Еңбек ресурстарын дамытпай, ауыл шаруашылығын көтеру мүмкін емес – ғалым

22 Сәуір 2020, 09:00
3869
Бөлісу:
Еңбек ресурстарын дамытпай, ауыл шаруашылығын көтеру мүмкін емес – ғалым

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде өндірілетін үш бөлке нанның бірі Қызылжар топырағында өскен астықтан алынады. Өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға арналған барлық ресурс баршылық. Даладағы қар кетіп, диқандардың тұқым себу жұмыстарына кірісер күні алыс емес. Көктемгі егіс науқанының қарсаңында Солтүстік Қазақстан ғылыми зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының докторы Әйіп Рәшитұлы Ысқақовпен сұхбаттасқан едік.

– Әйіп Рәшитұлы, елімізде ауыл шараушылығын дамытуға мүмкіндік беретін табиғи русурстар баршылық. Аталған салаға жыл сайын мемлекет те қыруар қаржы құяды. Саланы одан әрі ілгерілету үшін қандай жұмыстар жүзеге асырылуы керек деп ойлайсыз?

– Ауыл шаруашылығы кез келген елдің экономикасының негізі ғана емес, алдымен азық- түлік қауіпсіздігінің кепілі. Жапония секілді іргелі елдерде бір кездері "Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру бізде қымбат, одан да арзан тауарларды шеттен әкелейік" деген ұсыныстар болған екен, алайда ақылды басшылар елдің азық-түлік бойынша тәуелсіздігін қамтамасыз етуді ойлап, қазір электроника, машина жасау, IT технологиялар саласындағы жетістіктерін ауыл шаруашылығы саласына оңтайлы ендіріп ерекше табыстарға жетіп отыр. Сондай жетістіктерге бір кезде кедей аграрлы ел болған Оңтүстік Корея да жетіп отыр. Коммунистік жүйені әлі сақтап отырған Вьетнамның да ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері таңқаларлық. Ал Голландия мен Израильдің осы саладағы жетістіктері ежелден белгілі. Біздің елде ЖІӨ-де ауыл шаруашылығының үлесі 35 пайыздан асқан кездер болған. Ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты жоюға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылып, ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау, олардың біліктілігін арттыруға үлкен көңіл бөлініп отыратын. Беларусь елінің жетістіктерінің бір сыры қалыптасқан жүйені бұзбай сақтап, жаңа экономикалық жағдайға бейімдей алғанында жатыр. Әрине, оларда біздегі секілді шикізат сатудан түсіп жатқан пайда жоқ, олар адамның ішкі резервтерін дұрыс пайдаланып, кәсіпкер-фермерді қалыптастыра алды. Өкінішке орай, біздің елде ауыл шаруашылығы нарықтық экономика жағдайына оңтайлы бейімделе алмады, фермерлер бірлесіп жұмыс істеуге жұмылдырылмады, маркетингктік инфрақұрылым мен жүйе қалыптаспағандықтан делдалдар мен алыпсатарлар үстем болып тұр. Сондай-ақ, үкімет те ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуды қамтамасыз ететін ұзақ мерзімдік бағдарлама жасай алмады. Алма кезек ауысқан министрлермен бірге Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағдарламалары да құбылып тұрды. Осындай жағдайда ауыл еңбеккерлерінің ауыл шаруашылығына деген ынтасы төмендеді.

– Осы жағдайда не істеу керек, тығырықтан шығар жолды қайдан іздейміз?

– Агроөнеркәсіп саласының экономикалық даму мен халықтың жақсы тұрмысының сенімді көзі екені белгілі. Елімізде ауылдық елдімекендерде халықтың 43,1 пайызы тұрады және олардың тұрмыстары тікелей ауыл шаруашылығымен байланысты. Қазақстан әлемде жалпы ауыл шаруашылығы жер көлемі жөнінен 6-орында. Оның басым бөлігі жайылымдар мен жайлаулар. Еліміздің климаттық-топырақтық аймақтары мен адами ресурстардың ерекшеліктерін ескере отырып ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасын дайындау керек, оны жүзеге асыруда әлемдік тәжірибелерді кеңінен пайдаланып, ауыл шараушылығының білікті мамандары мен басшыларын қалыптастыру керек. Білікті мамандар азық түлік жүйесін дамытудың бес жүйесін белгілеп отыр. Біріншіден, ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етуде ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру маңызды рөл атқарады. Екіншіден, тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін табиғи ресурстарды сақтау, қорғау және жақсартуға бағытталған батыл қадамдар болуы керек. Үшіншіден, ауылдық аймақтардың тұрғындарының өмір сүру көздерін, әлеуметтік жағдайларының теңдігін және әл-ауқаттылығын қорғауды және нығайтуды қамтамасыз етпейтін ауыл шаруашылығы тұрақты бола алмайды. Төртіншіден, адамдардың, қауымдастықтар мен экожүйелердің сыртқы ортаға тұрақтылығын арттыру – ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі факторы болып табылады. Бесіншіден, азық-түлікті тұрақты өндіру және ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жауапты және тиімді басқару механизмдері қажет.

Әлемде азық түлік өндіру мен ауыл шаруашылығын жүргізудің жалпы концепциясында белгіленген осы принциптер елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамытуда ескерілуі керек. Сонда ғана ауылдық елді мекендер мен ауылшаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз.

–  Елімізде жыл сайын ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар қабылданып, қыруар ақша бөлінеді. Салаға сол бағдарламалардың пайдасы қаншалықты тиіп жатыр?

– Ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі тәуелсіздігімізді нығайтудың негізгі кілттерінің бірі ретінде саналатыны бәрімізге белгілі. Сондықтан мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған бағдарламалар жасалып та, жүзеге асып та жатыр. Әрине, оң нәтиже беріп жатқан бағдарламалар да бар. Оның қалай жүзеге асып жатқаны туралы сөз қозғасақ, екі нәрсені ескеруіміз керек. Әрине, жұмсалып жатқан қаржы ізсіз кетіп жатқан жоқ, жалпы даму, ауыл шаруашылығы түсімінің артуы бар. Екінші мәселе және бастысы, жұмсалған қаржының қайтарымы қалай? Өкінішке орай, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының рентабілдігін зерттеген деректерді кездестірмедім. Бәрі жеке меншікке айналғаннан кейін, ондай деректерді құпия ұстайды. Бұрын басқармалар мен кәсіпорындар құрамында экономикалық жоспарлау бөлімдері болатын, солар әр саланың жылдық жоспарын жасап, оның орындалуын есептеп отыратын. Басқармаларда байқағаным көбіне субсидия бөлумен айналысады. Ал белгілі бір бағдарламаның аяқталғаннан кейін қандай пайда келтірді деп талдау жасаған есепті байқамадым. Егер жұмсалған және жоспраланған қаржыларды талдайтын болсақ, бір дерек көздерінде мынадай сандар жүр:

     2017 – 372,7 млрд тенге;

     2018 – 454,4 млрд тенге;

     2019– 507,6 млрд тенге;

     2020 – 660,2 млрд тенге;

     2021– 779,5 млрд тенге.

Ал көзделген мақсат: еңбек өнімділігін 2,5 есе арттырып, ауыл шаруашылығымен айналысатын бір адамға есептегенде 4,0 млн теңгеге жеткізу; өңделген өнімнің экспортын 2,5 есе өсіріп, 2,7 млрд АҚШ долларына жеткізу; ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есеге арттыру; саланың негізгі капиталына инвестиция тартуды 3 есеге арттыру; кредиттерді алуды 2017 жылмен салыстырғанда 2021 жылы 9 есе көбейту.

Осындай белгіленген мақсаттарға қалай жетіп жатырмыз деген сұраққа жауап ретінде 2019 жылы 28 мамырда "Шағын және орта бизнесті дамыту Президенттің назарында" деген тақырыпта өткен республикалық конференциядан мысал келтірейін. Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев "АӨК дамыту бойынша бірде бір индикатор орындалмады, ал ауыл шаруашылығы экономиканың драйвері болмақ түгілі ЖІӨ өзінің үлесін бір деңгейде ұстап тұра алмады" десе, Ұлттық ауыл шаруашылығы кооперативтері одағының эксперті М.Өксікбаев ауыл шаруашылығы саласында кооперацияны қолдау шараларының лезде өзгеру салдарынан көптеген шаруашылықтардың банкротқа ұшырағанын, ал бөлінген 256 млрд тенгенің тек 1% ғана кооперативтерге жеткенін айтады. Нәтижесінде кооперативтердің өзі 36,6 млрд теңге берешек болып қалған екен.

Біз шет елдің тәжірибесіне көп жүгінеміз ғой. Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған Аргентина елінде субсидия деген жоқ, оның орнына ауыл шаруашылығына инвестиция жасап, ғылыми жаңалықтарды ендіру арқылы дамытуға көп көңіл бөледі. Яғни көмек субсидия саны мен көмегін көбейту арқылы емес, ғылыммен ынтымақтастықты күшейту арқылы ауыл шаруашылығына көмектеседі.

– Мемлекет бюджетінен қыруар субсидия бөліп, шетелдерден әкелінген асыл тұқымды мал қазақ даласына жерсінді ме? Артылған үміт ақталды ма?

– Республикамызға шеттен мал әкелу бұрыннан бар дәстүр болатын. Бұл жерде көзделетін мақсат бір жағынан мал басын көбейту болса, екіншіден тұқымын асылдандыру. Жалпы бағдарламаның мақсаты да, үкімет тарапынан қолдау да жақсы болды. Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бұл бағдарламаның ауыл шаруашылығын дамытуға жалпы жақсы әсері болғанын айтқан жөн. Әрине, ол бағдарламаның жақсы нәтижелері молырақ болар ма еді егер оны жүзеге асыру барысында жауапкершілік те, біліктілік те, тазалық та болып жатса. Көп шығын жасап әкелген малдың ішінде арам өлгендер көп болды өкінішке орай, бұл жоғарыда аталып өткен кемшіліктердің салдары. Мысалы, мал әкелмес бұрын оны бағатын жай-күйді жасап алу керек еді, атап айтқанда асыл тұқымды шет елдік малдарға сай қора-қопсы, жем-шөп қорының, ветеринарлық санитария жағының сай болмауы кесірінен көп малдар қырылып жатты. Сондықтан өкінішке орай бұл бағдарлама күтілгендей нәтиже берді деп айта алмаймын. Болашақта мал тұрымдарын асылдандыру үшін заманауи тәсілдерді қолданып, соларды меңгерген мамандар дайындау керек. Атап айтсақ кезінде кең қолданылған қолдан ұрықтандыруды қайта жаңғырту, биотехнология жолымен ұрықтарды трансплантациялау секілді тәсілдер шеттен қымбат бағаға мал әкелгеннен көрі анағұрлым тиімді болар еді. Солтүстік қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институты ғалымдары қолдан ұрықтандыру бойынша фермерлерге көмек көрсетіп келеді. Осы бағытта жетекші ғалымдар мен ғылыми орталықтарды қатыстыра отырып кешенді бағдарлама жасаса игі болар еді.

– Жыл сайын жер бетіндегі климаттың өзгеріп жатқандығын баршамыз аңғарып жүрміз. Бүгінгі күні егін шаруашылығында пайдаланып жүрген кейбір сұрыптар жазы келте, күзі ерте келетін солтүстік өңірде толық жетіліп үлгермей, егін қар астында қалып жатады, орылғанның өзінде астықтың сапасы төмен болып шығады. Ғалым ретінде бұл проблеманың қандай шешу жолын ұсынар едіңіз?

– Ия, климаттың ғаламдық жылынуы мәселесі бәрімізді толғандырады. Себебі ауыл шаруашылығы, әсіресе өсімдік шаруашылығы табиғат жағдайларына өте тәуелді. Бір кездері сапасы өте жоғары күшті бидай өндірумен аты шыққан солтүстік аймақтар қазір үшінші класты астық алса мәз болатын жағдайға жетті. Септориоз, қоңыр дат аурулары кең тарап, астықтың құнын түсіріп тұр. Дәнді-дақылдардың өнімділігі өте төмен, орташа егін шығымдылығы гектарынан 13,55 центнерді құрап, дүниежүзілік рейтингте 143 орында тұрмыз. Ал әлемде астықтың орташа өнімділігі гектарынан 35,86 центнерді құрайды екен. Мұның басты себептерінің бірі егіншілік технологиялардың сақталмауында. Мысалы, тыңайтқыштарды қолдану деңгейі өте төмен. Әлемде бір гектарға есептегенде 418,7 кг тыңайтқыш қолданылатын болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш бар болғаны 4,3 кг құрайды. Әрине, бұл мәселені шешу жолында біршама істер істеліп жатыр. Соның арқасында Қазақстан өсімдік шараушылығы өнімдерін өндіру индексі бойынша 22 орында. Яғни жалпы ішкі өнімде (ЖІӨ) ауыл шаруашылығының үлесі азайғанымен өсімдік шаруашылығы өнімдерінің өсуі байқалады деген сөз. Дегенмен істелетін жұмыс шаш етектен асады. Ең бастысы ғылымның жетістіктерін тиімді пайдаланып, климатқа бейімделген ауыл шаруашылығын қалыптастыруымыз керек. Өсімдік шаруашылығы өндірісінің негізі сорт. Ғалымдар шығарған сорттарды жергілікті топырақтық-климаттық жағдайға   дұрыс таңдай біліп, сорттық технологиясын сақтай отырып өсіру керек. Өкінішке орай бізде сортжаңарту мен сорталмастыру мәселесі дұрыс жолға қойылған жоқ, тұқымшаруашылығы ақсап тұр. Сонымен бірге өсімдіктерді әртараптандыру жағдайында жаңа ауыспалы егістер және тыңайтқыш беру, өсімдік қорғау технологияларын қалыптастыру керек. Осы технологияларды ендіру үшін ғалымдардың ақыл кеңесіне жүгініп, олармен қоян қолтық жұмыс істеу керек. Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институты негізінде ашылған Қызылжар білім тарату орталығы Атамекен кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп фермерлерге жаңа білім беру жұмыстарын тұрақты түрде атқарып келеді.

– Ауыл шаруашылығы кадр тапшы салалардың бірі. Жастардың таңдауы басқа мамандықтарға түсуінің себебі неде?

– Бұл мәселенің бірнеше себептері бар. Алдымен ауыл шаруашылығы мамандығына жастардың қызығушылығының аз болуы барлық елдерге тән нәрсе екенін айту керек. Себебі ауыл шаруашылығы көп еңбек күшін қажет ететін жұмыс саласы. Осы мәселені шешу үшін көптеген елдерді жастарды ерте ауыл шаруашылығына бейімдеу бағдарламаларын жүзеге асырып жатыр. Мысалы, АҚШ та 4H деген бағдарлама бар, 2014-2015 жылдары Қазақ ұлттық аграрлық университеті ФАО-ның грантына осы жобаны елімізде ендіру бойынша жобаларды жүзеге асырдық. Өкінішке орай, біздің елде жастармен ерте кәсіпке бейімдеу бойынша жұмыс істеу қолға алынбай отыр. Екіншіден, жоғарғы білім беру мекемелеріне оқуға түсу жүйесінің кемшіліктері дегім келеді. Қалыптасқан тәртіп бойынша талапкер оқуға түсер кезде арыз жазғанда бірнеше мамандықты белгілейді. Мысалы, оның негізгі мақсаты дәрігер болғысы келеді, бірінші қылып осы мамандықты белгілейді. Содан кейін тағы бірнеше мамандықты таңдайды. Соңында ауыл шаруашылығы мамандығына да белгі қоя салады. Оның алған балы басында белгілеген мамандықтар бойынша грант алуға жетпейді, оның есесіне ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша грантты жеңіп алады. Ақылы оқуға шамасы келмейтін жас әйтеуір тегін оқу ғой деп осы мамандыққа келеді. Оның жоспары әйтеуір бір жоғары білім алған соң өзі ұнатқан мамандыққа екінші жоғары білім ретінде қайта түсіп жатады. Мен үш университетте сабақ беріп көрдім, сонда байқағаным ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқитын студенттердің басым көпшілігі қыздар, себебі оқуға тыңғылықты келетін қыздар оқуға түскер кезде ұлдардан балды жоғары алады да олардың гранттарын тартып алып жатады. Олар ауылға барып, егіншілік немесе мал шаруашылығы маманы болып жұмыс істеуі өте сирек жағдай. Сондықтан, жоғары оқу орнына тұсу тәртібін өзгерткен дұрыс болар еді деп ойлаймын.

Сонымен бірге, ауыл тұрғындары жаппай қалаға көшіп, ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын мамандар саны күрт төмендеді, нәтижесінде тапшылық пайда болды. Тіпті ауыл тұрғындарының өзі, әсіресе жастар жағы, егін егіп, мал бағумен айналысуға құштар емес, бұрын әке-шешеден балаға кәсіп ауысатын дәстүр бұзылды. "Ата таяғы балаға мұра" деген шопандар әулеті қазір азайды. Ал адами әлеуетті, яғни еңбек ресурстарын дамытпай ауыл шаруашылығын көтеру мүмкін емес.

Кадр тапшылығының тағы бір себебі шаруашылықтардың мамандануы өте тар, егіншілік және мал шаруашылығы мәдениетінің төмен болуы, жас мамандарды материалды қолдаудың болмауы. Осының салдарынан аграрлық сектор жастар үшін аса қызықты емес.

– Әлемде ғылым мен техника жыл сайын қарыштап дамып келеді. Мәселен, кеше шыққан ұялы телефондар бүгін ескіріп қалып жатады. Сол сияқты ауыл шаруашылығы саласындағы техника да жаңалануда. Ал отандық ЖОО әлі күнге кеңестік кезеңдегі тракторлармен жұмыс істеуді үйретеді. Оқулықтары да ескірген. Елімізде аталған сала мамандарын даярлау деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

– Ауыл шаруашылығы саласындағы ЖОО-ның жағдайлары қазір едәуір жақсарды деуге болады. Биыл 90 жылдығын атап өткелі отырған Қазақ ұлттық аграрлық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті зерттеуші университет дәрежесін алу жолында трансформацияланып, әлемдік рейтингтерге еніп, көптеген игі істерді жүзеге асырып жатыр. Бұл университеттерде заманауи зертханалар ашылып, жетекші ауыл шарушылық мекемелерімен бірлесе отырып білім беру- өндірістік орталықтарын құруда. Ол орталықтарда студенттер практикалық сабақтар өтіп, кәсіпке бейімделеді. Сонымен бірге, әлемдік білім беру жүйесіне еніп, көптеген жетекші университеттермен қоян қолтық жұмыстар атқарып жатыр. Университет сутденттері мобилдік бағдарламалар бойынша шет елдерде қосымша білім алу мүмкіндігіне ие, қос дипломдық бағдарламалармен оқып жатыр. Осы орайда М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде агротехникалық факультет ашылып, обылысымызда ауыл шаруашылығының білікте мамандарын дайындау жолында игі істерді жүзеге асырып жатқанын айту орынды.

Әрине, әлі шешілуге тиісті мәселелер де жоқ емес. Мысалы, қазақ тілінде білім беретін оқулықтар, оқу бағдарламаларының сапасы әлі жақсартуды талап етеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!
Өзгелердің жаңалығы