Роботтар мен дрондар сынға түсті: Бурабайдағы ерекше чемпионаттан фоторепортаж

 ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов 15 Тамыз 2026, 16:30
15 Тамыз 2026, 16:30
119
Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында Shaiqas-2026 алғашқы ұлттық инженерлік чемпионатының финалы өтеді. Үш күнге жоспарланған жарысқа еліміздің әр өңірінен 17 команда қатысуда. BAQ.KZ тілшісі инженерлер бақ сынаған алаңнан фоторепортаж ұсынады.

Байқауға студенттер, инженерлік мектептердің өкілдері, өнеркәсіп кәсіпорындарының мамандары мен күштік құрылым қызметкерлері жиналған. Әр команда шамамен 15 адамнан тұрады.

 

 

Чемпионаттың ерекшелігі – мұнда қатысушылар инженерлік білімін тек теория жүзінде емес, нақты тапсырмалар арқылы көрсетеді. Командалар өздері әзірлеген дрондар мен жерүсті роботтарын сынап, оларды түрлі жағдайда басқаруда.

Жарыс әуе жүйелері, жерүсті жүйелері, тактика және киберқауіпсіздік бағыттары бойынша өтеді.

 

Қатысушылардың алдында барлау жүргізу, нысанаға дәл жету, жүк тасымалдау, шартты түрде жараланған адамды эвакуациялау секілді тапсырмалар бар.

Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары да бағаланады.

Жерүсті роботтары мен ұшқышсыз аппараттардың мүмкіндігі де сыналады.

 

Кейбір кезеңдерде құрылғыларды жылдам әрі дәл басқару маңызды болса, тактикалық тапсырмаларда командалардың шұғыл шешім қабылдауы мен өзара үйлесімді жұмысына мән беріледі.

Бұл чемпионат алғаш рет өткізіліп отыр. Мені таңғалдырғаны – инженерлік топтардың жарысқа үлкен талпыныспен қатысуы. Дрондарын өз шеберханаларында жасап, жетілдіріп әкелген. Жарыста мергендік пен жылдамдыққа бағытталған түрлі тапсырмалар бар. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек көрсетуге де мән беріледі, – деді «ҚҚСИДО» серіктестігінің директоры Асылбек Мырзахмет.

Оның айтуынша, қатысушылар жарысқа алдын ала тыңғылықты дайындалған.

 

 

Сондықтан полигонда өтіп жатқан сынақтар жай ғана техниканы тексерумен шектелмейді. Командалар өз құрылғыларының мүмкіндігін жарыс жағдайында көрсетуге тырысып жатыр.

Чемпионаттың тағы бір маңызды бағыты – киберқауіпсіздік. Бұл кезеңде қатысушылар цифрлық қауіптерге қарсы әрекет етіп, ақпараттық жүйелерді қорғау бойынша тапсырмаларды орындайды.

 

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің сөзінше, жарыстың негізгі мақсаты – еліміздегі инженерлерді бір алаңға жинап, олардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру.

Біздің мақсатымыз – Қазақстандағы инженерлерді бір алаңға жинау, олардың бір-бірімен тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету және әскерге, Қарулы күштерге жаңа технологияларды енгізу, – деді Дархан Ахмедиев.

 

Чемпионат барысында инженерлер өздерінің әзірлемелерін сынап қана қоймай, оларды қорғаныс саласында қолданудың мүмкіндіктерін де көрсетіп отыр.

Ұйымдастырушылар үшін бұл – отандық инженерлік шешімдерді анықтап, үздіктерін дамытуға мүмкіндік беретін алаң.

Жарыстың қорытындысы бойынша үздік үш команда анықталады. Shaiqas-2026 чемпионатының жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге.

Бірінші орын иегеріне 10 миллион теңге, екінші орынға 5 миллион, үшінші орынға 3 миллион теңге беріледі. Сонымен қатар әрқайсысы 1 миллион теңгеден екі арнайы номинация қарастырылған.

Жалпы Shaiqas-2026 инженерлердің техникалық дайындығын ғана емес, олардың жылдамдығын, дәлдігін, командалық жұмысын және күрделі жағдайда шешім қабылдау қабілетін сынайтын ұлттық деңгейдегі жаңа алаңға айналып отыр.

Аружан Базарбай

Наверх