Дүкеннен нан ала алмай отырған отбасылар бар - партия хатшысы

20 Қазан 2023, 12:37
875
Бөлісу:
Дүкеннен нан ала алмай отырған отбасылар бар - партия хатшысы
Фото: pixabay.com

Мәжілістегі парламенттік тыңдауда AMANAT партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев дүкеннен нан ала алмай отырған адамдардың бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Қарызсыз қоғам» жобасы жөнінде ақпарат берейін. Бүгінде 52 мың адамды оқыттық. Биылғы индикатив – 60 мың адамды оқыту. Әлеуметтік профильге тоқталайын. Жобаға қатысқандардың 1 пайызы – әйелдер, 56,9 пайызы – көпбалалы отбасылар, 10,7 пайызы – жұмыссыздар, 13 пайызы – 60-тан асқан зейнеткерлер. Осы оқыған адамдардың арасында сауалнама жүргіздік. Онда олар несиені неге алғанын айтты. Деректерге сүйенсек, көпбалалы отбасылар кредитті балаларды киіндіруге алады екен. 1 қыркүйек жақындағында көп шығынданады, - деп атап өтті хатшы.

Оның айтуынша, оларға мешіттер, партия, әкімдік көмектеседі, бірақ ол жеткіліксіз.

Бала көп, қыстық киім алу керек және тағы басқа да шығындар бар. Қыс жақындағанда жаппай көмір алады. Ондай тәжірибе бар. Балалардың саны көбейген сайын үйдің ауқымы да өседі дейді. Үйдің жанынан тағы бір бөлме саламыз деп және тағы басқа мақсаттарға несие алады екен. Техника және той өткізу және тағы басқа шығындары бар, - деді Эльдар Жұмағазиев.

Сонымен қатар ол тағы бір үлкен мәселеге тоқталды.

Тағы бір айтатын мәселе – азық-түлік мәселесі. Күннен күнге отбасыны асырау да қиындап кеткен. Олар біз дүкеннен нан алмаймыз дейді. Не болғанда да айына 4-5 қап ұн алады екен. Қазіргі қымбатшылық оларға қатты тиіп жатыр. Бұл отбасылар күніне 10 дана нан пісіреміз дейді. Сөйтіп балаларымызды асырап отыр, - дейді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс спикері депутат Мақсат Толықбайға ескерту жасағаны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы