"Дипломмен ауылға" бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды

15 Маусым 2020, 14:34
1508
Бөлісу:
"Дипломмен ауылға" бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қала және аудан әкімдерімен кездесіп, "Дипломмен ауылға" бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі бойынша селекторлық кеңес өткізгені туралы Инстаграм-дағы парақшасында жазды.

Әлеуметтік қолдау шаралары мамандарға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 1500 еселік АЕК немесе 4 млн 167,0 мың теңге (15 жыл мерзімге жылдық 0,01%-бен) және 100 еселік АЕК немесе 277,8 мың теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы беру жолымен жүзеге асырылады. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері ауылдық жерлерге 5,1 мыңнан астам маман келді, - деді облыс әкімі.

Іске асыру жылдарында жоба аясында 6,1 млрд теңге, оның ішінде көтерме жәрдемақы төлеуге – 618,0 млн теңге, тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредиттер беруге – 5,5 млрд теңге бөлінді. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредиттердің көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 55%-ға ұлғайып, 1 млрд 495,2 млн теңгені құрады. 421 маманға 117,0 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы қарастырылған.
Ағымдағы жылдың 1 маусымына 9,4 млн теңгеге 34 көтерме жәрдемақы берілді. Ағымдағы айда тұрғын үй сатып алуға 80 өтініш берушіге 324,9 млн теңге көлемінде несие беру жоспарлануда, оның ішінде білім беру мамандарына – 39, денсаулық сақтау мамандарына – 23. Сондай-ақ, денсаулық сақтау және білім беру жүйесіндегі баяндамаларды тыңдадым. Облыстың мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінде 15 мың адам, оның ішінде 1 900 дәрігер мен 6 мың медбике жұмыс істейді. 2019 жылы өңірге 265 дәрігер келгендiгiн атап өту керек, - деді ол.

Дәрігерлерге әлеуметтік қолдаудың теңдессіз шаралары көрсетілді. Осылайша, жергілікті бюджеттен ауылдағы 82 дәрігер 123 млн теңге сомасына 1,5 млн теңгеден көтерме жәрдемақы алды. Қалаға келгендерге облыс әкімдігінен бюджеттен тыс қаражаттан әрқайсысына 1 млн теңгеден көтерме ақы төлеу қарастырылған.

Бағдарламаны іске асыру аясында облыс өңірлеріне білім беру саласында 3590 маман келді, 410,5 млн теңге сомасына 3373 педагогқа көтерме жәрдемақы төленді және 3,5 млрд теңге сомасына тұрғын үй сатып алу үшін 1466 кредит берілді. Кеңес қорытындысы бойынша ауылдық елді мекендерге мамандарды тарту бойынша жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ, жас мамандарды қолдау шараларын көрсетуді тапсырдым, - деді Архимед Мұхамбетов.



Өзгелердің жаңалығы