Доңға кен орнына 70 млрд теңге инвестиция құйылады

5 Қазан 2021, 10:11
5395
Бөлісу:
Доңға кен орнына 70 млрд теңге инвестиция құйылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады. 

Оның айтуынша, Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес министрлік бірқатар іс-шараны іске асыратын көрінеді.

Солардың бірі – ведомство «Total» компаниясымен Доңға кен орны бойынша өнімді бөлу туралы шарттың мерзімін 2024 жылдан 2039 жылға дейін ұзартты. Есесіне «Total» компаниясы 2021-2025 жылдары шамамен 70 млрд теңге инвестиция құяды. Нәтижесінде компания мұнай өндіру деңгейін 25%-ға арттыруды қамтамасыз етеді. Ол дегеніміз қазіргі жылына 680 мың тоннадан 860 мың тоннаға дейін артуы және құрылыс жұмыстары кезінде 400-ге жуық жұмыс орны құрылады, - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Одан бөлек, Өзен, Жетібай және Қаламқас кен орындарына іргелес учаскелерде қосымша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін болады.

Осылайша, Бектұрлы Шығыс және Өзен-Қарамандыбас учаскелерінде 26 млрд теңге сомасына геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Оның үстіне, өңірде мұнай өндірудің төмендеуіне жол бермеу үшін тиімді емес, суланған, дебиті аз кен орындары бойынша салықтық преференциялар беру жөнінде ұсыныстар пысықталады, - деп атап өтті Энергетика министрі.
Өзгелердің жаңалығы