Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Үкіметтегі брифингте Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығын өтеу үшін Ресейден сатып алынатын көлемге қатысты мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіш жыл сайын азайып келеді.
2025 жылы біз 123,1 млрд киловатт-сағат электр энергиясын өндірдік, ал тұтыну көлемі 124,6 млрд болды. Айырмашылық – 1,5 млрд киловатт-сағат. 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,1 млрд болған. Қазір айырма қысқарып жатыр. Егер жыл соңына немесе келесі жылдың басына дейін барлық жоспарланған нысандарды іске қоссақ, 2027 жылы атом электр станциясының құрылысын күтпей-ақ тапшылықты жоя аламыз, – дейді Есімханов.
Ол биыл өндіріс пен тұтыну арасындағы айырмашылық бұдан да төмен екенін айтады.
Бұл әртүрлі факторларға байланысты, бірақ шамамен 1 млрд киловатт-сағат деңгейінде. Айта кету керек, біз электр энергиясын сатып ала отырып, оңтүстік өңірлерді сумен қамтамасыз ету үшін Қырғызстанға да экспорт жасаймыз. 2027 жылға қарай бұл айырмашылықты толық жоюды жоспарлап отырмыз, – деп түйіндеді вице-министр.
Еске салайық, бұған дейін вице-министр Астанада жарықтың неге қымбаттағанын түсіндірді.