Дональд Трамп АҚШ-тағы заңсыз мигранттарға арналған бағдарламаны іске қосты

10 Мамыр 2025, 18:11
278
Бөлісу:
Дональд Трамп АҚШ-тағы заңсыз мигранттарға арналған бағдарламаны іске қосты
Фото: Cheney Orr, Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі заңсыз мигранттарға арналған жаңа бағдарламаны жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, бұл — АҚШ тарихындағы алғашқы «өз еркімен елден кету» бағдарламасы. Жоба аясында заңсыз келген адамдарға елден өз еркімен кетуге жағдай жасалып, тегін билет пен қаржылай бонус ұсынылады. Ал бұл мүмкіндіктен бас тартқандар қатаң жазаға тартылмақ.

Бүгін мен заңсыз мигранттарға арналған алғашқы өз еркімен елден кету бағдарламасын іске қосу туралы жарлыққа қол қойдым. Біз олардың Америкадан кетуін барынша жеңілдетеміз. Енді кез келген заңсыз мигрант әуежайға барып, тегін билет ала алады, — деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Трамптың айтуынша, елден кеткісі келетіндер үшін арнайы мобильді қосымша іске қосылған. Сол қосымша арқылы олар туған еліне қайту билетін алдын ала брондай алады. Бұған қоса, өз еркімен кеткен адамдарға қаржылай өтемақы төленеді. Ақ үй бұл соманы нақтыламағанымен, бұған дейін АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі еріктілерге 1000 доллар көлемінде бонус берілетінін мәлімдеген еді.

Алайда өз еркімен елден шықпаған заңсыз мигранттарға АҚШ билігі қатаң шара қолданады. Оларға айыппұл салынып, түрмеге қамау және мүлкін тәркілеу секілді жазалар көзделген. Трамптың сөзіне сүйенсек, мұндай адамдар кез келген елге «кенеттен» депортациялануы мүмкін. Бұл шешімді билік өз қалауынша қабылдайды.

Жаңа бастама елдегі көші-қон саясатын қатаңдатуға бағытталған және заңсыз миграциямен күрес аясындағы Трамп әкімшілігінің кезекті қадамы ретінде бағалануда.

Өзгелердің жаңалығы