ЕАЭО елдерінің бизнес-қоғамдастықтары интеграцияның пайдасын сезінуі тиіс – Смайылов

24 Тамыз 2023, 21:08
661
Бөлісу:
ЕАЭО елдерінің бизнес-қоғамдастықтары интеграцияның  пайдасын сезінуі тиіс –  Смайылов
Фото: primeminister.kz

Цахкадзор қаласында Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің Үкімет басшыларының қатысуымен өтіп жатқан Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезектен тыс отырысында ЕАЭО-дағы интеграциялық процестерді одан әрі дамыту жөніндегі жоспарлар талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өз сөзінде Премьер-министр Әлихан Смайылов жақында Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына он жыл толатынын еске салды. Осы уақыт ішінде құқықтық базаны, сыртқы сауда-саттықты реттеудің бірыңғай режимдерін қалыптастыру және кедергісіз ішкі сауда-саттықты құру бойынша күрделі жұмыстар атқарылды.

Үкімет басшысының айтуынша, ортақ күш-жігердің арқасында Одақтың әлеуеті кеңейіп келеді, бұл – еуразиялық интеграцияның тиімділігінің дәлелі.

Біздің елдеріміз арасындағы көптеген мәселе бойынша қарым-қатынас өзара құрмет пен қолдауға негізделіп, қарқынды дамып келеді. Оған экономикалық ынтымақтастық тірек болып отыр, — деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов Одақ құру кезінде қойылған мақсаттар мен міндеттерді мүлтіксіз орындау қажеттігін атап өтті. ЕАЭО елдерінің халықтары мен бизнес-қауымдастықтары интеграцияның нақты пайдасын сезінуге тиіс.

Осы себепті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы мамыр айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО құқығына кешенді талдау жүргізу қажеттігі туралы айтқан еді.

Ол Одақ жұмысының негізгі қорытындылары мен жетістіктерін, сондай-ақ одан әрі интеграциялық даму бойынша нақты ұсынымдарды көрсететін болады. Комиссия қазірдің өзінде баяндаманы дайындай бастады. Онда жекелеген келісімдердің жүзеге аспауының нақты себептері көрсетіле отырып, толыққанды және объективті болады деп үміттенеміз, — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-министр интеграцияның жаңа мүмкіндіктерін жоспарлау үшін қазіргі ахуалды нақты түсіну қажеттігін айтты.

Еуразиялық экономикалық одақ жетілу кезеңінен өтуде. Интеграция үрдісіне жаңа салаларды аралыстыруда мұқият болу қажет деп санаймыз. Бұл тәжірибе Одақтың жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Осы баяндама бізге Одақтағы қазіргі ахуалды бағалап, қателіктер бойынша жұмыс жүргізуге және алдағы уақыттағы экономикалық интеграцияның даму контурын анықтауға мүмкіндік береді, — деді ол.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық жобаның дамуы экономикалық прагматизмге негізделуі керек деп санайды. Осыған байланысты республика Еуразиялық экономикалық одақтың одан әрі даму жолдарын көрсететін Декларация жобасын әзірледі.

Осылай, Қазақстан өзара тиімді кооперациялық жобаларды іске асыру, көлік-логистикалық ынтымақтастықты күшейту және ортақ қаржы нарығын құру арқылы өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін нығайтуға мүдделі. Оған қоса Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссия мен бақылаушы елдер институтын дамыту, сондай-ақ мүдделі шет мемлекеттермен ынтымақтастық құрудың маңыздылығын алға тартты.

Қорытындылай келе, Премьер-министр сапалы экономикалық серпіліс жасау үшін тұрақты негіз қажет екенін атап өтті.

Қазақстан жаңа даму мүмкіндіктерін іздеуде, өзара қарым-қатынастарды нығайтуда және ортақ экономикалық сын-тегеуріндерді шешуде белсенді жұмыс істеуге ниетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында Еуразиялық экономикалық одақты сапалы дамудың аса жоғары деңгейіне шығаратынымызға сенімдімін, — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы