Дінислам Болатханұлы: Биыл жазда білім басқармасы деген тарихи атауын қайтарады

30 Маусым 2023, 13:47
1863
Бөлісу:
Дінислам Болатханұлы: Биыл жазда білім басқармасы деген тарихи атауын қайтарады
Фото: Адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз қызметі

Бүгінде Түркістан облысында мектеп саны мыңнан асып жығылды. Бұл республика бойынша рекордтық көрсеткіш. Алайда осыған қарамастан аймақта мектепке деген қажеттілік әлі де бар. Сондықтан мектеп құрылысы жалғасын табады, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Сонымен Түркістан облысында білім саласы қалай дамып келеді және қандай күрделі мәселелер бар? Оқушылардың білім деңгейі қандай? Сапалы білім алу үшін қандай жобалар атқарылуда? Салаға бөлінген қаражат көлемі қанша? Бала құқы қорғалумен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына қандай жеңілдіктер жасалынып жатыр? Осы және басқа да сауалдар төңірегінде біз облыстың аталған салаға жауапты адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Дінислам Болатханұлы, биылғы оқу жылындағы Түркістан облысы оқушыларының жетістіктеріне тоқтала кетуден бастасаңыз.

– Иә, ең бірінші кезекте біз оқушыларымыздың білім деңгейімен мақтанарымыз шындық. Халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми байқау нәтижелері бойынша өткен жылмен салыстырғанда биыл елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніміз байқалады. Әсіресе облысымыздың оқу жетістігін зерделеу тестінің қорытындысы да көңіл қуантарлық. Оқушыларымыз бірден төртінші орынға көтерілді. Бұл аймақтағы білім сапасының артып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай прогреске республикалық және халықаралық білім конкурсының қатысушылары да қол жеткізді. Мысалы, жаратылыстану пәндері мен математика бойынша Президенттік олимпиадада Түркістандық команда ең үздік бестікке кіріп, өз нәтижелерін өткен жылмен салыстырғанда 30 %-ға көтерді. XVIII Республикалық «Зерде» сайысының ғылыми-зерттеу мен шығармашылық жұмыстары бойынша облысымыздың 12 оқушысы жеңімпаз атанып, көрсеткішті 42%-ға жақсартты. Сондай-ақ, Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық математика мен механика пәндері бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының конкурсына 7 қатысушыдан төртеуі жеңімпаз атанды. «Азия-Тынық мұхиті регионы» мен «Жібек жолы» халықаралық математика бойынша олимпиадалар қорытындысында Түркістан облысы өз көрсеткіштерін 12%-ға арттырды. Республикалық математика және жаратылыстану пәндері олимпиадасы бойынша 9%-ға, ал республикалық жалпы білім беру пәндері бойынша ғылыми зерттеу сайыстарының нәтижесі бойынша 19 жеңімпаз атанып, сапа өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға көтерілді. Тағы да жетістік туралы айтатын болсам, осы жылы біздің оқушыларымыз Robolend-22 атты VII-ші халықаралық бағдарлау, инновация және жаңа технологиялар фестивалінде 2 және 3-орындарды иеленді. Балалардың шығармашылық қабілетін арттырып, оларды танымал ету мақсатында басқарма тарапынан жергілікті Түркістан телеарнасында балалар үшін «Тұран» бала-фест сайысы, ал зерек балалар үшін «Күлтегін» шоу бағдарламалары жасалып, эфирге шықты.

– Оқырмандарды саланы цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтсеңіз.

– Ең бірінші кезекте балабақшаларда балаларды электронды түрде тіркеу жобасы пилоттық режимде басталып кеткенін айта кеткім келіп отыр. Одан бөлек, жыл басынан бері мұғалімдердің аттестациялау процесін автоматтандыру мақсатында «е-портфолио» енгізілді. Ал мектеп кітапханаларын цифрландыру және қажеттіліктерді автоматтандыру мақсатында «е-кітапхана» платформасы мен мектептер асханаларында онлайн төлеу жүйесі енгізілуде. Әр істі бастаудың «бісмілләсі» ол – дұрыс жоспарлау, басым бағыт пен мақсатты айқындау екені белгілі. Сондықтан біз аймақтық білім саласының 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарын әзірледік. Бұл TURKISTAN BILIMI атты кешенді жоспарымыз 11 бағыттан тұрады және білім саласын жан жақты дамытуға, бүкіл процестерді ашық етуге, жемқорлықтың алдын алу мақсатында автоматтандыруға бағытталған.

- Жаңа бір сөзіңізде аймақта мектеп саны мыңнан асқанын айтып қалдыңыз. Туу көрсеткіші жағынан облыстың алда келе жатқанын ескерсек, мектептер қай кезде жеткілікті болмақ?

- Иә, өзіңіз айтқандай, Түркістан облысында мектеп саны мыңнан асты. Бұл республика бойынша рекордтық сан. Алайда бұған қарамастан облыс үшін мектеп қажеттілігі әлі де бар. Сондықтан мектеп құрылысы жалғасын таба бермек. Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2023-2024 жылдары 63 мектептің құрылысы бекітілді. Бұл мектептердің жұмысы және өңіріміздің білім сапасын арттыруда барынша тиімді пайдалану жағын қарастырудамыз. Сондай-ақ, мектептер 395 жаңа модификацияланған кабинеттермен (химия, биология, физика) жабдықталатын болады.

- Әлеуметтік желілерден де, БАҚ беттерінен де облыс оқушыларының сары автобустармен қамтамасыз етілгені туралы жағымды жаңалықтарды көрдік. Бұл мәселе қалай шешімін тапты?

- Облыста күрмеуі көптен бері шешілмей келген мәселе – ол осы оқушылардың тасымалы болатын. Биыл ол сіз айтпақшы шешімін тапты. Облысқа 101 жаңа заманауи автобустар лизингпен алынды, яғни 20 орындық 71, 38 орындық 30 жаңа заманауи автобуспен толықтырылды. Бұл көліктер қазіргі кезеңдегі ең озық қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұл автобустар мектептері жоқ ауыл балаларының қауіпсіз әрі жайлы тасымалын ұйымдастыратын болады. Ауыл демекші, биыл ауыл мектептерінің сапасын арттыру мақсатында Отырар ауданында алғаш тірек мектебі жасақталды. Заманауи үлгіде жасақталған бұл мектепте Назарбаев зияткерлік мектебі тарапынан білім сапасын арттыру, басқару жөнінде мұғалімдер мен директорларына тренинг сабақтар жүріп, ол әрі қарай ауданның алты ауылдық мектебіне басшылық жасап, үлкен әдістемелік орталыққа айналады.

- Түркістан облысының білім сапасын көтеруде жасалған ең ірі жобаларыңыз бар ма?

- Әрине бар, биылғы оқу жылы жаңа жобалармен де ерекшеленді. Айталық, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы кезекті қоғамдық сенім кеңесіндегі жиында идеологияны жасау үшін азаматтардың өздігінен кітап оқуына құлшындыруды мектеп қабырғасынан бастау керектігін айтып өткен еді. Президенттің осы тапсырмасын жүзеге асыру үшін 2025 жылға дейін мектептегі кітапханаларды дамытудың Жол картасы әзірленді. Осының аясында «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы оқушылар мен мұғалімдерді кітап оқуға ынталандыруды көздеп отыр. Киелі аймақта кітап оқуды дамыта түсу үшін KitapXAH@ жобасы дүниеге келді және қатысып жатқандардың саны көбейіп келеді. 2023 жылы жоба арнайы сайтқа тіркелу арқылы жүзеге асырылуда. Қазір сайтта 2054 оқырман тіркелген, оның 400-дейі педагог, екі мыңға жуығы оқушылар. Қазірге дейін көп кітап оқыған оқырмандарды ынталандыру үшін ноутбук пен велосипедтер сыйға берілді. Бұл жобаға кітапханашылар да, мұғалімдер де, 5-10 сынып оқушылары да белсене қатысып жатыр. Жоба осынысымен тиімді болып тұр, оқырман да көбеюде. Мәселен Эстонияда әрбір отбасында 80-90 кітап болса, салыстырмалы түрде біздің елімізде кітап оқу үдерісі төмен екен. Расында оқуға құштарлықты арттыру мақсатында өңірдегі 55 мектепте «Коворкинг» орталығы ашылғанын айта кеткім келеді. Әдеби кітаптарды сатып алуға 378 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді, білім ошақтарындағы кітапханалар жаңартылып, толықтырылуда. Кітапханаға кітап сыйлайтын акция да өз нәтижесін беріп, 37 мыңдай кітап жиналды. Тағы бір ерекше атап өткім келетін жоба, ол – BilimLand цифрлық платформасын енгізу. Бұл платформа облысқа тегін беріліп отырғанын атап өткім келеді. Сол үшін осы платформаны әзірлеуші азаматтарға алғыс айтқым келеді. Бұл платформада 37 пәннен 25 мыңнан аса дайын цифрлық сабақтар, 100 мыңнан аса интерактивті тапсырмалар жинағында 35 мыңнан астам видеосабақ пен 544 мыңнан аудиоинтерактивті тапсырма, 200 мыңнан аса тестілеу тапсырмалар жинақталған. Сондай-ақ, онлайн үй тапсырмалар бойынша 77 мыңнан астам тест тапсырмалары да мұғалім мен оқушылардың пайдалануына берілді. Ал бітіруші түлектерге тегін ҰБТ-ға дайындалу мүмкіндігі де берілді.

- Ұлттық бірыңғай тестілеу демекші, облыста бұл қалай өтіп жатыр?

- Қазір аймақта тестілеу бес ауданда және қаладағы «USTUDY» орталықтарында өткізіліп жатыр. 600-дей компьютерлік орын жабдықталған. Ұлттық бірыңғай тестілеу цифрлық форматқа өткізіліп, жылына төрт рет тапсыру мүмкіндігі берілді. 11 сынып бітірушілері қаңтар айынан бастап ЖОО-на түсе алады. Мемлекеттік грантқа түсу үшін тіркелу осы жылдың 28 сәуірі мен 14 мамыр аралығында жүргізілді. Ал тест тапсыру мерзімі 18 мамыр – 5 шілде аралығында жүргізіледі және де тестілеуден өтуге екі рет мүмкіндік беріледі. Тестілеу барысы толығымен бейнежазбаға түсіріліп, бейнекамералар Ұлттық тестілеу орталығымен бақылауға алынды. Ағымдағы жағдай бойынша Түркістан облысындағы 29491 мектеп бітірушінің (оның ішінде 23632 қазақ, 1968 орыс, 3614 өзбек, 277 тәжік) Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға өтініш бергені – 21065, яғни 71,4% құрайды. Оның ішінде қазіргі таңда тестілеу тапсырғаны – 4357, шығармашылық емтихан тапсырғандар саны – 614, тестілеуге қатыспағаны – 79 (денсаулығына және түрлі себептермен). Сонымен қатар, бүгінде облыс бойынша 4 оқушының тестілеу нәтижесі жойылды. Өзіңіз білесіз, ҰБТ ережесіне сәйкес тестілеу барысында тыйым салынған заттар анықталса екінші мүмкіндіктегі ҰБТ-ны тапсыруға жіберілмейді. Ал былайша мектеп бітіруші түлекті ҰБТ-ге қатысуға мәжбүрлемейді және қатысуға шектеу қойылмайды. ҰБТ қорытындысы бойынша мектептердің орта балымен рейтинг жасалынбайды.

- Оқушыларға дұрыс мамандық таңдауға көмектесіп жатырсыздар ма?

- Әрине, енді ғана мектеп бітіріп шыққан түлектердің дұрыс мамандық таңдауына көмектесу ел ертеңіне де қажет мамандарды дайындау деген сөз. Мемлекеттің келешегі адами капиталды дұрыс жолға қоя білу үлкендердің міндеті. Осы ретте біз аймақтың мектеп бітірушілеріне «Болашақ» бағдарламасының түлектерінің менторлық жұмыстарын қоса ұсынып жатырмыз. «Өскенде кім боласың?» жобасы барысында түлектер өз бағытын айқындай алады. Аталған жобаға 20 мыңдай 9-11 сынып оқушылары өз ата-аналарымен бірге қатысады. Бұдан бөлек, Түркістан өңіріндегі мектебі жоқ 180 елді мекеннен 15 мыңнан көп бала келіп қатысады және оларды тасымалдап жеткізу жағы қарастырылған.

– Құпия болмаса Түркістан облысының білім саласына бөлінген бюджеті туралы айта аласыз ба?

– Құпия ештеңесі жоқ. Облыстық білім саласының бюджеті 600 миллиардтан асты. Үш жылдық қаражаты бекітілді. Соңғы жылдар ішінде алғаш рет оқу жылын мұғалімдер алдында қарызсыз жаптық. Бірақ біздің басты мақсатымыз қаржы жүйесінде заң бұзушылыққа жол бермеу. Сондықтан қаражаттың тиімді әрі заңды жұмсалуын қамтамасыз ету үшін «Бұлтты бухгалтерия» жобасы енгізілуде. Қазіргі таңда үш аудан апробациядан өтті. Алдағы уақытта бүкіл облыстық білім ұйымдары осы бағдарлама негізінде жұмыс істейтін болады.

– Кейде әлеуметтік желі беттерінен педагогтердің бір-бірімен айтысып, шағымданып жатқан даулы мәселелерін көзіміз шалып қалады. Мұндай мәселені қалай шешіп жатырсыздар? Арыз-шағым қаншалықты көп түседі?

– Біз үшін кері байланыс орнату өте маңызды. Сондықтан әр бейсенбі азаматтармен жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізіліп тұрады. Бір жылдың ішінде 200-ден аса осындай қабылдауларды өткізіп, онда көкейкесті мәселелерді ашық талқылап қана қоймай, шешімдер қабылданады. Апта сайын 17 білім бөлімі басшыларымен, колледж және дарынды балаларға арналған мектеп жалпы облыстық білім мекемелерінің басшыларымен аппараттық жиындар өтеді. Азаматтар сұрақтар туындаған жағдайда біздің колл-центрге хабарласа алады. Бір жылда мыңнан аса қоңырау, 300-ден аса электронды хат келіп түсті. 730 мәселе қаралып, шешімін тапса, қалғандарына сөйлесу барысында түсіндірме берілді. Тағы бір айта кететін жайт, біздің тарапымыздан білім мекемелерінің басшыларын тағайындауда ашықтықты қамтамасыз ету, ең өзекті мәселе ретінде қаралады. Сондықтан, мұғалімдердің ұсыныстарына құлақ аса отырып, тағайындау кезіндегі сұхбаттасу басқарманың әлеуметтік желілердегі парақшаларында тікелей эфирде жүргізіле бастады.

– Ал балалардың құқығын қорғау мәселесі ше?

– Әрине, ол да біздің басты назарымызда. Балалар мен ата-аналарға дер кезінде көмек беру мақсатында «Bala qorgau» жобасы жүзеге асырылуда. Балалар жылы аясында облыста 80-нен астам ірі шаралар өткізілді. Облыс әкімінің кеңесшісі ретінде облыстық бала құқығын қорғау омбудсмені тағайындалды. Сонымен бірге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына да қолдау жасалып келеді. Өткен жылы 52 мыңнан астам балаға көмек берілді. Қиын жағдайға тап болған балаларға, олардың отбасыларына көмек беру үшін «Менің аулам» жобасы жұмыс істейді. 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына мектеп формасын алу үшін 1,9 миллиард теңге қаражат бөлінді. Биыл облыстағы 2 балалар ауылынан (үйлерінен) 8 бала қамқоршылық пен қорғаншылыққа, 3 бала патронаттық тәрбиеге беріліп, балаларды отбасыларға орналастыру арқылы балалар ауылдарындағы бала саны жылдан жылға азаюда. Мәселен, 2020 жылы – 185, 2021 жылы – 166, 2022 жылы – 110, 2023 жылы– 102. Облыстағы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырылған 68 балаға құқықтық, әлеуметтік және психологиялық сүйемелдеу және қолдау жұмыстары жүргізіліп, олар өз отбасыларына қайтарылды. Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу үшін ноториалды сенімхатпен туған-туыстарының тәрбиесінде жүрген мыңнан астам бала өз ата-аналарына қайтарылды. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бірінші кезекте отбасына орналастыру қамқоршылық, патронаттық тәрбие жұмыстары жүргізілуде. Мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылданған балалардың 15% әлеуметтік осал топтарға жататын отбасы балалары қабылдануда. Соның ішінде 2 оқушы Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері Білім-инновация лицейінің оқушысы атанды. Балалар үйлері тәрбиеленушілері қатарынан түрлі деңгейдегі спорттық, өнер сайыстарында жеңімпаз тәрбиеленушілеріміз бар.

– Облыста қанша педагог кадрлар бар?

– Түркістанда 81919 педагог бар, оның 877-сі «педагог-шебер», 13822-сі «педагог-зерттеуші», 15904 «педагог-сарапшы», 12399 «педагог-модератор», 18878 педагог жұмыс істейді. Облысымызда қазіргі кезде сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін осы бағытта педагогтердің біліктілік санаттарын беру электронды Е-ПОРТФОЛИО форматына көшірілді. Биыл электронды форматқа алты мыңнан астам педагог құжатын тапсырды. Облыстық аттестация комиссиясының шешімдері осы шілде айында шығады. Жалпы, орта білім беру ұйымдарында - 64983, кәсіптік және орта білім беру ұйымдарында (ТИПО) - 3246, балабақша педагогтері - 13690 құрайды.

– Биыл мектеп оқушыларының аттестатпен қатар колледж дипломын да алып шығады деген әңгімені естігендей болып едік...

– Ол рас, 2023 жылдан бастап пилоттық жоба ретінде Түркістан облысында 2 колледжде 10-11 сыныптарының білім алушылары оқудан қол үзбей бір уақытта жұмысшы біліктілігі бойынша диплом алуға эксперименттік білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Яғни, мектеп түлегі аттестатпен бірге колледждің дипломын алып шығады, нарыққа қажет мамандықтың иесі бола алады. Кәсіптік және техникалық білім алу үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту мәселесі де шешімін тапты. Өткен жылы 11 мың грант берілсе, биыл 15 мың грант бөлінуде. Келесі оқу жылынан бастап колледж студенттерінің стипендиясы елу пайызға артады деп күтіп отырмыз. Колледж студенттері өз тәжірибесін шыңдау әрі өз шеберлігін көрсету үшін арнайы WORLDSKILLS TURKESTAN сайысы өткізілуде. 2022 жылы барлық мемлекеттік колледждердің қорытынды емтихандары теориядан кетіп, практиға негізделіп, демо-емтихан форматында өткізілді. Сөйтіп жұмыс берушілер өздері емтихан ала отырып, шеберлігі жоғары түлектерді жұмысқа шақыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл студенттерге де, жұмыс берушілерге де үлкен мүмкіндік деген ойдамын. Сондай-ақ, студенттердің сабаққа қатысуын қадағалау мақсатында 2022-2023 оқу жылында колледждердің кіре берісіне автоматтандырылған бақылау жүйесі (СКУД) орнатылды. Бүгінде облыста дуальды оқыту жүйесі 35 колледжде көлік, тамақтану, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, сервис, энергетика және байланыс салалары бойынша іске асырылылып, 5390 студентті қамтиды. Қазіргі таңда жұмысқа орналасқандар саны 734 құрайды.

– Қазір жаз айы. Балалар демалып асыр салатын кезең. Жазғы сауықтырумен қанша бала қамтылды?

– Жалпы аймақта 17 лагерь бар, оның жетеуі мемлекеттік болса, оны жекеменшіктікі. Жағдайы төмен отбасылардан шыққан 23 мыңнан астам бала бюджет қаржысынан тегін демалса, 15 мыңдай бала ақылы түрде демалып қайтады. 41 597 бала таулы аймақтағы сауықтыру орындарына барса, 153 мың бала мектеп жанындағы лагерьлерде жазғы демалысын өткізеді. Биыл лагерь бағасы бір балаға 30252 теңгені құрап отыр. Облыстың әсем де таулы аумақтарында орналасқан лагерьлер көп. Түлкібас ауданындағы «Арман», «Ерке» жазғы демалыс аймақтарында 3390 бала тегін демалады. Мектеп қасынан ашылған 330 жазғы сауықтыру орындарында 20 мыңға жуық бала демалыспен қамтылады. Сонымен қатар, 580 ойын алаңшасы да жазғы демалыста бүлдіршіндерге тегін қызмет көрсетеді. Барлық лагерьлер қазіргі таңда өз жұмыстарын бастап кетті және жаз бойы қызметін жалғастыратын болады. Біздің облыстағы екі отбасылық балалар ауылының жетім әрі қамқоршысы жоқ 170 бүлдіршіні «Самал» деген лагерьде жаңа оқу жылына дейін демалыспен қамтамасыз етілген. Ал 1050 бала «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерьлерінде сауықтырылады. Тағы бір айта кететін нәрсе, биыл қала сыртындағы лагерьлерді ағымдағы жөндеуден өткізуге 52,0 миллион теңге қаржы қаралған. Түркістан облысы білім басқармасы жазғы сауықтыру лагерьлерінің санын арттыру мақсатында табиғаты тамаша жерде орналасқан білім беру мекемелерінде биыл мектеп жанындағы лагерьлерді ұйымдастыру жоспарлануда. Нәтижесінде оннан аса білім мекемесінің жанында балаларға арналған лагерь кұрылмақ. Бұдан бөлек, оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 110 мыңға жуық бала көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына қатысатын болады.

Ең соңында айтатыным, биыл жазда Адами әлеуетті дамыту басқармасы атауын өзгертіп, Білім басқармасы деген тарихи атауын қайтарады. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалды тарапынан қолдау тауып, тиісті қаулы шықты.

Өзгелердің жаңалығы