Ақмола облыстық соты Целиноград аудандық емхана дәрігерлерінің дұрыс диагноз қоймауына байланысты пациентке моральдық зиян мен жоғалтқан табысы үшін өтемақы өндірді.
2025 жылғы шілдеде механизатор болып жұмыс істейтін Р. денсаулығына байланысты аудандық емханаға бірнеше рет жүгінген. Дәрігерлер оған ЖРВИ, бронхит, пневмония, ревматоидты артрит және иық буынының байламдарының созылуы сияқты диагноздар қойған.
Алайда бір аптадан кейін науқас шұғыл түрде Астана қаласындағы ауруханаға жеткізіліп, оған сол жақ иық пен қол аймағының флегмонасы диагнозы қойылды. Оған шұғыл операция жасалып, шамамен 1,5 литр ірің шығарылған.
Сараптама қорытындысы емхана дәрігерлерінің диагнозды уақытылы қоймағанын, зерттеу нәтижелеріне тиісті көңіл бөлмегенін көрсетті. Медицина қызметкерлерінің әрекеті мен пациенттің денсаулығына келтірілген зиян арасында себептік байланыс бар екені анықталды.
Бірінші сатыдағы сот пациентке 700 мың теңге моральдық зиян өтемақысын өндіргенімен, жоғалтқан табысын өтеуден бас тартқан.
Облыстық сот бұл бөліктегі шешімді өзгертіп, емханадан Р.-ның пайдасына еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде жоғалтқан 914 мың теңге табысын өндірді.
Дәрі-дәрмекке жұмсалған шығындарды өтеу туралы талап қанағаттандырылмады, себебі бұл шығындарды сақтандыру компаниясы өтейді.
Сот актілері заңды күшіне енді.