ЕАДБ болжамы: Қазақстанда 2026 жылы доллар бағамы мен экономика қандай болады?

Қазақстан экономикасына қатысты жаңа болжам жарияланды. Сарапшылар теңге бағамы мен инфляция бойынша күтулерін айтып, негізгі факторларды атады.

17 Тамыз 2026, 11:09
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 17 Тамыз 2026, 11:09
17 Тамыз 2026, 11:09
274
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстан экономикасы 2026 жылы 5,5%-ға өсіп, жыл соңына қарай инфляция 9,7%-ға дейін баяулауы мүмкін. Ал доллардың орташа бағамы шамамен 490 теңге болады. Мұндай болжамды Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) жаңа макроэкономикалық баяндамасында ұсынды.

Доллар – орта есеппен 490 теңге

ЕАДБ бағалауынша, 2026 жылы ұлттық валютаның долларға шаққандағы орташа бағамы шамамен 490 теңгені құрайды.

Сарапшылардың пікірінше, теңгеге бірқатар фактор қолдау көрсетеді. Олардың қатарында жоғары базалық мөлшерлеме мен әлемдік мұнай бағасының қымбаттауы бар.

Энергия ресурстары құнының өсуі Қазақстанның экспорттық кірісін және бюджетке түсетін түсімдерді арттырады деп күтіледі. ЕАДБ жоғары мұнай және газ бағасы 2026 жылы теңгеге айтарлықтай қолдау көрсетеді деп санайды.

Қазақстан экономикасы 5,5%-ға өседі

Әлемдік экономикадағы жағдайдың нашарлауына қарамастан, ЕАДБ Қазақстанда экономикалық өсімнің жеткілікті жоғары қарқыны сақталады деп болжап отыр.

2026 жылдың қорытындысы бойынша елдің жалпы ішкі өнімі 5,5%-ға өседі деп күтілуде.

Экономиканың негізгі драйверлерінің бірі өңдеу өнеркәсібі болмақ. Сонымен қатар құрылыс, көлік және сауда салалары да экономикалық өсімді қолдайды.

Осының аясында Қазақстан ЕАДБ операциялары жүргізілетін өңірдегі экономикамен салыстырғанда жоғары өсім қарқынын көрсетуді жалғастырады. Аталған өңір экономикасының 2026 жылы 2%-ға өсуі болжанып отыр.

Инфляция 9,7%-ға дейін баяулауы мүмкін

ЕАДБ болжамынша, 2026 жылдың соңына қарай Қазақстандағы инфляция 9,7%-ды құрайды.

Сарапшылардың пікірінше, бағаның өсуін қатаң ақша-кредит саясаты, теңгенің нығаюы және тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы тежейді.

Сонымен бірге сыртқы тәуекелдер сақталып отыр. Парсы шығанағындағы қақтығыстың шиеленісуі әлемдік мұнай бағасының өсуіне әкеліп, жаһандық инфляциялық қысымды күшейтті.

Қымбат мұнай Қазақстанға қосымша қолдау береді

ЕАДБ сарапшылары Таяу Шығыстағы қақтығыстың Еуразия өңірі елдеріне әсері олардың энергия ресурстарын импорттаушы немесе экспорттаушы болуына қарай әртүрлі болатынын атап өтті.

Қазақстан Ресеймен бірге қысқа мерзімде энергия ресурстары бағасының өсуінен қосымша қолдау алуы мүмкін елдердің қатарына жатады.

Мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстанның экспорттық және бюджет кірістерін арттырып, бір мезгілде теңге бағамына қолдау көрсетуі ықтимал.

Алайда энергетикалық күйзелістің жаһандық салдары теріс болып қала береді. ЕАДБ 2026 жылы АҚШ экономикасының өсімі 1,7%-ға, Еуроаймақ экономикасының өсімі 0,9%-ға дейін баяулайды деп күтеді. Ал Қытай экономикасы 4,6%-ға өседі деген болжам бар.

Осылайша, әлемдік экономикадағы жағдайдың нашарлауына қарамастан, ЕАДБ Қазақстан экономикасына қатысты салыстырмалы түрде оң болжамын сақтап отыр. Банк ЖІӨ өсімін 5,5%, жыл соңындағы инфляцияны 9,7%, ал доллардың орташа жылдық бағамын шамамен 490 теңге деңгейінде болжайды.

Бұған дейін ЕАДБ Қазақстанда базалық мөлшерлеменің одан әрі төмендеуін болжаған болатын. Еуразиялық даму банкі сыртқы инфляциялық тәуекелдердің экономикаға қысым көрсетіп отырғанын атап өткен еді. Атап айтқанда, жанар-жағармай бағасының өсуі, халықаралық тасымалдар мен логистика шығындарының артуы туралы айтылған. Бұл факторлар алдағы уақытта баға динамикасына әсер етуі мүмкін.

Тағы оқи отырыңыз: ЕАДБ-ның жаңа стратегиясы бекітілді: Қазақстанға қандай мүмкіндік ашылады? 

Наверх