ЕЭО туралы заң жобасында еңбек шарттары нақтыланады – сенатор

29 Қыркүйек 2022, 10:44
1101
Бөлісу:
ЕЭО туралы заң жобасында еңбек шарттары нақтыланады – сенатор

Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында сенатор Дәурен Әділбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Еуразиялық экономикалық комиссия – Еуразиялық экономикалық одақтың тұрақты жұмыс істейтін реттеуші органы. Комиссия алқасы мүшелерінің, комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің еңбек құқықтық қатынастары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартпен және комиссия болатын елдің заңнамасымен реттеледі. Қаралып отырған заң жобасында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа комиссияның кадрлық құрамын қалыптастыру тетігін жетілдіру бөлігінде өзгерістер ұсынылады. Бүгінгі күні Комиссияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің жұмыс кезеңі комиссия алқасының кезекті құрамының жұмыс кезеңіне байланысты емес. Сондықтан ұсынылған өзгерістер арқылы лауазымды тұлғалармен де, комиссия қызметкерлерімен де еңбек шарттарының мерзімі нақтыланады, - деп атап өтті депутат. 

Сонымен қатар ол енгізілетін өзгерістерге тоқталды. 

Комиссия департаменттерінің директорларымен және олардың орынбасарларымен жасалған еңбек келісімшарттарының мерзімдері шектеулі және комиссия алқасының жұмыс мерзімінен аспайды. Сондай-ақ оларды ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс істеп жүрген лауазымды тұлғалардың еңбек шарттарында көзделген мерзімдер өткенге дейін қызметтік міндеттерін орындауға мүмкіндік беретін өтпелі ережелер де бар. Іріктеу қажет болған жағдайда, комиссия мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген ұлттық біліктілік іріктеу нәтижелерін ескереді, - деді Дәурен Әділбеков.  

Еске сала кетейік, Сенаттың бүгінгі отырысында Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Конституцияның 61-бабының 4-тармағына сәйкес «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасын қабылдау ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы