- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Димаш, Бали және визасыз режим: Қазақстан мен Индонезия байланысы қалай дамып жатыр?
Димаш, Бали және визасыз режим: Қазақстан мен Индонезия байланысы қалай дамып жатыр?
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
26 Қараша 2026, 14:28
Қазақстан мен Индонезия экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге шығаруды көздеп отыр. Индонезия Қазақстаннан алғаш рет 2,3 миллион баррельден астам мұнай импорттады. Ал Қазақстанның Индонезия нарығына 20 түрлі тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайту әлеуеті 60 миллион доллардан асады. Тараптар алдағы жылдары сауда көлемін 2 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Астанада өткен Индонезияның «Wonderful Indonesia» дипломатиялық қабылдауында Қазақстан Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев пен Қазақстандағы Индонезия елшісі Мохамад Фаджрул Рахман баяндап берді.

Іс-шара Индонезия тәуелсіздігінің 81 жылдығына, Қарулы күштерінің құрылғанына 81 жыл толуына және Қазақстан мен Индонезия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толуына арналды.
Индонезия Қазақстаннан алғаш рет мұнай импорттады
Индонезия елшісі Мохамад Фаджрул Рахманның айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық байланыс соңғы уақытта айтарлықтай жандана түскен. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Индонезия мен Қазақстан арасындағы өзара сауда көлемі 467,8 миллион АҚШ долларына жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 237,72 пайызға жоғары.
Екіжақты ынтымақтастықтағы маңызды оқиғалардың бірі – Индонезияның Қазақстаннан алғаш рет шикі мұнай сатып алуы. Елшінің мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйекке дейін жеткізілген мұнай көлемі 2,3 миллион баррельден асқан.
Біздің мақсатымыз тек шикі мұнай импорттаумен шектелмейді. Біз Қазақстанның энергетика саласына инвестиция салып, осы елдің энергетикалық өнеркәсібін дамытуға белсенді түрде қатысуға мүдделіміз, – деді Мохамад Фаджрул Рахман.
Оның айтуынша, Индонезия Қазақстанмен энергетика, пайдалы қазбалар, өңдеу өнеркәсібі, цифрлық экономика және исламдық қаржы салаларындағы байланысты кеңейтуге ниетті. Елші алдағы үш-бес жылда екіжақты сауда көлемін 2 миллиард АҚШ долларына жеткізу мақсатын да атады.
Қазақстан Индонезияға қандай өнім экспорттай алады?
Қазақстан Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев та екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан мен Индонезия арасындағы өзара сауда көлемі 145 миллион АҚШ долларын құраған. Сонымен қатар Қазақстанның Индонезияға экспортын арттыруға мүмкіндік бар.
Қазақстанның Индонезияға экспортын ұлғайту әлеуеті тек 20 түрлі қазақстандық тауар позициясы бойынша 60 миллион АҚШ долларынан асады, – деді Асан Дарбаев.
Вице-министрдің сөзінше, Индонезия тарапы қазақстандық өнімдерге қызығушылық танытып отыр. Сондықтан басты міндет – осы нарықта сұранысқа ие болған отандық тауарлардың жеткізілім көлемін ұлғайту.
Асан Дарбаев екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуда Еуразиялық экономикалық одақ пен Индонезия арасындағы Еркін сауда туралы келісімнің маңызына да тоқталды. Құжатқа 2025 жылғы желтоқсанда қол қойылған. Қазір тараптар оны іс жүзінде іске асыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Вице-министрдің айтуынша, бұл келісім екі елдің бизнес өкілдеріне жаңа нарықтарға шығуға және сауда байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Алматыда Индонезияның сауда орталығы ашылуы мүмкін
Екі ел экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін институционалдық байланыстарды да нығайтып келеді.
2026 жылғы 11 мамырда Астанада Қазақстан мен Индонезия арасындағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның екінші отырысы өтті. Бұл кездесу 13 жылдық үзілістен кейін алғаш рет ұйымдастырылды.
Оның аясында Индонезияның Экономикалық мәселелер жөніндегі үйлестіруші министрлігі мен Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі арасында экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ал шілде айында екі елдің өнеркәсіп министрліктері өнеркәсіптік ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасасты.
Қазір Алматыда Индонезияның Сауданы ілгерілету орталығын (Indonesia Trade Promotion Center) ашуға дайындық жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар екіжақты инвестицияларды қорғау және көтермелеу туралы келісім бойынша келіссөздер қорытынды кезеңіне жеткен.

Тараптар энергетика, пайдалы қазбалар, цифрлық коммуникациялар және халал өнімдерді сертификаттау салаларындағы ынтымақтастықты да дамытуға мүдделі.
Индонезия Қазақстанға өңделген пальма майын, кофе, какао, дәмдеуіштер, тропикалық жемістер, фармацевтикалық өнімдер, электроника, автомобиль бөлшектері, тоқыма бұйымдары мен халал өнімдер экспортын арттыру мүмкіндігін қарастырып отыр.
Ал Қазақстандық компаниялардың Индонезия нарығына шығуға қызығушылығы артып келеді. Елші ақылды қалалар мен заманауи мобильділік саласындағы InDrive, Innoforce, Sergek және Parqour компанияларын, сондай-ақ ERG, Tau-Ken Samruk, Kazakhmys, BI Group және Freedom Group секілді компанияларды атап өтті.
Қазақстандықтар Индонезияға визасыз бара алады
Екі ел арасындағы ынтымақтастық сауда мен инвестициядан бөлек, туризм, білім және мәдениет салаларын да қамтиды.
2026 жылғы 9 шілдеден бастап Индонезия Қазақстан азаматтары үшін визасыз кіру тәртібін енгізді. Елші бұл шешім екі мемлекет халқы арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететінін айтты.
Оның мәліметінше, 2025 жылы Индонезияға 24 424-тен астам қазақстандық турист барған. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл елге 25 772-ге жуық қазақстандық саяхаттаған. Индонезия тарапы жыл соңына дейін Қазақстаннан келетін туристер санын 50 мыңға жеткізуді көздеп отыр.
Сонымен қатар екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл бағытта тараптар көлік саласындағы уәкілетті органдармен және әуе компанияларымен жұмысты жалғастыруға ниетті.
Білім саласындағы байланыс та нығайып келеді. 2026 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарында 100-ден астам индонезиялық студент білім алып жатыр. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Назарбаев Университеті бар.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – Индонезияның дәстүрлі жекпе-жек өнері пенчак силат. Қазір Қазақстанда бұл спорт түрімен шамамен 6 мың адам айналысады. Ал 2027 жылғы мамырда Джакартада қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің концерті өтеді деп жоспарланған.
Осылайша, Қазақстан мен Индонезия энергетика мен саудадан бастап, инвестиция, өнеркәсіп, білім және туризмге дейінгі бағыттарда әріптестікті кеңейтуді көздеп отыр. Тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобаларға айналдырып, екі елдің бизнесі мен азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға мүдделі.
Ең оқылған:
- БҚО-да әлем чемпионын ешкім күтіп алмаған: Облыстық спорт басқармасы не дейді?
- «Мен көп тәкаппарланып кетіппін»: Самса сатамын деп дауға қалған дәмхана иесі кешірім сұрады
- Әлеуметтік жәрдемақылар жойыла ма? Министрлік тараған ақпаратты жоққа шығарды
- Ақмола облысында жүргізуші әйелін көлігімен қағып өлтірді
- Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге жұмыс сапарымен барады