ЕАЭО турбулентті кезеңде: Қазақстан үшін қандай сын-қатерлер мен мүмкіндіктер бар?

Сарапшының пікірінше, Қазақстан ЕАЭО аясындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, экономикалық дербестігін сақтап қалуы тиіс.

Бүгiн 2026, 09:50
АВТОР
 eec.eaeunion.org Бүгiн 2026, 09:50
Бүгiн 2026, 09:50
201
Фото: eec.eaeunion.org

Санкциялық қысымның күшеюі, жаһандық сауда жүйесінің қайта құрылуы және геосаяси белгісіздіктің артуы жағдайында Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы стратегиясын жаңа жағдайларға бейімдеуге мәжбүр. Ортақ нарық пен интеграциялық тетіктер сақталғанымен, одақ ішінде отандық өндірушілер мен экспорттаушылардың мүддесіне әсер ететін жүйелі мәселелер әлі де бар. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне саясаттанушы Замир Қаражанов айтып берді.

Сарапшының айтуынша, 2022 жылдан кейін ЕАЭО-дағы жағдай түбегейлі өзгермегенімен, алаңдаушылық тудыратын бірқатар үрдіс байқалады. Соның ішінде Қазақстан мен одаққа мүше елдер арасындағы сауда бағыттары өзгерген.

2022 жылдан кейін тауар айналымының белгілі бір деңгейде төмендеуі байқалды. Бұл, негізінен, Ресейден келетін импорт көлемінің қысқаруына байланысты болды. Қазақстан ресейлік өнімдерді бұрынғыдан аз сатып ала бастады. Көлемнің азаюына қарамастан, бұл үрдіс Қазақстан үшін бастапқыда оң нәтиже берді. Себебі көрші елмен арадағы саудада импорттың басымдығы байқалып, теңгерімсіздік қалыптасқан еді, - деді Қаражанов.

Алайда 2025 жылы жағдай өзгерген

Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты 8,3 пайызға қысқарып, 10,1 млрд долларды құрады. Ал одақ елдерінен келетін импорт 4,4 пайызға өсіп, 20,8 млрд долларға жетті. Нәтижесінде импорт көлемі экспорттан екі еседен астам артып, бұл жағдай сарапшының пікірінше алаңдатарлық белгіге айналған.

Санкциялар мен валюталық тәуекелдер әсерін сақтап отыр

Саясаттанушы Ресей рублінің тұрақсыздығы да негізгі тәуекелдердің бірі болып қала беретінін айтты. Оның пікірінше, халықаралық санкциялардың күшеюі ресейлік валютаның бағамын болжауды қиындатқан. Бұл өз кезегінде сауда операцияларының тұрақтылығына әсер етіп, бизнес үшін белгісіздікті арттырады.

Сонымен қатар Қазақстан екінші деңгейлі санкциялар қаупін ескеріп, халықаралық талаптарды сақтауға тырысып келеді.

Неліктен ЕАЭО реформаны қажет етеді?

Қаражанов ЕАЭО-ның Қазақстанның экономикалық мүдделерін қорғаудағы тиімділігіне тоқталып, интеграциялық тетіктер іс жүзінде толыққанды жұмыс істемей отырғанын айтты.

ЕАЭО еркін сауда мен ортақ нарық қағидатына негізделген. Алайда тәжірибеде интеграцияның тиімділігін төмендететін жүйелі кедергілер сақталып отыр. Қазақстандық өндірушілер экспорт кезінде түрлі шектеулерге тап болады, ал елдің өзі сауда теңгерімсіздігін сезініп келеді. Бұл одақты реформалау қажеттігінің пісіп-жетілгенін көрсетеді, - деді сарапшы.

Оның пікірінше, алдағы жылдары әлемдік экономика жаһанданудан гөрі ірі макроөңірлерге бірігу бағытына бет алады.

Мұндай жағдайда ЕАЭО-ның болашағы көп жағдайда Ресей төңірегіндегі ахуалға байланысты болмақ. Өйткені Ресей – одақтың негізгі қатысушысы. Ресей экономикасына жасалған санкциялық қысым бүкіл бірлестікке әсер етіп, Қазақстан үшін жаңа тәуекелдермен қатар, өзгеріп жатқан нарықтарда жаңа мүмкіндіктер де қалыптастырады.

Транзиттік әлеует бар, бірақ бағыттар өзгеріп жатыр

Сарапшы Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктеріне де тоқталды. Оның айтуынша, елдің географиялық орналасуы қолайлы болғанымен, қазіргі таңда бірқатар сыртқы фактор бұл әлеуетті толық пайдалануға кедергі келтіруде.

Халықаралық санкциялар Ресей аумағы арқылы өтетін жүк тасымалына елеулі ықпал етті. Кейбір тауар түрлеріне енгізілген шектеулер дәстүрлі бағыттардың бұрынғыдай жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр. Соның салдарынан нарық қатысушылары балама логистикалық бағыттарды іздеп, көлік дәліздерін әртараптандыруға мәжбүр.

Көпвекторлы саясат пен ЕАЭО мүшелігі бір-біріне қайшы емес

Қаражанов Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты мен ЕАЭО-ға мүшелігі арасында ешқандай қайшылық жоқ екенін айтты.

Біріншіден, бұл – саяси емес, экономикалық одақ. Екіншіден, сыртқы саясат бағытын таңдау – әр мемлекеттің ішкі ісі әрі егемен құқығы. Үшіншіден, мұны ЕАЭО-ға мүше басқа елдердің ұстанымы да көрсетіп отыр, – деді ол.

Орталық Азия елдерінің Қытаймен, Ресеймен, Еуропалық одақпен немесе АҚШ-пен қарым-қатынасына тоқталған сарапшы өңір мемлекеттері бұл елдерге тәуелді емес екенін атап өтті.

Оның айтуынша, әр мемлекет өз ұлттық мүддесіне сай серіктестік бағыттарын дербес айқындайды. Ал негізгі қауіп сыртқы серіктестердің өзінен емес, логистикаға, инфрақұрылымға және негізгі өткізу нарықтарына әсер ететін геосаяси тұрақсыздықтан туындайды.

Сонымен қатар қазіргі жағдай Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер де ашып отыр. Әлемде мұнай мен сирек кездесетін металдарға сұраныстың артуы елге деген қызығушылықты күшейтіп, сыртқы нарықтардағы мүмкіндіктерді кеңейте түсуде.

Дегенмен Еуропа мен Қытай экономикасының баяулауы сияқты тәуекелдер де сақталып отыр. Бұл елдер қазақстандық өнімнің негізгі тұтынушылары саналады. Сондықтан аталған нарықтардағы іскерлік белсенділіктің төмендеуі экспорт көлеміне әсер етуі мүмкін.

Алдағы 5-10 жылдағы Қазақстанның ЕАЭО аясындағы стратегиясына қатысты Қаражанов басты қағида экономикалық прагматизм болуы керек деп есептейді.

Ұлттық экономика үнемі дамып отырады және алдағы кезеңде ішкі жалпы өнім көлемін арттыру міндеті тұр. Сондықтан Қазақстан интеграциялық бірлестік аясында өндірісті әртараптандыруға және отандық өндірушілердің ЕАЭО нарығына шығуына бағытталған өз мүдделерін табанды түрде қорғауы қажет. Экономиканың өсуін тежейтін кез келген кедергі, жасанды шектеу немесе реттеуші тосқауыл мемлекетаралық диалог арқылы жүйелі түрде жойылуы тиіс, – деді саясаттанушы.

Осылайша, сарапшының пікірінше, Қазақстанның ЕАЭО-дағы қатысуының тиімділігі ең алдымен одақтың тең сауда жағдайын қамтамасыз етуіне, қолданыстағы кедергілерді жоюына және ұлттық экономиканың дамуына қосымша мүмкіндік жасауына байланысты болмақ.

Тағы оқи отырыңыз: Путин сапары, ЕАЭО және АЭС: Астанада қандай келісімдер жасалды? 

Наверх