Динара Зәкиева 10 жасар қыздарға хат жазған блогерге қатысты мәлімдеме жасады

Бүгiн, 20:39
184
Бөлісу:
Динара Зәкиева 10 жасар қыздарға хат жазған блогерге қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Видеодан кадр

Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі уәкілі Динара Закиева блогер Құпынай Қалменова жариялаған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол кәмелетке толмаған балалардың (10-11 жас) құқықтарын қорғау мақсатында тиісті шаралар қолға алынғанын айтты.

Аталған жағдай бойынша мен және заңгер кеше блогермен байланысқа шықтық. Қалалық прокуратурамен бірге процестік шешім қабылдау мәселесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Уәкілетті органдармен бірлесе отырып, балалардың құқықтарын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз, – деп жазды ол.

Балалар құқығы жөніндегі уәкіл ата-аналарды балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қырағы болуға шақырды.

Ата-аналарды қырағы болуға шақырамын: баланың кімдімен араласатынын әрдайым бақылап, оған қауіп-қатерлер, соның ішінде әлеуметтік желілердегі қауіпті жағдайлар туралы айтып отыру қажет. Сондай-ақ мектептерде қауіпсіздік сабақтары аясында қаралатын тақырыптарды талқылау маңызды, – деді Динара Закиева.

Ол балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық өзгерістер туралы да еске салды. Ол былтыр қабылданған заң аясында он алты жасқа толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттер үшін жаңа қылмыстық бап енгізілгенін атап өтті.

Аталған бап бойынша маусым айынан бері 33 қылмыстық іс тіркелді. Бұл заң осындай әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге және ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Уәкіл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кез келген күмәнді жағдай туындаған кезде азаматтарды 102 немесе 111 нөмірлеріне хабарласуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы