Депутаттар интернеттегі контентті бақылауға алуды ұсынды

Бөлісу:
Депутаттар интернеттегі контентті бақылауға алуды ұсынды
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжіліс депутаттары Премьер-министр Олжас Бектеновке әлеуметтік желілердегі контентке қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жұлдыз Сүлейменова соңғы уақытта елімізде болған балалардың өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары бүкіл қоғамды дүр сілкіндіріп, ата-аналар мен педагогтерді алаңдатып отырғанын жеткізді. Депутат атағандай, бұл қайғылы жайттар, әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің баланың психологиялық денсаулығына тигізіп отырған зиянды әсерін ескерсек, мәселені шешу кезек күттірмейді.

Парламент бүгінгі таңда заңнамалық шаралар қабылдағанына қарамастан, мысалы суицид туралы Қылмыстық кодексте арнайы жаңа құрамда 2 бап қабылданды, сонымен қатар суицидті насихаттауды болдырмауға Масс-медиа туралы заңда нақты реттеу механизмі енгізілді, бұдан бөлек буллингке және кибербуллингке арнайы әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілігі енгізілді, білім басқармаларының жанынан психологиялық орталықтарды құру, психологиялық қызметті жетілдіруге байланысты нормалар қабылданғанына қарамастан, бұл проблема қоғамды алаңдатып отыр, - деді ол.

Әлеуметтік желілердегі қауіпті ойындар, квесттер және зорлық-зомбылықты насихаттайтын контент жасөспірімдердің санасын улап, оларды қауіпті әрекеттерге итермелеп жатыр. Депутаттар осындай контенттің таралуына бақылауды күшейту – кезек күттірмейтін мәселе деп санайды.

Әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі негативті әсерлерге көз жұму – ұрпақ болашағына немқұрайлылық танытумен тең. Заңнамалық қабылданған шараларды орындауды күштік органдар, әсіресе мессенжерлардың жасөспірімдер контентінде гигиена шараларын қатаңдатуын талап ететін уақыт келді. Президент тапсырмасымен Парламент қабылдаған заңнамалық шешімдерді орындауды мемлекеттік органдар қатаң бақылауға алуы тиіс. Әрбір ата-ана балалардың интернеттегі уақытын қатаң бақылап, зиянды контенттерден қорғалғанына көз жеткізуі тиіс. Әлеуметтік желілерде емес, шынайы өмірде қарым-қатынас пен жетістікке жетуге үйретуі қажет, - деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.

Мәдениет және ақпарат министрлігі, Бас прокуратура, және Цифрлық даму министрлігі балалар үшін қауіпті контентті анықтап, зерделеуде ведомствоаралық жауапкершілікті күшейтуі қажет.

AMANAT партиясы фракциясы мынадай ұсыныстар жасады:

1. Қауіпті контентті анықтау және мониторинг жасау бойынша автоматтандырылған жүйелерді енгізу.

Зиянды контентті автоматты түрде анықтай алатын және бұғаттай алатын жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеп, қолдану қажет. Мұндай жүйелер интернеттегі қауіпті материалдарды жедел бақылап, оларды бірден жою механизмдерін қамтамасыз етуі керек. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің әкімшілері осы заңнамалық талаптарды орындауы керек деп талап етуіміз керек. Әлемдік тәжірибе әлеуметтік платформалардың иелері қауіпті контенттің таралуын оның пайда болу сатысында-ақ тоқтата алатынын дәлелдейді. Сондықтан олардан біздің елдің заңнамалық талаптарының сақталуын қамтамасыз ететін алгоритмдерді өзгертуін талап етуіміз қажет. Егер бұл талаптар орындалмаса, мемлекет мұндай контентті бұғаттау бойынша қосымша шаралар енгізуге дайын болуы тиіс.

2. Ата-аналарды зиянды контенттің қаупі туралы тиімдірек ақпараттандыру үшін сапалы ақпараттық бейнероликтер әзірлеу қажет. Бұл бейнематериалдар қауіпті контентті қалай тануға болатынын көрнекі түрде көрсетіп қана қоймай, қауіп төнген жағдайда жедел әрекет етуге, сондай-ақ балалардың онлайн белсенділігін бақылаудың тиімді тәсілдеріне үйретуі тиіс. Мұндай роликтер ата-аналардың жауапкершілігін арттырудың және оларды балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үдерісіне тартудың маңызды құралы болады. Нәтижесінде ата-аналар интернет қауіптерінен балаларды қорғауға және олардың дамуы үшін қауіпсіз орта құруға жақсырақ дайын болады деп санаймыз.

3. Оқу бағдарламаларына оқушылар арасында зиянды контентті зерттеуге бағытталған цифрлық сауаттылықты дамыту компоненттерін енгізу қажет. Интернетті қауіпсіз пайдалану, жеке деректерді қорғау және зиянды контентті зерделеу мәселелері арнайы оқу пәндерінің мазмұнында ғана емес, барлық негізгі пәндердің бағдарламасына енгізілуі шарт. Сонымен қатар, бұл тақырыптар тәрбие жұмысының маңызды бөлігіне айналып, ата-аналарға көмек болуы қажет. Бұл балалардың үйлесімді дамуын қамтамасыз етіп, қажетті ақпаратты зерделеп, туындайтын қауіптерге жауап бере алатын цифрлық әлемдегі қауіпсіз әрі жауапты өмірге дайындайды.

Өзгелердің жаңалығы