Financial Times басылымының мәліметінше, Дубайдың порт операторы DP World Біріккен Араб Әмірліктерінің шығыс жағалауында жаңа порт салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Жаңа теңіз айлағы іске қосылса, кемелер Әмірліктерге Ормуз бұғазын айналып өтіп, тікелей Оман шығанағы арқылы қатынай алады. Бұл аймақтағы геосаяси тәуекелдер мен теңіз тасымалына төнетін қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік береді.
Financial Times дерегіне сай, балама экспорттық және көлік дәліздерін дамыту бағытында Сауд Арабиясы, Ирак және Кувейт те жұмыс жүргізуде.
Десе де, бұл жобаның Дубай үшін белгілі бір тәуекелі бар. Жаңа порт Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында орналасқанымен, ол Дубай әмірлігінің шекарасынан тыс жерде салынбақ. Сарапшылардың пікірінше, бұл ұзақ мерзімді перспективада Дубайдың өңірлік сауда және логистика орталығы ретіндегі экономикалық маңызын әлсіретуі ықтимал.