Досаев Ұлттық банк қандай шараларды іске асырғанын айтты

21 Қаңтар 2022, 14:03
1150
Бөлісу:
Досаев Ұлттық банк қандай шараларды іске асырғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысының отандық инвесторлармен кездесу барысында айтты. 

Биылғы жылғы 10 қаңтардан бастап ақша және қор нарықтарындағы операциялар қайта іске қосылды. Ұлттық банк стандартты құралдарға қосымша Қазақстан қор биржасында репо және своп операциялары арқылы өтімділікті ұсыну бойынша операциялар жүргізді. Биылғы жылғы 18 қаңтарда жағдай тұрақтанғаннан кейін өтімділікті ұсыну бойынша арнайы құралдарды пайдалану тоқтатылды, - деді Досаев.   

Оның айтуынша, Ұлттық банк нарықты қолма-қол шетел валютасымен және ұлттық валютамен үздіксіз толықтырып отыруды қамтамасыз етті, екінші деңгейдегі банктердің барлық сұратулары толық көлемде қанағаттандырылды. 

Биылғы жылғы 12 қаңтарда Қазақстан қор биржасының валюталық алаңында толыққанды сауда-саттық қайта іске қосылды және халықаралық төлемдер мен аударымдарды жүргізу қамтамасыз етілді. Бүгінде қаржы жүйесі мен қаржы нарығының инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істейді және барлық қызмет түрлерін көрсетеді.  Ұлттық банк ішкі валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі, - деді Досаев. 

Сондай-ақ Ұлттық банк валюталық сауда-саттықты қайта бастаудың алғашқы 2 күнінде көлемі 240 млн АҚШ долларына валюталық интервенция жүргізген.

Бұл қаржылық тұрақтылық тәуекелдеріне және теңгеге алыпсатарлық қысым көрсетуге жол бермеуді қамтамасыз етті, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы