Депутаттар биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын мақұлдады

30 Наурыз 2022, 11:43
1270
Бөлісу:
Депутаттар биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын мақұлдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын мақұлдады.

Бұл заң жобасы 2021 жылғы 8 желтоқсанда Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Депутат Дархан Мыңбайдың айтуынша, заң жобасын пысықтау барысында депутаттар заң жобасының мазмұнын, жалпы сапасын жақсартатын түзетулер енгізді.

Ол қандай түзетулер енгізілгеніне тоқталды:

- биологиялық қауіпсіздік саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды, олардың құзыреттері мен өкілеттіктерін нақтылау бойынша түзетулер қабылданды;
- биологиялық қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау және қадағалау тетіктерін жетілдіру мақсатында заң жобасы жедел ден қою шараларын қолдану тәртібін реттейтін жаңа баппен толықтырылды;
- ақпарат алмасу бөлігінде биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтары мен бағыттары, оларды оқшаулау мен жоюға қатысу жүзеге асырылатын төтенше жағдайлардың түрлері нақтыланды;
- патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсат беру, биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алу және мониторинг тетіктері нақтыланды;
- биологиялық қатердің туындау және оларды жою жағдайларында қолдануға арналған дәрілік заттарды, препараттар мен медициналық бұйымдарды жедел мемлекеттік тіркеу мүмкіндігі көзделген;
- патогенді биологиялық агенттерді жіктеу критерийлері нақтыланды;

Адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің ауру жағдайларын биологиялық қатерлерге жатқызу мәселелерін реттейтін нормалар пысықталды. Атап айтқанда, адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің ауруы бойынша нақты қандай статистикалық және есептік деректердің артуы елдің биологиялық қауіпсіздігіне қауіп төндіретіні нақтыланды, - деп атап өтті мәжілісмен.

Сонымен қатар заң жобасының нормаларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтіру мақсатында түзетулер, редакциялық сипаттағы түзетулер енгізілді. 

Жоғарыда айтылғандардың негізінде депутаттар «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заңының жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Парламент Сенатының қарауына жіберді.

Өзгелердің жаңалығы