Ақтөбе қаласында 9 жазғы лагерь жұмыс жасап жатыр

30 Маусым 2023, 13:31
1335
Бөлісу:
Ақтөбе қаласында 9 жазғы лагерь жұмыс жасап жатыр
Фото: автордан

Биыл Ақтөбе қаласында 9 жазғы лагерь жұмыс жасап жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Асхат Ізбасардың айтуынша, биыл жаз айларында аталған лагерьлерде облыс бойынша 155 мыңнан астам бала демалады.

Биыл өңірімізде бір мемлекеттік, 8 жекеменшік лагерь, сондай-ақ мектептер жанында 360 лагерь жұмыс жасайтын болады. Облыстағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 4 мыңнан астам бала қала сыртындағы лагерьге жолдама алды. Сонымен қатар 12 мың бала мектеп жанындағы лагерьлермен қамтылып отыр. Бұл мақсаттағы жұмыстарға облыстық бюджеттен 394 миллион теңге бөлінді, — дейді бөлім басшысы.

Ақтөбе қаласында 9 жазғы лагерь жұмыс жасап жатыр

Жыл сайын Ақтөбе облысында ірі өндіріс орындарының қаржылай қолдауымен мыңдаған бала лагерьлерде демалуға мүмкіндік алады. Биыл осы орайда облыстағы

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы, «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Дөң тау-кен байыту комбинаты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты, сондай-ақ «Восток Нефть», «Восток Ориол» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 6200 баланың жазғы лагерьлерде демалуына жағдай жасады. Одан бөлек өңірдегі ірі шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің, ата-аналардың есебінен 24 736 бала жазғы демалыспен қамтылмақ.

Жазғы лагерь бұл балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жаңа достар тауып, қызықты дүниелерді көріп-білуіне, дүниетанымын кеңейтуіне зор септігін тигізеді. Лагерьде балаларға 3-4 мезгіл тамақ беріледі, түрлі мәдени-спорттық шаралар өткізіледі. Он күн бойы тынығып, саяхаттауына мүмкіндік жасалады. Мәселен, биыл Ақтөбе облысында 17 мыңнан астам оқушы туристік саяхаттарға жолдама алса, 20 мыңға жуық бала өңірдегі 50-ге тарта қосымша білім беру ұйымы жанында жұмыс жасайтын жазғы алаңдар мен үйірмелерге барады. Бұл олардың шығармашылық қабілетін дамытып, спорттық-туристік, ғылыми-техникалық және тілдік бағыттарда қосымша білім алуына мүмкіндік береді, — дейді Ізбасар.

Бөлім басшысының айтуынша, ақтөбелік оқушылар биыл облыс деңгейінде ғана емес, республика көлемінде де шипажайларда демалып жатыр. Атап айтсақ, жазғы үш айда Астана қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығына 199 бала, Алматы қаласындағы«Балбұлақ» оңалту орталығына 33 бала, Алматы қаласындағы «Алатау» балалар клиникалық шипажайына 60 бала, «Бурабай» санаториялық орталығына 102 бала жіберілген.

Биыл жазғы демалыста балаларға арналған мәдени шараларды да өткізу жоспарланып отыр. Мәселен, талантты, өнерлі балалардың қатысуымен «Кітап фестивалі-2023» және «Бақытты бала-2023» халықаралық вокалдық балалар фестиваль-байқауы ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар өңірдегі мектептердің оқушылары облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап, тегін экскурсияларға қатыстырылады, — дейді Ізбасар.

Айта кету керек, биыл маусым айынан бастап қала мектептерінде оқитын 5300 бала облыстың барлық аудандарына бір күндік экскурсия жасап, ауыл-аймақтардағы тарихи-мәдени жерлерді аралайды.

Ақтөбедегі көпке белгілі лагерьлердің бірі — «Шұғыла» жазғы лагері. Бұл лагерьдің облыста жұмыс жасағына бес жылдан астам уақыт болды. Бұл жерде жыл сайын мыңнан астам бала демалып, тынығады. Биыл бұл демалыс орнына «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» әлеуметтік жобасы аясында елді мекендерде тұратын 1500-ге жуық оқушы жолдама беріліпті. Қазір екінші ауысымда мұнда 280 бала демалып жатыр.

Лагерь басшысы Айдынғали Жетешовтің айтуынша, жоба аясында демалатын оқушылардың дені — оқуда озат, дарынды және әр түрлі байқауларда жүлдегер атанған балалар. Олар күніне алты мезгіл ауқаттанып, спорттық, мәдени-көпшілік шараларға қатысады. Ойын ойнап, өзара әр түрлі конкурстар, жарыстар өткізеді.

Ақтөбе қаласында 9 жазғы лагерь жұмыс жасап жатыр

Осы лагерьде демалып жатқандардың бірі, Құмқұдық орта мектебінің оқушысы Асылай Абаева жуырда демалыс орнында дойбыдан өткен жарыста жүлделі бірінші орынды иеленіпті.

Мұнда жаңа достар тауып, ойнап, уақытымызды қызықты өткізіп жатырмыз. Мұнда тәлімгерлеріміз әр түрлі интеллектуалдық шаралар ұйымдастырады. Жарыстарға қатысып, өзіміздің біліміміз бен өнерімізді ортаға салып жатырмыз. Маған «Шұғыла» ұнап жатыр. Бізге осындай мүмкіндік жасаған аға-апаларға алғыс айтамын, — дейді Асылай.

Бұл лагерь қала сыртында, Украинка ауылының аумағында орналасқан. Биыл лагерь алты ауысымда жұмыс жасайды. Жалпы саны 1680 баланы қамтиды.

Ал Ақжар-1 елді мекенінің қасында орналасқан «Кәмпит» лагері биыл да демалушыларға өз есігін айқара ашты. Бүгінде лагерь екінші маусымын аяқтап жатыр. 3 шілдеден бастап мұнда үшінші ауысымның балалары келеді.

Лагерь басшысы Айболат Ташпентаевтың айтуынша, биыл лагерь балаларға 6 ауысым бойы қызмет етеді.

Жазғы демалыс басталысымен балалар жазғы лагерьде тынығып, асыр салып ойнауға асығады. Биыл да біздің лагеріміз дәстүрге сәйкес өз достарын қуанып қарсы алды. Лагерімізде қазір Астана, Ақтау, Атырау қалаларынан келген, сондай-ақ облыстағы аудандардан жіберілген балалар демалуда. Негізінен бізге келушілерге еліміздегі белгілі кәсіпорындар демеушілік жасайды. Биыл күз айларына дейін мұнда 1900 оқушы демалады. Қазір екінші ауысым аяқталуға жақын. Осы ауысымда 315 бала өз уақытын тиімді өткізді. Ал алғашқы ауысымда 315 оқушы демалған болатын, — дейді ол.

«Кәмпит» лагері — соңғы үлгіде жасақталған демалыс орны. Мұнда демалыс бөлмелері, ойын алаңдары, кең сахна, асхана және бассейн бар. Әр ауысымда балалар 10-12 күн демалады. Лагерьдің бір күні екіншісіне ұқсамайды. Себебі әр күн сайын тәрбиелік-спорттық шаралар ұйымдастырылып, оқушылардың уақыттарын қызықты, тиімді өткізуіне барлық мүмкіндік жасалған. Лагерь ғимараттары 6 корпустан тұрады.

Былтыр алты ауысымда 2 мың баланы қамтыдық. 60 күн бойы 60 түрлі тақырып бойынша іс-шаралар өткіздік. Биыл да жоспарға сәйкес ауысымдарда түрлі тақырыптар бойынша байқаулар, олимпиадалар, спорттық жарыстар ұйымдастырып жатырмыз. Балалардың қызығушылығы жоғары. Жалпы оқушыларымыз жан-жақты, өнерлі, талантты екені көрініп тұр. Сондай-ақ бүгінде лагерімізде футбол, каратэ, шахмат, дойбы, сондай-ақ ағылшын тілі мен логикалық ойлау сынды пәндерден үйірмелер жұмыс жасауда, — дейді Айболат Ташпентаев.

Айта кету керек, мұнда бір топта 25-30 бала бар. Оларға бір тәрбиеші, екі тәлімгер қызмет етеді. Әр ауысымда 10-11 топ өзара спорттық, мәдени шаралар аясында жарысып, білімдері мен өнерлерін ортаға салады. Көңілді жаздың қызығын сезініп жатқан балалар «Кәмпитке» жыл сайын келуге бар. Тіпті, балалар ауысым соңында бір-бірін қимай, көзіне жас алып, тарқасуда. Ал сіз балаңызды биыл лагерьге бердіңіз бе?...

Өзгелердің жаңалығы