Депутаттар жеңілдетілген автокөлікті несиелендіру бағдарламасын сынап тастады

25 Мамыр 2022, 16:33
1294
Бөлісу:
Депутаттар жеңілдетілген автокөлікті несиелендіру бағдарламасын сынап тастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Депутаттар жеңілдетілген автокөлікті несиелендіру бағдарламасын іске қосу тәсілін сынға алды.

«Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының депутаттары Үкіметке жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының жаңа кезеңін іске асыру тетігінің тиісінше ойластырылмауының салдары мемлекеттің оң бастамасын «бүлдіргенін» жеткізді.

Қарапайым азаматтардың жаңа автокөлікке қолжетімділігін арттыру  үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Ал бағдарламаны жүзеге асыру аясында орын алған олқылық әлеуметтік шиеленіс деңгейін көтеріп, әдеттегідей мемлекетті ақталушының және қатесін түзетушінің орнына қойды. Мәселенің мән-жайын түсіндіруге орасан зор күш жұмсалды, – деді депутат Айқын Қоңыров.

Мәжілісменнің сөзінше, мемлекеттің адамдарға көмектесуге және бизнесті қолдауға бағытталған ауқымды шешімдерінің ешқайсысы жанжалсыз жүзеге асырылған емес. Мұның себебі - қазіргі стандарттар мен тәжірибелерге сай келетін нақты дайындық алгоритмінің жоқтығы. 

Көлемі шамамен 100 млрд теңгені құрайтын жеңілдетілген автонесиелеудің жалпыұлттық бағдарламасын іске асырудың ең болмағанда қарапайым сценарийі неге жасалмады? Бұл принцип нақты жауаптыларды қажет ететін қарапайым жобалық басқару емес пе? Алайда автокөліктің әлеуметтік маңызы артып келеді. Бір жағынан бұл – ондаған, жүздеген мың азамат үшін ақша табудың құралы. Жеке тұлғаның жолаушы тасымалдауы экономика үшін өнімді қызмет түрі болмауы мүмкін, бірақ адамдар осы арқылы табыс табады. Өңірлерде және ауылдық жерлерде қоғамдық көліктің өте нашар дамуы, сондай-ақ жолаушы тасымалының тығырыққа тірелуі автокөлікті баламасыз қозғалыс түріне айналдырады, - деп айтты депутат Қоңыров.

Ол атап өткендей, автокөлікке деген жоғары сұраныс дәстүрлі нарықтық жүйе әлдеқашан жұмыс істеу мүмкіндігін тоқтатқанын көрсетті. 

Автокөлік айналымының барлық кезеңінде жеткізу, өндіру, сату, кәдеге жарату жүйесіне қосылғысы келетіндердің саны артып келеді. Олардың барлығы түрлі операторлармен, делдалдармен, агенттермен әрекеттеседі. Бұл жерде әркім өз маржасын алуды көздейді. Салдарынан сатып алушының қалтасы қағылады, – деді Қоңыров.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы өткеннен сабақ алып, мемлекеттік бюджет пен қарапайым қазақстандықтардың әмиянына салмақ салатын бастамаларды тоқтату қажет деп есептейді. Бұл үшін пилоттық жобаларды енгізу жолымен модельдеуді алдын ала жүргізбей, ірі бастамаларды іске асыруға мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға тыйым салуды ұсынды.

Автокөлік нарығын одан әрі дамытудың экономикалық негізделген түрлі нұсқасын дамыту қажет. Түпкілікті нәтиже халық үшін автокөліктің нақты қолжетімділігін, ал экономика үшін оң әсерін арттыруға тиіс, – деп түсіндірді депутат Мәжілісте. 

Өзгелердің жаңалығы