Заң жобасында бір емес үш әріптік қатенің жіберілуі аппараттың үлкен кемшілігі. Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов осылай деп Әділет министрлігіне ескерту айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әділет министрлігіндегі аудармашылардың жұмысына осы бір мәселені қағидатты түрде ескертсеңіздер. Соңғы екі жылда мәлімдемелеріңізде қазақ тіліндегі бір септік жалғау “калька” түрінде аударылып жүр. Мысалы, «направляеться правительство» деген “үкіметпен жолданады” дейді. Тағы “проводится комитетом” деген “комитетпен өткізіледі” деп аударылған. Сөзбе сөз аудару, мағыналық қате, -деді Сауытбек Абдрахманов.
Депутат министрліктің жауабына қатысты да ескерту жасады.
Таяуда Әділет министрлігі сауалдарға жауап беріп, мақалалар жазады дейді. Соның ішінде мынандай орашолақтар қателер кетпесе екен дейміз. Мәселен, “мәслихаттардың субъективтілігі мен дербестігін нығайту мақсатында мәслихат төрағасы лауазымын енгізу ұсынысалады” делінген. Біз негізі субъективтілік емес, объективтілікке ұмтылып отырмыз. Екінші мәселе, бір заң жобасының өзінде өрескел қателер бар. Мысалы, “толықтырылсын” деген екі сөзде әріптік қателер бар. Жалпы, заң жобасында бір емес үш әріптік қатенің жіберілуі аппараттың үлкен кемшілігі. Аудармашыларыңызға қадағалап, қатты айтсаңыздар, -деді мәжіліс депутаты.
Алма Мұқанова бүкіл құжаттар қайта сараптамадан өткізілетінін айтты.
Бүкіл ескертпелеріңізге, көрсеткен қателеріңізге рахмет. Біз заң жобасындағы қателерді қайта қарап шығатын боламыз, -деді Әділет вице-министрі Алма Мұқанова.