Домбыраға “чемодан” сияқты қарауға болмайды – Аманжол Әлтай

7 Шілде 2024, 09:49
635
Бөлісу:
Домбыраға “чемодан” сияқты қарауға болмайды – Аманжол Әлтай
Фото: BAQ.KZ

Бүгін – Қазақстанда Домбыра күні, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде Домбыра күні 2018 жылдан бері аталып өтіліп келеді. Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Домбыра күнін атап өтуді алғаш болып ұсынғандардың бірі. Бүгінде ол Парламент қабырғасында ұлттық аспабымыздың қадір-қасиетіне қатысты мәселелерді көтеріп, шешімін ұсынып жүрген депутаттардың бірі.

Домбыраға “чемодан” сияқты қарауға болмайды – Аманжол Әлтай
Мәжіліс

Домбыра күнін қалай атап өту керек? Қасиетті аспабымызды қалай қорғай аламыз? Осы және өзге де сұрақтарға Мәжіліс депутаты Амалжол Әлтай жауап берді.

Қазақ үшін домбыра қандай аспап?

Домбыра – тарихи санамызды жаңғыртуға жол ашатын, ата тарихымызды, халқымыздың ғасырлар безбеніндегі сан қырлы тағдырын баяндайтын, өткені мен бүгінін үндестіретін қайталанбас ұлы құндылығы.

Домбыра – бүгінгі жас ұрпақты мейірімділік пен парасаттылыққа, адалдық пен Отансүйгіштікке, қайсар намыс пен қайырымдылыққа баулитын адам жанының бағбаны.

Домбыра – татулық пен бірліктің мәмілегері. Ата тарихымыздағы небір аласапыран замандарда ұлтты ұйыстыруға, елді біріктіруге, ерлерді ел қорғауға шақыруға зор рөл атқарған.

Кешегі 1932 жылдардың аштығында да ата-бабаларымыз білегінен әл кетіп, өзегі талып, ақтық демі шыққанша қолынан домбырасын тастамаған.

“Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра” деп Қадыр ақын айтпақшы, домбыра аспабы – Қазақ деген сөздің синонимі, Ұлт деген ұғымның мазмұнын ашатын мәнге ие. Себебі, халқымыздың арман-мұраты, ұлттық тәлім-тәрбиесі, төлтума мәдениеті, дүниетанымы – осы қасиетті домбыра арқылы көрініс табады.

Домбыра – қазақтың кеудедегі жаны мен ақ дидарындағы ары, намысы мен мінезі, ата-бабаларымыздың аманаты мен бүгінгі һәм келешек ұрпақтың айнымас серті.

Домбыра – ұлтымыздың ұлы жүрегіне жол тауып, мұңайса, шерін тарқатты, қуанса, жан сарайын шаттыққа бөледі, ән-күй, жыр-терме, айтыс өнері арқылы бабалар сөзін бүгінге жеткізді, бүгіннің сөзін ертеңге жеткізетін де осы – қасиетті домбыра.

“Домбыра – Қазақстандағы аса маңызды символдардың бірі. Домбыраның екі шегі ежелгі заман мен осы заманның сырын шертеді” деп Рим Папасы біздің елімізге келген соңғы сапарындағы сөзін домбыраға арнағаны тегін емес.

Дәлірек айтсақ, домбыра адамзат баласы мән беріп, назарын аударуға тұрарлық қазақ халқының қасиетті құндылығы!

Ананың әлдиіндей, баланың бал тіліндей ең тәтті үн – домбыраның үні.

7 шілде еліміз Домбыра күнін тойлайды. Бұл күнді қалай атап өткен жөн? Жалпы соңғы жылдары науқанға айналдырып жіберген жоқпыз ба?

Домбыра күнін атап өту идеясын алғаш болып мен ұсынған болатынмын. Астанада зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан үлкен жиын өткен еді. Осы жиында өзімнің ұсынысымды жасадым. Кейін ұсыныс қабылданып, биыл міне Домбыра күні осымен алтыншы жыл қатарынан атап өтілгелі отыр. Бірақ өкінішке қарай, Домбыра күнін атап өтуде науқаншылдық бар. Бұл атаулы күнді әрбір қазақстандық жүрегімен сезінуі керек.

Домбыра күнін атап өту әрбір отбасынан бастау алғаны дұрыс. Сонымен бірге кең көлемде, мейлі ауылда болсын, қалада болсын Домбыра күні сезілуі керек. Өкінішке қарай, мерекелік атмосфера Астана сияқты үлкен қалаларда болады да, ауылдық жерлерде мереке көп сезіле қоймайды.

Енді Домбыра күнін тағы да науқаншылдыққа айналдырып алмау керек. Бүгін - әрбір қазақстандық, әрбір қазақ қасиетті домбыраның қадір-қасиетін сезінетін, оны ұлықтайтын күн. Оны отбасынан бастап, балабақшада, мектепте, ЖОО-да және басқа да орталарда қастерлеу қажет. Жалпы домбыраны қастерлеу бір күнмен ғана шектелмеуі керек. Қазақ әр күні домбыраны құрметтеуі керек деп ойлаймын.

Ұлттық құндылығымыз домбыра дейміз. Домбыра мен қазақ егіз ұғым. Ұшаққа домбыраны жібермеген оқиғалар болды. Оны қалай түсінуге болады? Заңда ұшаққа алып кіруге және алып кіруге болмайтын заттар тізіміне қатысты норма бар екенін білеміз. Бірақ ол норманы нақты домбыра деген ұғым жоқ. Парламент қабырғасында жүріп, осы мәселеге қатысты қатып қалған нормаларды бұзып, жеңілдетуді қарастырасыздар ма?

Домбыраны багажға салсаңыз, ол сынып қалуы мүмкін. Оған қоса домбыра арзан аспап емес. Мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Әрбір өнер азаматының жанайқайы осы. Әуе компаниялары жеке мекеме болғаннан кейін, өз тәртібін, өз заңын жүргізгісі келеді. Домбыраға қолымызға ұстаған “чемодан” сияқты қарауға болмайды. Домбыра – өте нәзік аспап. Сол себепті ол басқа жүкпен бірге багажға өткізетін дүние емес.

Домбыра – өнер адамының өміріндегі жан серігіне айналған аспап. Сондықтан алдағы уақытта осы мәселені түбегейлі шешуге күш салуымыз қажет деп ойлаймын. Әрине жеке әуе компаниялары үнемі біздің айтқанымызға көніп, айдағанымызбен жүре бермейді. Дей тұрғанмен олардың әділетті шешім қабылдауына ықпал етеміз деп үміттенемін.

Алдағы уақытта ұлттық құндылықтарымызды қорғайтын заң керек деп ойлаймын. Соның ішінде домбыраны қорғайтын арнайы норма болуы керек деп санаймын.Мұндай заң болса ғана домбырамызды да, шапанымызды да, ою-өрнегімізді де қорғай аламыз. Әрине заңмен қорғалмағаннан кейін өрескел әрекеттер алдымыздан шыға береді.

Домбыраға тиісу қазаққа тиісумен тең деп айтқан едіңіз...

Домбыра қазақ деген сөздің синонимі. Кешегі өткен тарихымызда, небір тағдырлы, қиын кезеңдерде де ата-бабаларымыз білегі талса да, қолынан домбырасын тастамаған. Міне, бұл – үлкен қасиетті құндылық. Ұлы тарихымыз осы домбыра арқылы баяндалады. Отбасындағы тәрбиенің негізгі діңгегі осы домбыра арқылы беріледі.

Біздің мұңымыз да, қуанышымыз да, жалпы ұлттық болмысымыз осы домбыра арқылы көрініс табады. Сол себепті домбыраға деген құрмет – ол қазаққа деген құрмет, өзімізге деген құрмет. Осыны жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек.

Домбыраны мектептерде қалай оқыту керек? Мүмкін тегін үйірмелер санын көбейту керек шығар? Әсіресе, ауылды жерлерде...

Депутаттық сауалыма алған жауапта осындай мәселе қолға алынып жатқаны айтылды. Енді қолға алынып жатыр деген бір бөлек, оны іске асыру бір бөлек. Алдағы уақытта Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім және Мәдениет және ақпарат министрліктері осы сұрақтарды қалай шешіп жатқанын, қандай жұмыс атқарып жатқанын бақылап, талап ететін боламыз. Берілген уәдені талап етеміз.

Аманжол мырза, уақыт бөліп сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын. Домбыра күні құтты болсын!

Өзгелердің жаңалығы