Десанттық-шабуылдау әскерлерінде Ашық есіктер күні өтті

6 Қазан 2019, 11:40
2682
Бөлісу:
Десанттық-шабуылдау әскерлерінде Ашық есіктер күні өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласындағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 61993 әскери бөлімі қаланың 32 мектебінің оқушыларына және колледж студенттеріне Ашық есіктер күнін өткізді. Саны 200-ге тарта оқушылар мен студентер әскери өмірдің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Бұл туралы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әуезов ауданы Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы подполковник Денис Насыровтың ұйымдастыруымен осы ауданға қарасты 32 мектептен жиналған оқушылар және политехникалық колледждің студенттері әскери бөлімнің құрылу тарихымен, спорттық базасымен, қару-жарағымен, әскери техникаларымен танысып, оларды тәжірибе жүзінде қолданып көруге мүмкіндік алды. Оның ішінде, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік дайындығының негізі болып саналатын парашютпен секіру жөніндегі ақпараттар, оларды жинау тәртіптері бойынша көрсетілген тәжірбиелік жұмыстар оқушылардың ерекше назарын аудартты

Десанттық-шабуылдау әскерлерінде Ашық есіктер күні өтті

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-ЖомартТоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында әскери қызметтің беделін арттырып, оның қатарын толықтыратын әскери қызметшілердің біліктілігіне ерекше назар аудару жайы атап өтілген болатын. Өткізіліп отырған іс-шараның негізгі мақсаты мен міндеті де мектеп қабырғасынан баланы патриоттыққа баулу, Отан алдындағы әскери борыштарын абыроймен өтеу, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту жолындағы білімдері мен кәсіби біліктіліктерін арттыру болып табылады. Сондықтан біз осы тектес іс-шаралар арқылы жастардың бойына отансүйгіштік сезімін ұялатуға ықпал еткіміз келеді», - дейді Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысынығ тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Жанысов Раджан мырза.

Ал, №42 мектептің 9-сынып оқушысы Алимкулов Даниярдың бала кездегі арманы – әскери адам болу екен. Оның айтуынша, әрбір азамат Отан алдындағы әскери борышын өтеп, қажет болса, сол сапта абыройлы қызмет атқару керек.

«Бүгін біз әскерилердің, оның ішінде десантшылардың өміріне саяхат жасадық. Әскери техникалардың түрлерімен, олардың ұрыстағы міндеттерімен танысып, қаруды қолымызға ұстап көрдік. Менің болашақтағы арманым – жоғары әскери оқу орнына түсіп, офицерлер сапында Отаныма қызмет ету», - деп Данияр болашақтағы арманымен де бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы