ДСМ-де сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіледі

17 Қараша 2020, 16:53
1523
Бөлісу:
ДСМ-де сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде бірінші вице-министр Марат Шорановтың төрағалығымен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлескен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу мәселесі бойынша кеңес өтті.

Ағымдағы жылғы 16 қарашада бірлескен бұйрыққа қол қойылды. Оның аясында жұмыс тобы 2020 жылғы 17 қарашадан 25 желтоқсанға дейін Министрліктің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізетін болады.

Шоранов атап өткендей, денсаулық сақтауды дамыту - мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Біздің азаматтарымыздың әл-ауқатының тірегі ретінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына мемлекет ерекше көңіл бөледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.А. Бектенов денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің кең ауқымы сақталып отырғанын атап өтті.

Бұған құқықтық статистика мен Агенттіктің «СҚ Фармация», «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» (2020 ж.), Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы (2019 ж.) жүргізген сыртқы талдауларының нәтижелері дәлел бола алады, - деді ол.

Жағдайға толық көз жеткізу үшін орталық органда және келесі жылы екі Комитетте (Медициналық және фармацевтикалық бақылау, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау) талдау жүргізіледі.

Сыртқы талдау нәтижелері бойынша жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдар мен іс-шаралар жоспары әзірленетін болады.

Министрлік ашықтық, айқындылық және объективтілік арқылы денсаулық сақтау жүйесіндегі ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және жоюға мүдделі. Сонымен қатар біз жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, - деп сендірді бірінші вице-министр.

Жұртшылықты талдау жүргізуге кеңінен тарту оң қырынан атап өтілді. 

Тексерілетін сала бойынша мәселелер мен ұсыныстар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа әсер ететін себептер мен жағдайлар туралы мәліметтерді a.karipova@anticorruption.gov.kz электрондық мекенжайына жіберулеріңізді сұраймыз. Бұл ақпарат сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін пайдаланылатын болады, - деп қосты талдауға жауапты орган өкілдері.
Өзгелердің жаңалығы