Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық музейде «Egemen Qazaqstan» газетінің «Жүз жылдық жылнама» атты көрмесі ашылды.
Көрменің ашылу салтанатына ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, басылым басшылары, қызметкерлері мен ардагер журналистер қатысты.
«Egemen Qazaqstan республикалық газеті АҚ» басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің айтуынша, көрмеде газет тарихынан сыр шертетін қызықты жәдігерлер ұсынылған. Аталған іс-шара «Музейлер түні» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр.
«Көпшілік назарына газеттің бір ғасыр ішіндегі нұсқалары ұсынылды. Сонымен қатар қонақтарымыз басылымға басшылық еткен тұлғалардың құнды дүниелерін, қолжазбаларын тамашалай алады. Бұдан бөлек көрмеге еліміздің ғасырлық деректі тарихын тасқа басқан газеттің ескі тігінділері, сол кездегі өндірісі туралы хабар беретін жәдігерлер, газет редакциясынан жарық көрген кітаптар, басылымның түрлі жетістіктерін көрсететін құжаттар мен марапаттар сынды көптеген дүниелер қойылып отыр», - деді Дархан Қыдырәлі.
Бұған қоса бүгін елордада Egemen Qazaqstan газетінің 100 жылдығына орай жүз көшет отырғызылған болатын.
Атап өтсек, биыл еліміздің бас басылымы - Egemen Qazaqstan газетінің шыға бастағанына бір ғасыр толып отыр. 1919 жылдың 17 желтоқсанында Орынбор қаласында «Ұшқын» деген атпен алғаш рет жарық көрген басылым жүз жылдың ішінде бірнеше мәрте атын өзгерткен. Газет 1920 жылы «Еңбек туы», 1921 жылы «Еңбекші қазақ», 1922 жылы «Еңбекшіл қазақ», 1932 жылы «Социалды Қазақстан», 1937 жылы «Социалистік Қазақстан», 1991 жылы «Егеменді Қазақстан» деген атаулармен жарық көрді. 1993 жылдан бастап басылым «Егемен Қазақстан» атауына ие болды. Басылымда өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов, Жанайдар Сәдуақасов тәрізді ұлт қайраткерлері басшылық қызмет атқарды. Кейін КСРО ыдырайтын тұста және Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған соң басылымды Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижан, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахманов тәрізді қайраткер азаматтар басқарды. Газетте Міржақып Дулатов, Қаныш Сәтбаев, Ақселеу Сейдімбек сынды ұлт қайраткерлерінің мақалалары жарияланып тұрды.
Басылымның мерейтойына арналған кешенді шаралар жыл аяғына дейін жалғасады. Олар еліміздің түрлі аймақтарында биыл қаңтар айынан басталған. Мәселен, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында газеттің 100 жылдығына арналған салтанатты шаралар мен кездесулер ұйымдастырылған.