ЕАЭО Қазақстан үшін мүмкіндік пе, әлде тәуекел ме? Сарапшы жауап берді

Экономист ЕАЭО-дағы басты қауіпті атады.

 кейіпкердің жеке мұрағаты Бүгiн 2026, 10:00
Бүгiн 2026, 10:00
494
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Қазақстан үшін Еуразиялық экономикалық одақ – тек саяси формат емес, нақты экономикалық тетіктері бар жұмыс істеп тұрған нарық. Алайда оның тиімділігі елдің бұл мүмкіндікті қалай пайдалануына байланысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Ғали Дінмұхаммед Әзімбайұлының айтуынша, ЕАЭО-ны тек «пайда» немесе тек «тәуекел» деп бағалау дұрыс емес.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан үшін бұл – жұмыс істеп тұрған, бірақ әлеуеті әлі толық пайдаланылмаған экономикалық құрал.

ЕАЭО-ның басқа өңірлік форматтардан басты айырмашылығы – мұнда тек саяси диалог емес, нақты экономикалық тетіктер бар. Атап айтқанда, кедендік реттеу, техникалық регламенттер, нарыққа кіру ережелері, еңбек мобильдігі және Еуразиялық экономикалық комиссия жұмыс істейді, – деді ол.

Ғали Дінмұхаммедтің сөзінше, Одақтың негізгі құндылығы төрт еркіндік қағидатында жатыр. Олар – тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы.

Сарапшы бұл қағидаттар толық іске асса, бизнес үлкен нарыққа шығып, жұмысшылар үшін жаңа мүмкіндік ашылатынын, капитал үшін инвестициялық бағыттар көбейетінін атап өтті.

Қазақстан үшін бұл Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения нарығына шығу деген сөз. Жалпы алғанда, бұл – 180 миллион адамнан асатын нарық. Сондықтан ЕАЭО Қазақстан үшін саяси құрылым ретінде емес, күнделікті сауда, логистика, сертификаттау және нарыққа кіру рәсімдері арқылы жұмыс істейтін практикалық экономикалық механизм ретінде маңызды, – деді профессор.

Қазақстан ЕАЭО нарығын толық пайдаланып отыр ма?

Сарапшының айтуынша, Одақтың басты әлсіз тұсы – Қазақстан бұл нарықты әзірге толық пайдаланып отырған жоқ.

2025 жылы Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 30,9 млрд доллар болды. Оның ішінде экспорт 10,1 млрд долларды, импорт 20,8 млрд долларды құрады. Яғни сауда тапшылығы шамамен 10,7 млрд долларға жеткен.

Қорытынды қарапайым: ЕАЭО Қазақстан үшін пайдалы. Бірақ оның тиімділігі біздің бұл нарықты қалай пайдаланатынымызға байланысты. Қазір басты міндет – оны импорт көзі ретінде ғана емес, қазақстандық өнімді өткізу мүмкіндігі ретінде пайдалану, – деді Ғали Дінмұхаммед.

Оның айтуынша, ЕАЭО жақтастарының басты аргументі – нарықтың кеңеюі.

Қазақстанның ішкі нарығы салыстырмалы түрде шағын. Сондықтан отандық бизнеске кеңірек өткізу нарығы қажет. Бұл әсіресе өнеркәсіп үшін маңызды.

Ірі зауыттарды, машина жасау жобаларын, құрылыс материалдары, азық-түлік, химия немесе фармацевтика өндірісін тек ішкі сұранысқа сүйеніп дамыту қиын. Бизнеске түсінікті әрі үлкен өткізу нарығы керек. ЕАЭО осындай мүмкіндік береді, – деді сарапшы.

Одақ бизнеске қандай мүмкіндік береді?

Ғали Дінмұхаммед ЕАЭО-ның бірнеше негізгі артықшылығын атады.

Біріншіден, Одақ ішінде техникалық талаптар бірдей немесе жақын болғандықтан, өнімді сертификаттау жеңілдейді. Бұл бизнес шығынын азайтып, қағазбастылықты қысқартады.

Екіншіден, еңбек мобильдігі артады. ЕАЭО елдерінің азаматтарына Одақ ішінде жұмыс істеу жеңіл. Жеке рұқсаттар мен квоталар қажет емес, еңбек және әлеуметтік мәселелерді рәсімдеу оңайырақ.

Үшіншіден, өндірістік кооперацияға жол ашылады. Бір ел шикізат немесе бөлшек жеткізсе, екіншісі құрастырады, үшіншісі логистикамен немесе өткізу нарығымен қамтамасыз ете алады.

Қазақстан үшін бұл әсіресе машина жасау, агроөнеркәсіп, химия, металлургия және көлік салаларында маңызды, – деді ол.

Сондай-ақ сарапшы логистика мен транзит мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, теңізге тікелей шыға алмайтын Қазақстан үшін келісілген көлік саясаты тасымал шығынын азайтып, елдің транзиттік әлеуетін күшейте алады.

Санкциялар ЕАЭО-ның рөлін өзгертті ме?

Ғали Дінмұхаммед Ресей мен Беларуське қарсы санкциялар ЕАЭО үшін үлкен тәуекел тудырғанын, бірақ сонымен бірге Одақтың практикалық маңызын арттырғанын айтты.

Ең бастысы – ең ауыр қауіп расталған жоқ. Яғни ЕАЭО-ға мүше болғаны үшін Қазақстанға, Қырғызстанға немесе Арменияға автоматты түрде елдік немесе салалық санкциялар салынған жоқ. АҚШ пен Еуропалық одақ Қазақстанға қарсы толыққанды елдік немесе салалық санкциялар енгізбеді, – деді сарапшы.

Алайда оның айтуынша, санкциялық тәуекел мүлде жоқ деп айтуға болмайды. Аймақтағы кейбір компаниялар, банктер және делдал құрылымдар бойынша жеке шектеулер болды. Сондықтан бұл мәселе енді сауданың ашықтығына, тауарлардың қайта экспортын бақылауға және заң талаптарын қатаң сақтауға тікелей байланысты.

Сарапшы 2022 жылдан кейін ЕАЭО елдері белгілі бір деңгейде экономикалық «жұмсартқыш» рөлін атқарғанын атап өтті. Логистикалық бағыттар өзгеріп, Ресей нарығы тарапынан сұраныс артты, параллель импорттың рөлі күшейді.

Бұл әсер бірнеше бағытта байқалған. Біріншіден, сауда ағындары қайта құрылды. Ортақ кедендік кеңістік жеткізу бағыттарын тезірек бейімдеуге және жаңа транзиттік дәліздерді дамытуға мүмкіндік берді. Оның ішінде Қазақстан, Кавказ, Орталық Азия және Транскаспий бағытының маңызы артты.

Екіншіден, бизнес пен капиталдың қозғалысы күшейді. Компаниялар мен мамандардың бір бөлігінің басқа елдерге көшуі Қазақстан, Армения және Қырғызстанда қызмет көрсету, IT, сауда, логистика және жекелеген өндірістік жобаларға қосымша серпін берді.

Үшіншіден, қаржылық есеп айырысу өзгерді. ЕАЭО ішінде ұлттық валюталармен есеп айырысудың рөлі артты. Бұл сыртқы төлем арналарына тәуелділікті азайтты. Бірақ сонымен қатар валюта бағамын және ақша-несие саясатын мұқият жүргізуді талап етті.

Санкциялар ЕАЭО-ны әлсіреткен жоқ, керісінше оны жаңа жағдайға бейімделу арнасы ретінде маңыздырақ етті. Бірақ Қазақстан үшін бұл оңай пайда емес. Бұл – жоғары жауапкершілік аймағы. Мүмкіндік бар, бірақ оны ашық, сақ және заң талаптарын қатаң сақтай отырып пайдалану қажет, – деді Ғали Дінмұхаммед.

Қай салалар көбірек пайда көре алады?

Сарапшының айтуынша, ЕАЭО-дан ең көп пайда көретін салалар – жақын нарыққа, ортақ талаптарға және көрші елдердегі тұрақты сұранысқа мұқтаж бағыттар.

Оның ішінде бірінші кезекте машина жасау саласы аталады. 2026 жылғы қаңтар-сәуірде бұл сала 23,3%-ға өскен. Өсім көлік құралдары, ауыл шаруашылығы техникасы, теміржол техникасы және электр тауарлары өндірісі есебінен болған.

Мұндай өнімдер үшін ЕАЭО нарығы маңызды, себебі логистика жақын, техникалық талаптар түсінікті, ал көрші елдерде сұраныс бар, – деді сарапшы.

Екінші бағыт – жеңіл өнеркәсіп. Бұл салада өсім 2,3 есе болған. Егер техникалық және әкімшілік кедергілер азайса, ЕАЭО нарығы қазақстандық жеңіл өнеркәсіп өнімдері үшін жақсы өткізу арнасына айналуы мүмкін.

Үшінші бағыт – жиһаз өндірісі. Бұл сала 41,7%-ға өскен. Жиһазды алысқа тасымалдау қымбат болғандықтан, көрші ЕАЭО елдері қазақстандық өндірушілер үшін ыңғайлы нарық бола алады.

Төртінші бағыт – фармацевтика. Бұл салада өсім 35,2% болған. Мұнда ортақ талаптар, құжаттарды өзара мойындау және тұрақты ережелер маңызды.

Бесінші бағыт – химия өнеркәсібі. Бұл сала 18,4%-ға өскен. Алтыншы бағыт – азық-түлік өндірісі. Бұл салада өсім 14,4% болған.

Сарапшының айтуынша, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері, өсімдік майы, ұн, ет және сүт өнімдері көрші нарықтарда тұрақты сұранысқа ие болуы мүмкін.

ЕАЭО Қазақстан үшін 2026 жылғы қаңтар-сәуірде байқалған өнеркәсіптік өсімді нақты экспорттық табысқа айналдыратын нарық бола алады. Бірақ ол үшін қазақстандық өнімдер Одақ нарығына жасырын шектеулерсіз, күтпеген техникалық кедергілерсіз және артық әкімшілік тосқауылдарсыз өтуі керек, – деді ол.

Сауда тапшылығы неге сақталып отыр?

Ғали Дінмұхаммед Қазақстанның ЕАЭО елдерімен саудасында тапшылық сақталып отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл сауда құрылымының әзірге Қазақстанның пайдасына толық жұмыс істемей отырғанын көрсетеді.

2025 жылы Қазақстанның ЕАЭО елдерінен импорты 20,8 млрд доллар болса, экспорты 10,1 млрд долларды құраған. Яғни импорт экспорттан екі есеге жуық көп.

Қазіргі жағдайда ЕАЭО Қазақстан үшін көбіне тауар жеткізетін нарық ретінде жұмыс істеп тұр. Ал Қазақстанның өз өңделген өнімдерін осы нарыққа шығару мүмкіндігі әлі толық пайдаланылмай отыр, – деді сарапшы.

Ол жалпы импорт көлемімен қатар нақты тауарларға да назар аудару қажет екенін айтты. Бір қарағанда, Ресейге тәуелділік аздап төмендегендей көрінеді. Қазақстанның жалпы импортындағы Ресейдің үлесі 2024 жылы 30,8% болса, 2025 жылы 29,7%-ға дейін төмендеген.

Алайда Ресей шешуші рөл атқаратын топ-20 тауар бойынша жағдай басқаша. Бұл тауарлар бойынша импорт көлемі 4,76 млрд доллардан 5,68 млрд долларға дейін өскен. Ал Ресейдің үлесі 89,6%-дан 90,8%-ға дейін көтерілген.

Бұл жалпы әртараптандыру жүріп жатқанымен, кейбір маңызды тауарлар бойынша Қазақстан әлі де бір жеткізушіге қатты тәуелді екенін көрсетеді. Энергетика, өнеркәсіп және тұтыну тауарларының жекелеген түрлері бойынша Ресейдің үлесі 80-100% деңгейіне дейін жетеді. Бұл енді жай ғана сауда емес, энергетика жүйесінің, өнеркәсіптің, құрылыстың және ішкі нарықтың тұрақтылығы мәселесі, – деді Ғали Дінмұхаммед.

Сарапшы Ресеймен сауда жасаудың өзі мәселе емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, география, ЕАЭО, логистика және өндірістік байланыстар Ресейді Қазақстан үшін табиғи әрі маңызды серіктес етеді. Негізгі мәселе – кейбір тауарлар бойынша балама жеткізушілердің аз болуы.

2022 жылдан кейін Қазақстанның сыртқы саудасы біртіндеп қайта теңгеріле бастаған. Ресей әлі де маңызды серіктес болып қала береді. Бірақ Қытайдың рөлі өсіп келеді. 2025 жылы Қытай Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 23,7%-ын иеленсе, Ресейдің үлесі 19%-ға дейін төмендеген.

Бұл Ресей бағытынан бас тарту деген сөз емес. Бұл – прагматикалық әртараптандыру. Қазақстан Ресеймен байланысын сақтай отырып, Қытаймен және басқа бағыттармен сауданы, инвестицияны, жабдық импортын және транзитті кеңейтіп жатыр, – деді сарапшы.

ЕАЭО үшінші нарықтарға жол аша ала ма?

Ғали Дінмұхаммедтің айтуынша, ЕАЭО Қазақстан үшін үшінші нарықтарға шығатын қосымша сауда арнасына айнала алады.

Одақ сыртқы елдермен еркін сауда және экономикалық әріптестік туралы келісімдер жасап келеді. Бұл Қазақстан үшін Иран, Вьетнам, Сербия, Моңғолия, БАӘ, Индонезия және басқа да елдердің нарығына шығуға қосымша мүмкіндік беруі мүмкін.

Қазақстан бұл бағыттар арқылы астық, ұн, өсімдік майы, ет өнімдері, ферроқорытпа, металлургия өнімдері, химиялық өнімдер, тыңайтқыштар және кейбір өнеркәсіп тауарларын ілгерілете алады.

Алайда сарапшы ЕАЭО-ның сыртқы келісімдері Қазақстанға автоматты түрде пайда әкелмейтінін ескертті.

Егер біздің кәсіпорындар баға, сапа, логистика және құжат рәсімдеу жағынан дайын болмаса, бұл мүмкіндікті Одақтағы басқа бәсекеге қабілетті өндірушілер пайдаланып кетуі мүмкін, – деді ол.

Сарапшының қорытындылауынша, Қазақстан үшін ЕАЭО-ның пайдасы оның өздігінен өмір сүруінде емес, елдің осы нарықтағы орнын күшейте алуында.

Қазақстанға бір нарыққа жалпы тәуелділікті ғана емес, нақты маңызды тауарлар бойынша тәуелділікті де азайту қажет. Егер бір жеткізушінің үлесі кейбір тауарларда 80-100% болса, бұл саяси мәселе емес, экономикалық тұрақтылық мәселесі, – деді Ғали Дінмұхаммед.

Наверх