Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің отбасына тиесілі бала арбасын өртеп кеткен адам ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін депутат Facebook-тегі парақшасында баласының арбасын белгісіз біреу өртеп кеткенін жазған болатын.
Менің отбасыма белгісіз біреулерден қоқан лоққыға ұксайтын әрекеттер басталды. Кішкентай балапанымның коляскасын квартирамыздың есігі алдында жағып жіберген. Осылай, Ескі Қазақстанның өкілдері өзінің бар жоғын ескертіп, білдіртіп отырғандай сезінесін! Не болса да тергеу қорытындысын күтейік, - деп жазды ол.
Арада екі-үш күн өткенде полицейлер бұзақының ұсталғанын хабарлады.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен 1991 жылы туған Б. есімді азамат ұсталды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 293-бабы бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда, - делінген ведомство хабарламасында.