Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімбаев масс-медиа туралы заңның негізгі нормаларын түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін заң жобасын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева таныстырған болатын.
Мәжіліс депутаты атап өткендей, «Масс-медиа» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қоғамның сұраныстары және медиа-саланың даму үрдістерін ескере отырып, масс-медиа саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
Мерзім мен міндет
Заң жобасында журналистердің ерекше мәртебесін бекіту, олардың құқықтарын нығайту мен міндеттерін кеңейту бойынша жағдайлар жасау көзделіп отыр.
Қолданыстағы заңда БАҚ беттерінде жарияланған материалдардың ескіру мерзімі бойынша талап қарастырылмаған. Яғни, мейлі 10 жыл, мейлі 20 жыл болары-болып, бояуы сіңген материалдарды біреулердің қитұрқы мүддесін орындау мақсатында қылмыстық іс қозғалады. Араға жылдар салып журналистік кәсібіне байланысты құқықтық жауапкершілікке тартылып жатқан мысалдар аз емес. Меніңше, бұл барып тұрған саяси тапсырыс, журналистің кәсіби қызметіне көлеңке түсіру деп білеміз, - деді депутат.
Әшімжанов атап өткендей, заң бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына қойылатын ескіру мерзімін – үш жылға белгілеу көзделген.
Сонымен қатар әрбір журналист білетін «Принцип золотого часа» деген түсінік бар. Демек, қоғамдық резонанс тудырған оқиғаларға қатысты дер кезінде билік өкілдерінен қажетті ақпаратты ала-алмай сандалып жүрген тілшілер аз емес. Ал, қоғам қажетті ресми, нақты ақпаратқа зәру. Осыған орай, заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдарының сұрауларын қарау мерзімін 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқарту ұсынылып отыр. Бұл өте маңызды, – деп түсіндірді ол.
Баспасөз картасы қажет пе?
Депутат атағандай, заң жобасында аккредиттеу құқығын беретін «баспасөз картасы» ұғымына байланысты жұмыс тобы мүшелерінің тарапынан қызу пікір-қайшылықтары туындап отыр.
Ашығын айту керек, бұл «Баспасөз картасы» Үкімет тарапынан жүйелі пысықталмаған әрі журналистердің еркін жұмыс істеуіне кедергі келтіретін норма екені анық көрініп тұр. Мысалы, баспасөз картасын беруші болып мемлекеттік орган бекітілген. Сондай-ақ оны алу үшін 3 жылдық жұмыс өтілі міндеттелген. Бұл қалай, әріптестер?! – деді ол.
Әшімжанов осындай шектеулері бар норма депутаттар тарапынан қолдау таппайтыны анық екенін айтты.
Жұмыс тобының басым көпшілігі бұл норманы – демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Қоғамда да сұрақ-сауалдар аз емес. Сондықтан, біз екінші оқылымға дейін журналистер қауымын қанағаттандыратындай біржақты шешімге келеміз, - дейді ол.
Сонымен бірге депутаттың сөзінше, еліміздің тарихында бірінші рет, журналистердің жай-күйі, олардың құқықтары мен ар-ождан бостандықтарының сақталуы бойынша Мемлекет басшысына арнайы – Ұлттық баяндама әзірленеді. Бұл заңмен шегеленді. Осы орайда, баяндаманың ашықтығы мен шынайылығын қоғаммен бірге қамтамасыз етуміз керек. Бұл Ұлттық баяндама Президентке кіретін журналистерге байланысты ең құнды ақпараттық құжат болуы тиіс.
«Ұлтты тәрбиелеу үшін, баланы тәрбиелеу керек»
Мемлекеттік тілдегі контенттерді дамытуға, шекаралық аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздікті реттеуге арналған нақты нормалар қарастырылған. Балалар басылымдарын қаржылай әрі материалдық тұрғыдан қолдауға бағытталған нормалар енгізіліп отыр. Бұл мәселелені де біз жан-жақты қолдауымыз керек деп есептеймін. Ұлтты тәрбиелеу үшін, баланы тәрбиелеу керек. Сондықтан, балаға құйылған капитал, мемлекеттің жарқын болашағына салынған инвестиция. Бұл талас тудырмайтын аксиома! – деп түсіндірді ол.
Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, ілеспе заң жобасы бойынша қылмыстық, кәсіпкерлік кодекстеріне және 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Еске сала кетсек, бүгін Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.