Депутаттар «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топ құруды ұсынды

9 Ақпан 2022, 16:18
2983
Бөлісу:
Депутаттар «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топ құруды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топты құруды ұсынып, үндеу жасады.

Қаңтар айының басында еліміз бұрын соңды болмаған қиын жағдайды басынан өткізді. Қазақстанға қастық ойлаған ішкі және сыртқы жаулар мемлекетіміздің шаңырағын шайқап, керегесін сөккілері келді. Опасыз экстеремистік топтардың әрекетінен бауырларымыздың қаны төгілді, азаматтарымыз ауыр жарақаттар алды, мемлекеттік және кәсіпкерлік нысандарға және мүліктерге нұқсан келді. Қаза болғандардың иманы саламат болсын, - деп бастады мәжілісмен өз сөзін.

Еділ Жаңбыршин атап өткендей, халықтың сабырлығы мен ауызбіршілігінің, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың табандылығы, қайсарлығы және республикаға, Конституциялық құрылымға қарумен қарсы шыққан содырлар мен бандиттерді жою жөніндегі жауапты шешімінің арқасында мемлекеттің егемендігі және тұрақтылығы сақталып қалды.

Бұл жағдай кездейсоқ болған жоқ. Елімізде көптен бері қордаланып, әділетсіздік пен жемқорлықтың кесірінен шешімін таппаған әлеуметтік-экономикалық мәселелер оқиғаның тұтануына себепші болды. Қаңтар оқиғасы бәріміз үшін үлкен сабақ болуы керек. Оның алғышарттары – қоғам мен биліктің шынайы тазаруы, ақиқаттың ашық айтылуы, қателіктердің мойындалуы, мемлекеттік аппарат пен құрылымдардың олигополия өкілдері мен жемқорлардан тазартылуы. Мұны бүгін қоғам белсенді талқылап және оны Мемлекет басшысы батыл түрде іске асыра бастады, - деп айтты депутат Мәжілісте.

Жаңбыршин Президенттің «Қазақстанды жаңартамын, дұрыс арнаға бұрамын» деген ниетін ел болып, бірауыздан қолдауға шақырды.

11 қаңтарда Президент Парламент Мәжілісінің және кешегі Үкіметтің отырысында елімізде атқарылатын біраз маңызды мәселені айқындап, нақты міндеттерді қойды. Жалпы қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынаста трансформацияның қажеттілігі туындағанын және «Жаңа Қазақстанды» құру туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы қайта-қайта айтып жүр. Мұндай кешенді трансформация ең алдымен Парламент қызметінде болып, Мәжіліс қабырғасынан басталуы шарт. Сондықтан Парламенттің төменгі палатасындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп және Президенттің тапсырмаларын Мәжіліс депутаттары тарапынан қадағалау мақсатында «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топты құруды, ресми түрде жариялаймыз, - деп ұсыныс айтты Еділ Жаңбыршин.

Оның сөзінше, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дер кезінде Парламент төрінде көтеріп, тұрғындардың мұң-мұқтаждарын уақытында шешуге қызмет етеді. 

Үкіметпен бірлесіп халықтың руханиятын күшейтетін, әл-ауқатын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушыларымызбен одан әрі тығыз қарым-қатынастар орнатуға мүдделі. «Жаңа Қазақстан» депутаттық топтың қоғамдағы барлық белсенді саяси партиялармен, наразы топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен қоян-қолтық қызмет жасауға ынталы және дайын екенін мәлім етеміз. Қазақта «Бірлесіп көтерген жүк жеңіл»  деген сөз бар! Жаңа Қазақстанның жүгін ұлыс болып бірге көтерейік! Президент бастаған реформаларды саботажға жібермей, аяғына дейін жеткізейік! Баршаңызды, елдің іргесін нығайтуға шақырамыз! – деп сөзін түйіндеді Мәжіліс депутаты.

Өзгелердің жаңалығы