Депутаттар үлкен нөпірмен су келе жатқанына алаңдаулы

14 Сәуір 2024, 14:15
478
Бөлісу:
Депутаттар үлкен нөпірмен су келе жатқанына алаңдаулы
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаттарының еліміздің су басқан өңірлеріне сапары жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кеше Еділ Жаңбыршин, Абзал Құспан, Ринат Заитов, Мақсат Толықбай және Нартай Сәрсенғалиев Атырау қаласында, Махамбет ауданы мен Құлсары қаласында болды. 

Сапар барысында мәжілісмендер Атырау облысында су тасқынын алдын алуға атсалысып, су басқан елді мекендердің тұрғындармен кездесіп, зардап шеккен аудандар мен ауылдарды аралады.

Жайық өзенінен сақтанып, бөгет салып жатқан Алмалы ауылының тұрғындарымен кездесуде Нартай Сәрсенғалиев басты мақсат елді мекендерді тасқын судан аман алып қалу екеніне ерекше назар аударды. 

Жайық өзені күніне 20 сантиметрге көтеріліп жатыр. Қазір мұнда Алмалыны аралға айналдырып бөгетпен қоршауда. Судың қатты соққаны сонша, тұтас тас қабырғаларды опырып тастауда. Махамбет ауданына да ат басын тіредік. Жайық алдымен осында соғады. Махамбет ауданында жалпы 21 елді мекен бар екен. Соның ішіндегі 17 ауыл Жайықтың тура жанында тұр, – деді Нартай Сәрсенғалиев.  

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Атыраудың біраз бөлігін сақтап қалуға мүмкіндік бар екенін айтып,  Ресейден үлкен нөпірмен су келе жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Батыс Қазақстан облысына да қиын болайын деп тұр. Ешкімге оңай емес. Қазір Атырауды айналдыра қоршайтын 21 шақырым дамба салынып жатыр. Уақыт аз. Оған қоса Жайық өзені Атыраудың ішімен ағып өтеді. Кәсіпкерлер де қол ұшын созып, техникасына дейін беріп жатыр. Әскерилер жұмылдырылды. Өз қалтасынан ақша шығарған әріптес депутаттарға, күн-түн демей көмек қолын созып жатқан Атырау, Алмалы, Исатай, Махамбет және тағы басқа ауыл тұрғындарына алғысымыз шексіз. «AMANAT» партиясының да ұйымдастыруымен азық-түлік, қап, қосымша жұмыс күші, техника келіп жатыр, – деді Мақсат Толықбай.

Құлсары қаласының тұрғындарымен кездесуде Еділ Жаңбыршин жалған ақпаратқа ермей, бұл қиын жағдайдан бірігіп шығу керектігіне баса мән берді.

Сонымен қатар депутаттар су басқан бірнеше шағын аудандарды аралап, жұрттың талап-тілегін Атырау облысының әкіміне жеткізді. 

Арнайы комиссия жергілікті белсенділерді кіргізіп, сапалы жұмыс атқаруы керек.  Комиссия тұрғын үйлерді су кеткеннен кейін емес, қазіргі жағдайын ескеріп бағалауға тиіс, – деді Еділ Жаңбыршин. 

Айта кету керек, табиғи апат салдарынан Құлсарыда 2400 үй су астында қалған, оның 200-ден астамы құлаған. Бүгінгі күні қалада судың деңгейі 60 см-ге дейін төмендеген. Қазір қалада су басқан үйлерді құрғату жұмыстары жүріп жатыр. Оған арнайы 58 бірлік техника және 50 адам жұмылдырылған. Бүгінгі күнге дейін 7 800 текше метр су шығарылған.

Бүгін депутаттардың сапары Батыс Қазақстан облысында жалғасып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы