Дүйсенова Дүниежүзілік банк өкілдерімен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

17 Қыркүйек 2022, 09:32
1033
Бөлісу:
Дүйсенова Дүниежүзілік банк өкілдерімен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Еңбек және халықты әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскуряковамен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Тараптар түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тамара Дүйсенова өзінің арнау сөзінде Татьяна Проскуряковаға осы кездесуді өткізу бойынша бастамасы үшін алғыс айтып, Қазақстанның Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастығының зор маңызын атап өтті.

Министр Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша Өңірлік директорын қазақстандықтарға қиын өмірлік жағдайдан шығуға көмектесетін құрал ретінде әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жаңғырту, атаулы әлеуметтік көмекті енгізу нәтижелері, сондай-ақ Қазақстанда әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Министрлік Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірледі. Бұл біздің қолданыстағы заңдарымызды кодтау ғана емес. Бұл құжат азаматтарды туғаннан кәрілікке дейінгі өмір бойы сүйемелдейді. Әлеуметтік кодексте: мемлекет беретін әлеуметтік кепілдіктердің барлық түрлерін шоғырландыратын отбасының цифрлық картасын енгізу; еңбек нарығын ырықтандыруды, жұмыс күшінің дағдыларын күшейтуді, еңбек ұтқырлығын жандандыруды және т. б. көздейтін жұмыспен қамтудың жаңа саясаты көзделеді; балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру.Осылайша, Әлеуметтік кодексті енгізу халықтың мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясатты түсінуін жақсартып қана қоймай, азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін сапалы арттыруға мүмкіндік береді, – деді Тамара Дүйсенова.

Келіссөздер барысында тараптар еңбек нарығын кешенді дамытуды қамтамасыз етуге және халықты әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталған «Даму саясатын қаржыландыру» бағдарламасының құрамдауышын әзірлеуде Министрліктің алдағы ықтимал рөлін талқылады.

Сондай-ақ, Дүниежүзілік Банктің Министрлікке әлеуметтік-еңбек саласын дамытудың бірқатар бағыттары бойынша техникалық қолдау көрсету мәселесі қаралды.

Біз ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесін әзірлеуге кірістік. Дүниежүзілік банк командасымен осы бағыт бойынша зерттеуге техникалық тапсырма пысықталды. Сондай-ақ, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру бойынша зерттеуге техникалық тапсырма пысықталуда.Сонымен қатар еңбек нарығын дамыту бойынша жеке зерттеу жүргізуді қарастыруды ұсынамыз. Сондай-ақ сіздерге зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту және отбасының цифрлық картасын енгізу бойынша бірлесіп жұмыс істеуді ұсынғымыз келді, осы мәселелер бойынша біз үшін әлемдік тәжірибе маңызды, - деді Тамара Дүйсенова.

Өз кезегінде, кездесуге қатысқан Татьяна Проскурякова мен Дүниежүзілік банк өкілдері пікір алмасудан кейін Министрлікпен барлық айтылған бағыттар бойынша тығыз өзара іс-қимыл жасауға дайын екендіктерін білдірді.

Өзгелердің жаңалығы