19 қарашада Мехикодағы Palacio de los Deportes аренасында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрмет белбеуі табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл марапат өнерпаздың халықаралық деңгейдегі жетістіктері мен музыка арқылы түрлі елдер мен мәдениет өкілдерін жақындастыруға қосқан үлегіне берілген баға болды.
Белбеуді Дүниежүзілік бокс кеңесінің өкілдері кіші Гектор Сулейман, Хосе Антонио Арреола Сулейман, Виктор Сильва және Қазақстанның WBC-дегі өкілі Әлихан Жарылғапов табыстады.
Димаштың анасы, қазақстандық әнші Светлана Айтбаева Латын Америкасындағы концерттік сапар барысында бірқатар жағымды жаңалық болғанын атап өтті.
Монтеррейде қазақстандық әншінің бейнесі салынған мурал пайда болса, Мехиконың орталығындағы Мексиканың көрнекті тұлғасы Венустиано Каррансаға арналған мұражайда Димаштың шығармашылығына арналған фотокөрме ашылды, - деді ол.
Сөзінше, көрмеге Қазақстанның Мексикадағы елшілігінің өкілдері де қатысқан.
Монтеррейде Димаштың құрметіне мурал салынды
Мексиканың Монтеррей қаласындағы Димаш Құдайберген бейнеленген мурал қала шегінен тыс жерлерге де танылып үлгерді. 14 қарашадағы концертінен кейін әнші осы орынға арнайы барып, достарымен бірге жанкүйерлеріне музыкалық тарту әзірледі. Алайда Қазақстан мен Мексиканың символына айналған туындының тарихы бұдан әлдеқайда ерте басталған.
Жобаға 2025 жылы жергілікті Dears Regias MTY фан-клубының мүшесі Бренда Лорена Эскамилья Мартинес бастамашы болған. Ол Монтеррей тұрғындарын Димаштың өнерімен кеңінен таныстыру мақсатында қалада әншінің бейнесі бар мурал салуды ұсынған.
Идеяны жүзеге асыру үшін жанкүйерлер бірнеше ай бойы қаладағы адам көп жүретін, қолжетімді әрі көзге бірден түсетін орынды іздеген. Ақырында олар Монтеррейдегі Callejón Cultural деп аталатын Мәдениет тұйық көшесін таңдаған. Бұл орын көне бұйымдар, қолөнер туындылары мен жергілікті шеберлердің өнімдері сатылатын дәстүрлі жексенбілік базарымен танымал.
Ғимарат иесінен рұқсат алған соң фан-клуб мүшелері композицияны әзірлеуге кіріскен. Жобаны жүзеге асыруға Бренданың жұбайы, кәсіби мурал суретшісі Антонио Рейна Трухильо көмектескен.
Алдымен қабырға дайындау жұмыстары жүргізілген: ескі бояу алынып, беті тазартылып, ақ түсті астар жағылған. Димаштың жанкүйерлері бос уақыттарын жобаға арнап, кешкі уақытта және демалыс күндері бас қосып отырған.
Дайындық аяқталғаннан кейін Антонио композицияның нобайын түсіріп, фан-клуб мүшелері муралдың ірі бөліктерін бояуға көмектескен.