Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Жансая Әбдімәлікті жеңісімен құттықтады.
Құрметті Жансая Даниярқызы! Сізді Гибралтарда өтіп жатқан FIDE Гран-Приінің төртінші кезеңінде жеңіске жетіп, Орталық Азияда ерлер арасындағы гроссмейстер атағына қол жеткізген тұңғыш шахматшы қыз атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын! - делінген министрдің құттықтауында.
Сондай-ақ Ақтоты Райымқұлова шахматшы қызға алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көріне беруді тіледі.
Сіз көптеген жаһандық жарыста ұшқыр ой мен көз ілеспес жылдамдықты ұштастырып, адамзат тарихындағы ең ежелгі ойынның бірінде толайым табыстарға қол жеткізу арқылы патша көңілді шахмат жанкүйерлерінің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленіп келесіз. Сіз бағындырған бүгінгі биік белес еліміздің əр өңірінде шахмат ойынын кеңінен насихаттауға, қарқынды дамытуға сүбелі үлес қосуына тілектеспін. Алдағы уақытта да дүбірлі додаларда мерейіңіз үстем түсіп, жарқын жеңістеріңіз көп болсын! - деді Ақтоты Райымқұлова.
Бұған дейін жас шахматшыны Мемлекет басшысы да құттықтаған болатын.