Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Үкіметтегі брифингте «Дружба» мұнай құбыры арқылы қазақстандық мұнай транзитінің тоқтауы ел ішіндегі жанармай бағасына әсер етпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер Қазақстан мұнайын Германияға «Дружба» құбыры арқылы тасымалдаудың тоқтауы ішкі нарықтағы жанармай бағасының өсуіне әкелуі мүмкін бе, сондай-ақ мұндай жағдайда елде балама бағыттар мен нақты іс-қимыл жоспары бар ма деген сауал қойды.
Менің ойымша, “Дружба” бағытына бізде аса үлкен тәуелділік жоқ, сондықтан бұл ішкі нарықтағы жанармай бағасына еш әсер етпейді. Негізгі тасымал КТК арқылы жүзеге асады, бұл баршаңызға белгілі. Сонымен қатар әріптестеріміз балама бағыттармен де жұмыс істеп жатыр. Сондықтан қазіргі таңда мұнай экспортында проблема жоқ, – дейді Сұңғат Есімханов журналистерге.
Айта кетейік, Қазақстан Ресейден электр энергиясын аз сатып алатыны белгілі болған еді.
Біз бұған дейін "Дружба" құбыры арқылы мұнай тасымалының тоқтауы кімге зиян екені жайлы жазған едік.