Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы Қазақстан футболының жаңалығының бірі – ЕАЭО елдерінің ойыншылары елімізде легионер болып саналмайтыны. Сондықтан кейбір клубтар премьер-лиганың алғашқы турында 1-2 жергілікті ойыншыларды ғана алаңға шығарды.
Бұл одаққа Армения, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Қазақстан кіреді. Премьер-лигада дәл қазір осындай статуспен 36 ойыншы жүр: 19 ресейлік, 11 беларусь, 5 армян, 1 қырғыз футболшысы бар. Әрбір команда орташа есеппен 3 ЕАЭО елдерінің футболшыларын тіркеген. Ең көбісісі – "Жетісу" мен "Қызыл-Жарда" (5 футболшыдан), ең азы "Ордабасы" мен "Қайсарда" (1 футболшыдан).
Мысалы, премьер-лиганың бірінші турында Қызылорданың "Қайсары" мен Керекудің "Ертіс" клубы кездесті. Қонақтар сапында отандастарымыздан негізгі құрамға жалғыз қазақстандық неміс ұлтының өкілі Дмитрий Шмидт ойнады. Сосын матчтың соңына қарай, Арман Нүсіп пен Тимур Байжанов ойынға араласты. "Ертіс" 6 легионерден бөлек, ЕАЭО елінің 4 футболшысына сенім артты. Соның өзінде қарсыласқа есе жіберді.
Осы ретте ардагер футболшы, былтырғы маусымда "Қызыл-Жармен" бірінші лигада бапкер ретінде чемпион атанған Әли Әлиевтің пікіріне назар аударсақ.
– Жақында Қазақстан футбол федерациясының атқару кеңесінң отырысы өтіп, 30 жастан асқан шетелдік ойыншыларды екінші айналымда қосуға мүмкіндік берілді. Бұған қалай қарайсыз?
– Бұл Қазақстан футболы үшін тағы бір минус. Алғашқысы, ЕАЭО елдерінің ойыншыларын легионер болып саналмайды деп шешім қабылдау. Бұрын клубтар тырысып, 30 жасқа дейінгі легионерлерді іздейтін. Енді, 36-37 жастағы футболшыларды ала беруге болады. Командалардың бәрі бірдей Тошичтің деңгейіндегі ойыншыны шақыра алмайды ғой. Сондықтан біздің қазақстандық ойыншыларға өте ауыр жүк болып тұр деп санаймын. Өкінішке қарай, мұқият қарасаңыз, екінші сортты легионерлер көбейген. Олар чемпионаттың көркін қыздыра алмайды. Өз елдерінде бұл жақтағыдай ақша таба алмайды, жай ғана жақсы келісімшарт үшін келгендер. Менің түсінігімде, легионер жергілікті ойыншыдан бір бас жоғары, барлығына үлгі болуы тиіс.
Ұлттық құрама ойыншылары әлі де клубтарында ойнар, ал жастар құрамасының ойыншыларына обал. Бұрынғыдай ойын тәжірибесі болмайды. Орталық қорғаушылардың барлығы – легионерлер. Тек "Астанадағы" Михал Билекте осы елдің азаматтығын алған екі футболшы бар: Сергей Малый мен Евгений Постников. Олардың да деңгейлері бұрынғыдай емес. Енді орталық қорғаушылардан ұлттық құрамада ойнауға жарайтын Темірлан Ерланов ("Тобыл"), Олжас Керімжанов ("Жетісу") және Нұрәлі Әліп ("Қайрат") ғана қалып отыр. 18 миллион халқы бар ел үшін үш орталық қорғаушы тым аз. Егер олардың біреуіне бірдеңе болса, амалсыздан натурализация жасауға тура келеді. Ал жастар құрамасының ойыншыларында тәжірибе жоқ.
Енді осы шешімнің қаншалықты дұрыс болғанын ұлттық және жастар құрамасының ойындарынан байқай аламыз. Бір рет лимитчиктер туралы экспримент жасап, кейін одан бас тартқан едік.
– ЕАЭО елдерінің ойыншыларын легионер ретінде санамау, біздің футбол үшін минус па?
– Отандық футболдың жанашыры ретінде шынайы түрде қазақ футболы дамығанын қалаймын. Бұл шешімнің қаншалықты дұрыс екенін уақыт көрсетеді. Алғашқы турлардың нәтижесіне қарасам, ЕАЭО елдерінен келген ойыншылардың арасында таңқалдырған ешкім болмады. Бізде көбінесе, Ресейдің бірінші лигасынан келген. Армян футболшыларынан Мхитарян келмесі анық. Ал Тигран Барсегян онсызда былтыр "Қайсар" сапында өзің легионер ретінде көрсетіп үлгерген.
"Астана" сапында бұрыннан бері Иван Маевский жүр. Оның ойынынан ләззат алуға болады. Өкінішке қарай, чемпионатқа Ресейдің бірінші лигасынан көп ойыншы келіпті. Қазақстан премьер-лигасының деңгейі Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейдің бірінші лигасынан жоғары. Сондықтан төменгі лигалардан келген ойыншылар өздерің көрсете алмады. Біздің отандық ойыншыларды жалақыны көп алады деп сынайды. Футболда кәсіби тұрғыда 10 жыл, әрі кетсе 15 жыл ойнайды. Одан кейін карьерасын аяқтайды. Кейбірі тіпті мүгедек болып қалып жатады. Олар ешкімге керек емес. Егер осы аралықта бірдеңе табыс тауып, оны жинай алса, кейін сол ақшасымен отбасын, балаларын асырауына болады.
Біздің футболшыларға оңай емес. Өте нашар алаңда жаттығады, ойнайды. Содан кейін денсаулықтарын құртады.
– "Қайрат" сербиялық Зоран Тошичті қатарға қосқысы келді деген ақпарат тарады. Бірақ регалментке сәйкес, 30 жастан асып кеткендіктен келісімшарт жасай алмады.
Егер 30 жасқан асқан легионерлер Аршавин, Тошич, Тимощуктың деңгейінде болса, мен қос қолдап қолдаймын. Олар ҚПЛ клубтарының маркетингтік тұрғыдан дамуына мүмкіндік береді. Шетелдік БАҚ өкілдері Аршавин арқылы біздің чемпионатқа назар аударды. Ол өзі жақсы ойын көрсетті.
Қазақстан чемпионаты ТМД елдері арасында легионерлердің арқасында үшінші орында тұр. Бұл тұрғыда мемлекетке рахмет айту керек. Өйткені мемлекет қаржыландырып отыр. Футбол – әлеуметтік лифт. Еліміздің әрбір аймағында жанкүйер матч алдында әнұран айтады. Бизнестің бірде-бір секторы бес мыңды адам алаңға жинай алмайды. Әр түрлі салада жұмыс істейтін жанкүйерлер жинап, өз командасына қолдау білдіреді. Қазақстан премьер-лигасы Беларусь, Литва, Латвия, Эстония, Әзірбайжандардан жоғары. Тек Ресей мен Украинада қалып тұрмыз.