Депутаттар елдегі жағдаймен танысу үшін аймақтарға барады

9 Ақпан 2022, 15:19
1716
Бөлісу:
Депутаттар елдегі жағдаймен танысу үшін аймақтарға барады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында палата спикері Ерлан Қошанов бір аптадан кейін депутаттар елдің жағдайын білу үшін аймақтарға баратынын айтты.

Мәжіліс төрағасы атап өткендей, кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақытқа дейін қордаланған бірқатар проблемаға қатысты ащы сын айтып, нақты міндеттер жүктеді.

Осы міндеттің ең бастысы – еліміздің экономикалық әлеуетін қалпына келтіріп, халықтың табысын, әл-ауқатын арттыру. Осы мақсатқа жету үшін Президент жұрттың бизнеспен айналысуына тең жағдай жасау, еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй, денсаулық мәселелерін шешу, инфляцияны ауыздықтау, қосымша қаражат көздерін қарастыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту сияқты басқа да бірқатар басты бағытты атап өтті. Сондай-ақ шынайы нәтижеге жетудің жолдарын көрсетті, - деп атап өтті ол.

Сонымен бірге болған келеңсіздіктерге тоқталып, елімізде қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдардың көбейіп бара жатқанын айтты.

Жастар арасында адал еңбек етіп, жетістікке жетуден үміт үзіп, қол қусырып отыратын үрдіс пайда болғанына да тоқталды. 

Әрқайсысымыз осы айтылғандардан тиісті қорытынды шығарып, әрекет етуіміз қажет. Барлық әлеуметтік-экономикалық тапсырманы тиісті сапалы заңдармен қамтамасыз етуге жұдырықтай жұмылуымыз керек. Бір аптадан кейін сайлаушылармен кездесу үшін аймақтарға шығамыз. Сол кезде осы нақты қадамдарды әрбір сайлаушыға, әрбір азаматқа жеткізуіміз қажет. Елдегі жағдаймен танысып, проблемаларды біліп келуге тиіспіз. Ел игілігіне қызмет ету - баршамыздың басты парызымыз, - деп толықтырды Ерлан Қошанов.

Өзгелердің жаңалығы