Дүкен мен дәріхана – қауіпсіз пана: Депутат тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестің жаңа тәсілін ұсынды

Депутат жобаны Астана, Көкшетау және Теміртауда іске қосуды ұсынып, оны FSM Social цифрлық платформасына қосуды талап етті.

 pexels.com 4 Қараша 2026, 12:35
4 Қараша 2026, 12:35
134
Фото: pexels.com

Құрылтай отырысында депутат Лариса Ли тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына шұғыл көмек көрсетіп, қауіпсіз жерден пана табуға мүмкіндік беретін жаңа жобаны іске асыруды ұсынып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Депутаттың пікірінше, сталкинг пен қудалауға қарсы бірқатар шара қабылданғанына қарамастан, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегетіндер саны әлі де азаймай отыр. Ал оларды қорғау тетіктері көбіне оқиға болғаннан кейін ғана іске қосылады.

Зорлық-зомбылық немесе қудалау кезінде жәбірленушінің қауіптен құтылып үлгеруіне санаулы минут қана беріледі. Есеңгіреп қалған, жанында телефоны мен ақшасы жоқ адам хаттама толтыру үшін алыстағы полиция бөлімшесіне жүгіріп бармайды. Егер бірден паналайтын жер табылмаса, ол қауіпті жағдайдан шыға алмай қалады, – дейді Құрылтай депутаты.

Депутат қоғамға арналған «PANA» (қазақ тіліне аударғанда – пана) жобасын таныстырды. Жоба аясында үй маңындағы дүкендер, дәріханалар, ПИК және МИБ кеңселері негізінде қауіпсіз әрі жақын орналасқан «сенім нүктелері» желісін құру ұсынылып отыр. Аталған нысандар жобаға қатысуға дайын екенін растаған.

Үйінен 60 секундтық жерде орналасқан ғимараттың есігінен PANA геолокациялық белгісін көрген әйел немесе бала бірден ішке кіре алады. «Үш қадам» хаттамасына сәйкес, мекеме қызметкерлері оларды қызметтік бөлмеге кіргізіп, агрессордан оқшаулайды, алғашқы көмек көрсетіп, тиісті қызметтерді шақырады. Жоба инфрақұрылым тапшылығы мәселесін бюджеттен бір теңге де жұмсамай шешуге мүмкіндік береді. Бұл – мемлекет тарапынан құрылыс жүргізуді немесе күтіп ұстауды қажет етпейтін, тегін пайдалануға болатын дайын желі, – деді Лариса Ли.

Айтуынша, PANA жобасын прокуратура, Ішкі істер министрлігі, «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары мен дағдарыс орталықтарын біріктіретін FSM Social платформасына да қосу қажет.

Депутаттың мәліметінше, жобаға Ішкі істер министрлігі қолдау білдірген. Лариса Ли PANA жобасына FSM Social цифрлық платформасына қол жеткізу мүмкіндігін беруді, сондай-ақ пилоттық жоба іске қосылатын Астана, Көкшетау және Теміртау қалаларындағы қоғамдық көмекшілер үшін жеке IP-мекенжай мен біржақты техникалық контур бөлуді талап етті.

Наверх