Дрондардан ғарышқа дейін: Қазақстан цифрлық экономиканы қалай өзгертпек?

Қазақстан IT-экспортты арттырып, робот өндірісі мен ғарыштық технологияларды дамытуды жоспарлап отыр. Ал 2029 жылға дейін тағы қандай мақсаттар бар?

12 Қазан 2026, 10:29
АВТОР
 gov.kz 12 Қазан 2026, 10:29
12 Қазан 2026, 10:29
117
Фото: gov.kz

Қазақстанды цифрландыру әлеуметтік төлемдерді алу және азаматтардың өтініштерін өңдеуден бастап, робот өндіру мен есептеу қуаттарын құруға дейін барған сайын көбірек саланы қамтып жатыр. Атап айтқанда, биыл маусым айында ҚР Президентінің № 1311 жарлығымен 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілді.

Digital Qazaqstan: цифрлық сервистерден цифрлық экономикаға дейін

Ranking.kz мәліметінше, 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы халыққа арналған қызметтерге, мемлекеттік басқаруға, экономика мен технологиялық инфрақұрылымға байланысты 20 бағытты біріктіреді.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің (ЖИжЦДМ) атап өткендей, цифрлық экономиканы дамыту бес деңгейде құрылады: энергетика және инфрақұрылым, чиптер мен есептеулер, бұлтты платформалар, деректер және тілдік модельдер, қосымшалар мен ЖИ-агенттер. Бұл бірізділік инфрақұрылымдық жобаларды азаматтарға, мемлекет пен бизнеске арналған сервистермен байланыстырады.

Мемлекеттік қызметтер: азамат тарапынан азырақ іс-әрекет жасалады

Стратегия бағыттарының бірі – проактивті мемлекеттік қызметтерге көшу. Сервистер өмірлік жағдайлардың төңірегінде біріктіріледі, ал мемлекеттік жүйелердегі мәліметтер атаулы қолдау көрсету үшін пайдаланылады. Қазірдің өзінде іске қосылған шешімдердің қатарына «өмірлік трек», «әлеуметтік әмиян», e-Otinish-тегі өтініштерді ЖИ-талдау және eGov GPT кіреді.

Мынадай көрсеткіштерді атап өтуге болады:

  • «әлеуметтік әмиянды» қазірдің өзінде 3 млн адам пайдаланады.
  • eGov GPT арқылы 51 қызмет қолжетімді; 2026 жылдың соңына дейін олардың санын 150-ге жеткізу жоспарланған.
  • мемлекеттік жүйелерді QazTech бірыңғай платформасына көшіру жалғасыр жатыр, 39 жүйенің 36-сы көшірілді.

Қарапайым мысал: бала туған кезде проактивті қызмет көрсету аясында «ақылды» мемлекеттік сервистер өз бетінше қызметтерді іздеп, бөлек өтініштер беру қажеттілігінсіз, тиісті құжаттарды автоматты түрде рәсімдеп, тиісті жәрдемақыны тағайындай алады және ата-аналарға қолжетімді қолдау шаралары туралы ақпарат береді. Дәл осындай жүйе әр алуан өмірлік жағдайлардың көпшілігі үшін әзірленеді.

Бетпе-бет қызмет көрсету форматы да өзгеріп жатыр. Астана, Шымкент қалаларында, Түркістан және Ұлытау облыстарында халыққа арналған бес цифрлық офис іске қосылды. 2026 жылдың соңына қарай тағы он өңірде ашу көзделген. Алты өңірде іске асыру мерзімдері әзірге анықталмаған.

ЖИ қолданылатын мемлекеттік қызметтердің үлесі 2026 жылы кемінде 4%, 2027 жылы 20% және 2028 жылы 40% құрауы тиіс. 2029 жылға қарай қызметтерді алу уақытын 50%-ға қысқарту көзделген.

Қалалық ортаға арналған шешімдер де қатар дамып келеді – суды цифрлық басқару, қалалық қызметтер порталдары, дрондар инфрақұрылымы және басқа да жүйелер. Мақсатты көрсеткіштерге сай қала халқын Smart City шешімдерімен қамту 2026 жылы кемінде 25%, 2027 жылы 50% және 2028 жылы 70% құрауы тиіс.

Интернет пен деректер: цифрландыру неге негізделеді

Цифрлық сервистерді кеңейту байланыстың дамуымен қатар жүреді. ҚР ЖИжЦДМ мәліметтері бойынша, 5G желісі Қазақстанның 20-дан астам қаласында ұсынылған, 4 049 базалық станция орнатылған. Ауылдарды қосу аясында 370 елді мекенге интернет өткізілді, 11,8 мың шақырым желі жүргізілді. 2026 жылға арналған жоспар 1 600 ауылды қосуды көздейді.

Магистральды инфрақұрылым құрылысы жалғасуда. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің ұзындығы 390 шақырымды құрайды; оны іске қосуға дайындық 2026 жылдың қазан айына белгіленген. «Батыс – Шығыс» гипермагистралінде жалпы ұзындығы 4 511 шақырымның 2 341 шақырымы салынды; 2026 жылы пайдалануға беру көзделген. 2027 жылға 40 мың шақырым облыстық және республикалық автожолдарды интернетпен қамтамасыз ету және 500-ден астам антенна-діңгек құрылыстарын салу жоспарланған.

Жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізуді қамтамасыз ету деңгейі мақсатты көрсеткішке сәйкес 2026 жылы 97%-ға, 2027 жылы 99%-ға және 2028 жылы 99,9%-ға жетуі тиіс.

Байланысты дамыту ортақ деректер инфрақұрылымын құрумен толықтырылады. Цифрлық сервистерде талдау және пайдалану үшін мәліметтерді біріктіретін қоймалар – кемінде 10 салалық «деректер көлі» қарастырылған. Қазірдің өзінде Smart Data Finance, Smart Data Health және Smart Data Transport жұмыс істеп тұр. Энергетика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығына арналған жүйелерді іске қосу 2027 жылдың екінші тоқсанына белгіленген.

Деректер алмасуды кеңейту олардың қорғалуын да талап етеді. Дербес деректерге қолжетімділікті бақылау жүйесіне 481 ақпараттық жүйе қосылған. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында ол 370 миллионнан астам сұратуды өңдеді; келісімді қайтарып алу саны 719 мыңды құрады. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету орталықтарына 432 аса маңызды цифрлық объектінің 130-ы қосылған.

Мемлекеттік аппараттағы ЖИ: өтініштерді өңдеуден бастап бизнеспен өзара іс-қимыл жасауға дейін

Мемлекеттік басқаруда ЖИ өтініштерді өңдеу, аударма жасау, хаттамалар дайындау және кеңес беру үшін қолданылады. Ұлттық жасанды интеллект платформасының 25 мың пайдаланушысы бар. Өтініштерді өңдеу бойынша ЖИ-көмекші 3,2 млн өтінішті қамтыды, зияткерлік кеңесшілер жауаптардың 2,5 млн жобасын дайындады.

Автоматты түрде хаттамалаудың көмегімен жиналыстардың 2 мың хаттамасы дайындалды, қауіпсіз ЖИ-аудармашыға 400 мың сұрату түсті. 1 251 мемлекеттік қызметші ЖИ көмегімен әзірлеуді (Vibe-coding) үйренді.

Цифрлық құралдар кәсіпкерлермен өзара іс-қимылда да қолданылады. Салықтық ЖИ-ассистент 34 мың сұрату алды, eGov Business пайдаланушыларының саны 35 мыңға жетті. eGov GPT арқылы 63 мың өтініш тіркелді.

2029 жылға қарай ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімдерін 50%-ға қысқарту жоспарланған. Тағы бір бағдар – ЖИ қолдану есебінен мемлекеттік қызметшілердің операциялық жүктемесін 30%-ға дейін оңтайландыру.

Жаңа экономика: IT-экспорттан есептеу қуаттары мен өндіріске дейін

Цифрлық экономиканың дамуы технологиялық бизнестің өсуімен де байланысты. ҚР ЖИжЦДМ мәліметтері бойынша, 2025 жылы Astana Hub резиденттерінің IT-экспорты 1,1 млрд АҚШ долларынан асты. Astana Hub 2,5 мыңнан астам резидентті біріктіреді. Технологиялық жобаларды қаржыландыру үшін қаражат көлемі 115 млн АҚШ долларын құрайтын Alem.ventures венчурлық қорлар қоры құрылды. Қазақстан 2029 жылға дейін IT-экспортты 2 млрд АҚШ долларынан астам сомаға дейін ұлғайтуды және әрқайсысының құны кемінде 1 млрд АҚШ долларын құрайтын үш алпауыт компания құруды жоспарлап отыр.

ЖИ дамыту серверлерді орналастыру және есептеулер жүргізу үшін инфрақұрылымды қажет етеді. Бұл үшін Қазақстанда деректерді өңдеу орталықтарының алабы құрылуда. Жобаның мәлімделген қуаттылығы кемінде 1 ГВт құрауы тиіс.

«Қазақтелеком» қазірдің өзінде 50 МВт қуатқа деректер орталығын салып жатыр. Оны іске қосу 2027 жылдың маусым айына жоспарланған. Firebird AI жобасы тағы екі кезеңді қарастырады: 2027 жылдың үшінші тоқсанында 136 МВт және 2028 жылдың екінші тоқсанында 109 МВт. «Қазақтелеком» деректер орталығымен бірге олардың жалпы қуаттылығы 295 МВт құрайды. Жобаны энергиямен қамтамасыз ету үшін 1-МАЭС-мен келісімшарт жасалды.

Робот өндірісі де қатар дамып келеді. Алматыда NERO және UBTECH бірлескен жобасы аясында төрт өндірістік блок салынып жатыр. Жоба өндірісті, зерттеулер мен әзірлемелерді, сондай-ақ технологиялық біліктілікті беруді қамтиды. Астанада 2026 жылдың тамыз айында QAZBOT Technologies және AgiBot кешенінің құрылысы басталды, онда роботтарды жасаудың толық циклін жолға қою жоспарланады. Оларды қолдану бағыттарының қатарында – өнеркәсіп, логистика, қала шаруашылығы, медицина және қызмет көрсету бар.

Кадрларды даярлау мектептен басталады. ҚР ЖИжЦДМ мәліметтері бойынша, қазақстандық мектептерде 108-і – 1-6 сынып оқушыларына, 54-і – 7-9 сынып оқушыларына, 36-сы – 10 және 11 сынып оқушыларына арналған 198 робот техникасы зертханасы жұмыс істейді:. Оқыту робот техникасы жиынтықтары мен әдістемелерді қазақ және орыс тілдерінде пайдалануды көздейді.

Тағы бір өндірістік бағыт – ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА). Түркістан облысындағы агродрондарды шығару қуаты жылына 500 бірлікке, Жамбыл облысында – 500-ден 1 мың бірлікке дейінгі құралға арналған. Павлодар облысында ҰҰА өндіру қуаттылығы жылына 1 мың бірлікке дейін.

Қазірдің өзінде жеткізу үшін ұшқышсыз басқарылатын технологиялар қолданылады: Алматыда 2026 жылдың басынан бері дрондармен азық-түлік пен тауарлар 1 мыңнан астам рет жеткізілді. Келесі кезең – сервисті кеңейту. Сонымен қатар қалада алғашқы автономды автомобиль сыналуда, ал коммерциялық сапарларды іске қосу 2027 жылға белгіленген. Астана мен Алатауда жолаушылар ҰҰА сыналып жатыр; оларды әрі қарай пайдалану үшін құқықтық база әзірленіп жатыр.

Қазақстан ғарыштық байланыс және Жерді бақылау жүйелерін де дамытып жатыр. Екі байланыс спутнигі және Жерді қашықтықтан зондтайтын үш спутник жұмыс істейді. ҚР ЖИжЦДМ ақпараты бойынша, спутниктік байланыс жүйесінен түскен табыс 72 млрд теңгені, ал ғарыштық мониторингтің бес жылдағы экономикалық тиімділігі 977 млрд теңгені құрады.

Ғарыштық технологиялар сондай-ақ экспорттық бағытқа айналуда. ҚР Моңғолия, Конго және Нигерияда үш жобаны іске асырып жатыр. Экспорттық келісімшарттар мен қызметтердің көлемі 70 млн АҚШ долларын құрайды. Одан әрі дамыту Жерді қашықтықтан зондтайтын алты жаңа спутникті жасауды және жұмыс істеп тұрған байланыс спутниктерін KazSat-3R аппаратымен ауыстыруды көздейді. 2030 жылға қарай спутниктер санын 14-ке жеткізу жоспарланады.

Жеке бағыт – цифрлық активтер. Стратегиялық цифрлық майнинг жобасы аясында 90 МВт қуаттылық іске қосылды. «70/30» бағдарламасы электр станциялары қуатының өсімін: 70% – цифрлық майнерлер мен деректерді өңдеу орталықтарына, 30% – электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға таратуды көздейді. Криптотөлемдер сервистері де дамып келеді. Мұндай төлемдерді қабылдау 5 мыңнан астам сауда орындарында қолжетімді.

Осылайша, қарастырылған барлық сәттерді ескере отырып, Digital Qazaqstan міндеттері экономиканың барлығына дерлік салаларын қамтиды және күнделікті қызметтерді алуды жеңілдетуге, сол сияқты жалпы технологиялық салаларды дамытуға бағытталған деп айтуға болады.

Наверх