Діни ақпараттардың бір бұлақтан тарқағаны маңызды – Тазабек

7 Қараша 2020, 12:38
1787
Бөлісу:
Діни ақпараттардың бір бұлақтан тарқағаны маңызды – Тазабек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Asyl arna» телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабек бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Халық арна» телеарнасының жұмысына қатысты өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Таза діни бағдарламалар ҚМДБ-на қарасты «Халық арнаның» меншігінде болуы керек. «Халық арна» пісіп, жетіліп, көрерменге жол тартып жатқаннан кейін, «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дегендей, қазіргі уақытта әсіресе, діни ақпараттардың бір бұлақтан тарқағаны маңызды. Өте нәзік, жауапты сала болғандықтан да, біз оны өз мамандарына, істі иесіне қайтарып жатырмыз. Біздің өте үлкен аудиториямыз қалыптасты, көрермендеріміз бар. Оларды қуантатын жобаларымыз бар, - деді ол.

Мұхамеджан Тазабек телеарна аудиториясынан бөлек, әлеуметтік желілерде де жеке аудиториясы қалыптасып үлгергенін тілге тиек етті.

Біз әлеуметтік желілердегі көрермендерге ұсынар дүниелерді де дайындап жатырмыз. «Асыл арнаның» көрермендері «Тәлім ТВ» арнасы ретінде де еш нәрседен кенде қалмайды. Керісінше, рухани, танымдық тұрғыдан байып, көкейде жүрген сұрақтарына жауап беретін бағдарламалардың шығатынына кепілдік бере аламыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы