденіне кафель, линониум төселеді. Сонымен қатар кассалық бордёры орнатылып, ғимараттың іш-сыртына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінде пошта байланыс бөлімшесінің меңгерушісі болып Динара Қозыкенова қызмет атқарады.

Егінсудың байырғы халқының ешқайсысы көшкісі келмейді. Ата жұртты кім қиып тастап кетсін?! Ауыл азаматтары ескі ғимараттарды өз қаражатына жөндеп алып жатады. Егінсу ауылдық медициналық пунктінің нысаны 2010 жылғы Қызылағаш су қоймасы бөгеті бұзылу салдарынан қайта жаңғыртылып, мекеме барлық медициналық жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген. МП меңгерушісі болып Светлана Самбеталинова, медбике Назира Анықбаева, тазалықшы Шынар Дауренбекова халыққа қызмет көрсетуде, - дейді күміс алқа иегері, ақжаулықты әже Тілеубала Ахметова.

Егінсу жұрты су мәселесін көтеріп жатыр

Ауылдың жігіттері жылқы баптап, тазы жүгіртіп жүр. Талдықорған қаласына 80 шақырымдық жолда жатса да, ауылдың жайы аса мәз емес. Қыстағы қара суық кісіні алысқа ұзатпайды. Ал жаздағы аптап ыстық бақшаны шірітіп жібереді. Тіпті мектептің ауласы гүл екпейді екен. Себебі қарға миы қайнайтын ыстықта гүлдің солып қалатыны анық. Ал сол табиғатқа шыдас беріп, ауылдың түтінін сөндірмей отырған ағайынға қалайша риза болмайсыз! Суармалы жер емес, малдың қамы үшін шөптікке ғана су сұрап отыр. "Басқа ештеңе қажет емес" дейді.

Өзгелердің жаңалығы