Депутаттар Парламент Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізді

19 Желтоқсан 2022, 11:42
724
Бөлісу:
Депутаттар Парламент Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізді

Сенат пен Мәжіліс депутаттары Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Парламент Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулыны қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов Парламент Регламентіне енгізілген маңызды өзгерістер мен толықтырулар жайында айтып берді.

Конституциялық заңдарды  тек қана Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қарау туралы түзетудің Конституцияға енгізілуіне байланысты осы тәртіпті Парламент Регламентінде бекіту ұсынылады. Атап айтатын болсақ, Регламентті «Конституциялық заңдарды қабылдау» деп аталатын 4-1 жаңа тараумен толықтыру ұсынылады, - деп айтты депутат.

Енді Конституциялық заңдардың жобалары бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті.

Конституциялық заң жобасы Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Заң жобасының көшірмесі екі күннен аспайтын мерзімде Сенатқа жұмыс істеу үшін жіберіледі.

Сонымен қатар екінші оқылымға дейін бірлескен комиссия қажет болған жағдайда мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, ғалымдар мен сарапшыларды тарта отырып, конституциялық заң жобасы бойынша тұрақты комитеттер мен депутаттардың ескертулері мен ұсыныстарын қарау бойынша жұмысты жүргізеді.

Бірлескен комиссия құрылған жағдайда конституциялық заң жобасын екінші оқылымда қарау кезінде бірлескен комиссияның төрағасы сөз сөйлейді. Екінші оқылымда Парламент Палаталарының депутаттары мен комитеттері бірлескен комиссияға жазбаша түрде енгізген ескертулер мен ұсыныстар ғана талқылауға жатады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Парламенттің әрбір Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен конституциялық заңды қабылдайды немесе оны қабылдамайды, - деп айтты Қожахметов.

Онымен қоса, Конституцияның 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Парламентке енгізілген Үкіметтің заң жобаларын дереу қарауға қатысты.

Бұл жерде халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заңнамалық бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары туралы айтылған. Мұндай «төтенше» жобаларды қарау бойынша мынадай тәртіп ұсынылады, - дейді ол.

Заң жобасы Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Мәжіліс төрағасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысын заң жобасы келіп түскен күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей шақырады.

Үшінші өзгеріс – ол жеке тарауда Парламенттің Премьер-министрдің баяндамасын тыңдау рәсімін көрсету ұсынылады.

Сонымен бірге Конституцияның 53-бабына сәйкес келтіру мақсатында конституциялық заңдар бойынша Президенттің ұсыныстарын Парламенттің қарау тәртібі туралы Регламентке жаңа 4-3 тарау енгізіледі.

Өзгелердің жаңалығы