Депутаттар түрмеде отырғандарға рақымшылық жасауға қатысты заңды қабылдады

3 Қараша 2021, 12:06
928
Бөлісу:
Депутаттар түрмеде отырғандарға рақымшылық жасауға қатысты заңды қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның жобасы мақұлданды.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов қосымша баяндама жасап, заң жобасын қолдауды ұсынды.

Заң жобасының басты мақсаты - Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты ізгілік қағидаты негізінде сотталған және қылмыс жасаған адамдарды жазадан және қылмыстық жауаптылықтан босату және жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар санын азайту.

Заң жобасының нормалары азаматтар мен мемлекеттің, оның ішінде азаматтардың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарының қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босатуға мүмкіндік береді. Заң жобасын жұмыс тобы шеңберінде талқылау кезінде депутаттар рақымшылыққа жататын адамдардың санын көбейту және олардың қатарына, «Ардагерлер туралы» заңға сәйкес әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға барлық ардагерді енгізу бойынша түзетулер қабылдады, - деді депутат.

Оның айтуынша, депутаттар енгізген өзгерістерге сәйкес рақымшылық қолданылатын субъектілер ауқымы едәуір кеңейді.

Атап айтатын болсақ, рақымшылыққа жататын адамдарға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, сондай-ақ «Ардагерлер туралы» заңына сәйкес еңбек ардагерлері мен басқа да адамдар жатады. Одан басқа, асырауында 18 жасқа дейінгі мүгедек балалары ғана емес, сондай-ақ олардың жасына қарамастан, яғни 18 жастан асқан, бала кезінен мүгедек балалары бар адамдарға рақымшылық жасауды қолдануға қатысты түзетулерді жұмыс тобы қабылдады, - деп түсіндірді Арман Қожахметов Мәжілісте.

Депутат атап өткендей, залалдың болуына қарамастан ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан әлсіз адамдарға рақымшылықты қолдану мүмкіндігі жөнінде депутаттар шешім қабылдады.

Сонымен бірге жұмыс тобы шеңберінде талқылау кезінде заң жобасының бүкіл мәтіні бойынша құқықтық олқылықтарды болдырмау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылау сипаттағы түзетулер енгізілді.

Парламент Мәжілісінің барлық тұрақты комитеті заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Жоғарғы Сот, Әділет министрлігі және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 9 отырысында заң жобасы жан-жақты талқыланды. Салыстармалы кестеге 15 қабылданған түзету енгізілді, - деп депутат заң жобасын мақұлдап, Парламент Сенатының қарауына жолдауды ұсынды.

Талқылау аяқталған соң депутаттар заң жобасын мақұлдап, шешім қабылдады.



Өзгелердің жаңалығы