Дүйсенова Президентің Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді

1 Қыркүйек 2022, 20:10
846
Бөлісу:
Дүйсенова Президентің Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова вице-министрлер, ЕХӘҚМ құрылымдық бөлімшелері, еншілес ұйымдары мен аумақтық департаменттерінің басшылары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Оның барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша нақты міндеттер жүктелді.

Кеңес басында Министр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамаларының әлеуметтік маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысы ең төменгі жалақы деңгейін 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл 1,8 млн азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, ол ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізуді тапсырды, бұл оның мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді.ЕТЖ-нің ұлғаюы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға оң әсер етеді, өйткені бұл көрсеткіш Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне де әсер етеді. Тиісті құрылымдық бөлімшелерге динамикалық тәсілдемеге негізделген және негізгі экономикалық көрсеткіштерді ескеретін ЕТЖ айқындау әдістемесін әзірлеуге кірісуді тапсырамын, – деді Тамара Дүйсенова.

Министр зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға, балалы отбасылар мен жұмысынан айырылған азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын жақсартуға байланысты тапсырмалардың, сондай-ақ жастардың кәсіпкерлік бастамаларының маңыздылығын атап өтті.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% - ына дейін, ал ең жоғары зейнетақы мөлшерін 120% - ға дейін жеткізуді тапсырды. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27% - ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кең ауқымды әлеуметтік сұранысты ескере отырып, Президент 2028 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасын 61 жас деңгейінде белгілеуді тапсырды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер кезеңін бір жарым жасқа дейін ұлғайтуды, ал әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылу бойынша төлемдер мөлшерін орташа айлық табыстың 45% - ына дейін арттыруды тапсырды.

Президент сондай-ақ келесі жылы түрлі жұмыспен қамту шараларымен 100 мыңға жуық жас қамтылатынын айтты. Жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін жылдық 2,5% - бен жеңілдетілген шағын несие берудің жеке тетігі іске қосылады.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмалары 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асырылуы тиіс. Сондықтан Министрліктің тиісті құрылымдық бөлімшелеріне, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мен Еңбек ресурстарын дамыту орталығына қысқа мерзімде барлық қажетті есептерді жүргізіп, НҚА мен заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді тапсырамын. Жергілікті атқарушы органдардан Президенттің тапсырмаларын іске асыру барысы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысына белсенді қосылуды сұраймын, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Кеңес соңында Министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасын пысықтауды және жақын арада оны ашық НҚА порталында орналастыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы