Директорлар «завхоз» болып кетті. Мемлекеттік сатып алуда қандай проблемалар бар?

3 Маусым 2023, 13:14
1779
Бөлісу:
Директорлар «завхоз» болып кетті. Мемлекеттік сатып алуда қандай проблемалар бар?
Фото: BAQ.KZ архив

ҚР-да әлеуметтік салада мемлекеттік сатып алу қалай жүргізіледі? Онда кездескен мәселелерді шешу жолдары қандай? Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің әлеуметтік салада мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мәселелері және оларды шешу жолдарын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекеттік сатып алу – ел экономикасының маңызды реттеушілерінің бірі. Елімізде бюджеттің 40-45 пайызы әлеуметтік салаға бөлініп отыр.

Қостанай қаласы Білім бөлімінің Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің директоры Айымгүл Балтабаева білім саласындағы сатып алуға қатысты ұсынысын айтты.

Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу жүйесіне көп көңіл бөлінеді. Бірақ туындап жатқан мәселелер де аз емес. Біріншіден, мемлекеттік сатып алуға республиканың түкпір-түкпірінен қатысады. Дегенмен жеткізуші белгілі бір елді мекендердің жұмысын қамтамасыз ететін қызметтер де бар. Мысалы, қоқысты шығару, су жеткізу сияқты жұмыстар бар. Жеңімпаз мекеме облыстан тыс жерден болса да, ол қызметтің сапасына немесе уақытылы орындалуына көп жағдайда әсер етеді. Осындай жұмыстарды немесе қызметтерді, әлеуметтік өнім берушілерді аймақ бойынша шектеу мүмкіндігін қарастыруға бола ма? – деді мектеп директоры.

Қазір директорлар «завхоз» болып кетті

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім беру және ғылым салаларында сатып алу жүйесінде бірқатар мәселе барын айтты.

Қазір директорлар «завхоз» болып кетті. Тиісті штаттары жоқ болса да, бухгалтердің мойнына жүктеп қояды. Бухгалтердің біліктілігі бар ма, жоқ па? Тіпті, оның жалақысы да төмен. Жазғы каникулдар 3 ай ғана, оның өзі емтихан біткенше. Ал сатып алу рәсімдері ұзақ жүргізіледі. Қаражат бюджеттен бөлінеді, бірақ бөлінген қаражатты игеруге ешқандай мүмкіндік жоқ. Директор жылдың басынан жылдың соңына дейін тек қана осы бухгалтерлік жұмыстармен жүреді. Тек қана шаруашылық мәселелерімен айналысады, - деді мәжілісмен.

Аймағамбетов мектеп директорларының білім сапасына көңіл бөлуге қолы тимейтінін айтты.

Сапа қайда? Сапа жоқ. Өйткені оған директордың қолы да тимейді, оның мүмкіндігі де жоқ. Егер білім сапасы болмаса, көп болса оны жұмыстан шығарады. Оның өзін дәлелдеу қиын. Ал шаруашылық, қаражат мәселесі болса, онда қайда баратынын өздеріңіз білесіздер. Сондықтан олар жұмыс уақытының 90%-ын шаруашылық мәселесіне бөледі, - деп айтты ол.

Аймағамбетов осыдан бір-екі жыл бұрын сатып алу жұмысы одан сайын қиындап кеткенін айтты.

Шынын айту керек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алған жоқпыз. Бірақ білім беру саласындағы 21 мың ұйымды, мәдениет пен ғылым саласындағы ұйымдарды, университеттердің барлығының «екі аяғын бір етікке тығып», одан сайын күрделі жағдайға жеткіздік, - деді Асхат Аймағамбетов Мәжілісте.

«Сапа сын көтермейді»

QazBioPharm ұлттық холдингінің бас директоры Ерғали Абдрайымов мемлекеттік сатып алу арқылы алынған тауарлардың сапасы сын көтермейтінін айтады.

QazBioPharm ұлттық холдингі және оның еншілік ұйымдары әлеуметтік маңызды салаларға қызмет атқарады. Жұмыстар мен көрсетілген қызметтерді сатып алуға «квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» заңды басшылыққа алады.

Бүгінгі таңда әлеуметтік салада, мемлекеттік салада проблемалар бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Олар техникалық сипаттамаларды көрсетудегі шектеулер, өнім берушілердің жеткізу мерзімдерін бұзуы және сатып-алу рәсімдерін өткізу ұзақтығы. Атап айтқанда, процедуралардың таңдалған негізгі критерийлері – ол баға. Көбінесе мемлекеттік сатып алудың жариялы кезеңде жеткізу компаниялары әлемдік нарыққа дәлелденген сапалы химиялық реактивтер мен материалдардың орнына арзан тауарларын ұсынады. Көп жағдайда олардың сапасы сын көтермейді. Ол өнімнің түпкі сапасына және оның бағасына кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада іріктеу критерийлерін және сапа туралы мәліметтерді мейлінше нақтылауды енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз, - деді ол.

Сонымен қатар ол депутаттарға басқа да бірқатар ұсыныс айтты.

Конкурсты өткізу мерзімін қысқарту ұсынылды

Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы Назгүл Мұқажанова конкурсты өткізу мерзімін 75 күннен 60 күнге қысқартуды ұсынды.

Мұқажанова Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыруға қатысты ұсыныстарын айтты.

Бүгінгі таңда тапсырыс беруші конкурс өткізу кезінде мемлекеттік сатып алу заңында белгіленген барлық мерзімді сақтай отырып жүргізеді. Алайда конкурстың барлық рәсімі 75 күнтізбелік күнге дейін созылады, - дейді ол.

Рәсім 8 бөліктен тұрады:

  • талқылау мерзімі – 5 жұмыс күні;
  • жауап бері мерзімі – 5 жұмыс күні;
  • өтінімдерді беру – 15 жұмыс күні;
  • өтінімдерді қарау – 10 жұмыс күні;
  • өтінімдерді сәйкеске келтіру – 3 жұмыс күні;
  • өтінімдерді қайта қарау – 5 жұмыс күні;
  • қорытындыларға шағымдану мерзімі – 5 жұмыс күні;
  • шағым түскен жағдайда уәкілетті органға тағы 10 жұмыс күні беріледі.

Осыған байланысты қоғам рәсімдерінің жекелеген кезеңдерінде негізсіз ұзақ уақытты қысқартуды ұсынады. Атап айтқанда, конкурсқа қатысу мерзімін, өтінімдерді беру мерзімін 15 күннен 7 күнтізбелік күнге қысқартылса, конкурстық құжаттаманы талқылау мерзімін 5 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне және жауап беру мерзімінен 5 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қыртуды ұсынамыз, - деп айтты Назгүл Мұқажанова.

Бұл өзгеріс барлық мерзімді 75 күннен 60 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік беретінін айтты.

Конкурс қандай жағдай өткізілмеді деп танылады?

Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев денсаулық саласында мемлекеттік сатып алу қалай жүргізілетінін айтып берді.

Мемлекеттік сатып алу заңы бойынша ашық конкурс тәсілімен сатып алу қайта өткізу кезінде, егер конкурсқа қатысуға бір әулеттен өтінім беруші жіберілсе, онда конкурс өткізілмеді деп танылады. Кейінгі сатып алу процедуралары да осыған ұқсас себеппен қаржылық жыл аяқталғанға дейін созылуы мүмкін. Ол бөлінген бюджет қаражатын игерілмеуіне және соңғы нәтижеге жете алмауға алып келеді. Конкурс қайта өткізілгеннен кейін қатысуға жіберілген өнім берушімен «бір көзден сатып алуды» өткізу ұсынылады, - деді ол.

Айтуынша, конкурс тәсілімен өткізілген сатып алудың қорытындылары шығарылғаннан кейін жеңімпаз анықталады. Содан кейін басқа қатысушылардан шағымдар түседі. Сондықтан түскен шағымдардан кейін оның уақыты 20 күнге дейін тоқтатылады. Шағымдану фактілері расталмаған кезде, өтінім берушіден бюджет кірісіне сатып алуға қатысуға енгізілген қамтамасыз ету сомаларын ұстап қалу, сондай-ақ қарау мерзімдерін қысқарту ұсынылады.

Денсаулық сақтау министрлігінде жемқорлық тәкекелдеріне ішкі анализ жүргізу кезінде мемлекеттік сатып алу заңнамаларында тапсырыс берушінің шартқа қол қою мерзімдері регламенттелмегені анықталды. Ол шарттардың белгіленген мерзімде жасалмауына және орындалмауына, сонымен қатар сот талқылауына алып келеді. Тапсырыс берушінің шартқа қол қоюы және жіберуінің нақты мерзімін анықтау ұсынылады, - деп айтты Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев.

Денсаулық сақтау саласында медицина қызметкерлерінің біліктілігін көтеруге қатысты мәселені көтеріп, медицина мамандарын әзірлеуге қатысты ұсыныстарын айтты.

Сонымен бірге Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил жоғарыда көтерілген мәселелерді министрлік өз бақылауына алатынын айтты.

Өзгелердің жаңалығы