Депутат Үкіметке сауал жолдап, курорттық әлеуетті тиімді пайдалануды ұсынды

23 Қыркүйек 2026, 13:03
АВТОР
 Абай облысының әкімдігі 23 Қыркүйек 2026, 13:03
23 Қыркүйек 2026, 13:03
77
Фото: Абай облысының әкімдігі

Қазақстанда 257 санаторийлік-курорттық ұйым бар, олардың 70%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Алайда нысандардың 41%-ының жабдықталуы мен сервис деңгейі қанағаттанарлықсыз деп бағаланған. Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жолдаған депутаттық сауалында еліміздің санаторийлік-курорттық әлеуетін дамыту мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, бүгінде Қазақстанда ішкі туризм белсенді дамып келеді. Жаңа туристік бағыттар ашылып, жолдар салынып, туристік аймақтар абаттандырылуда. Сонымен қатар қазақстандықтардың өз елінде саяхаттауға қызығушылығы артып келеді.

Бірақ жаңа туристік нүктелерді іздей отырып, бұрыннан бар үлкен мүмкіндікті ұмытпауымыз керек. Ол – Қазақстанның санаторийлік-курорттық әлеуеті, – деді Екатерина Смолякова.

Денсаулық сақтау министрлігінің бағалауынша, еліміздің санаторийлеріне жыл сайын жарты миллионға жуық адам келеді.

Қазіргі таңда Қазақстанда 257 санаторийлік-курорттық ұйым жұмыс істейді. Олардың 70%-ы ауылдық жерде орналасқан. Депутат бұл нысандарды өңірлерді дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті және ішкі туризмді күшейту үшін пайдалануға болатын маңызды ресурс деп санайды.

Алайда Туристік саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, нысандардың тек 23%-ының жабдықталуы мен сервис деңгейі жоғары, ал 41%-ы қанағаттанарлықсыз деп бағаланған.

Сонымен қатар санаторийлерге қатысты бірыңғай объективті статистика жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі, Туризм және спорт министрлігі және Ұлттық статистика бюросының жіктеуі бір-бірімен толық синхрондалмаған.

Сондықтан нысандардың нақты саны, номерлік қоры, жүктемесі, туристердің болу ұзақтығы, ішкі және шетелдік келушілер бойынша біртұтас картина қажет, – деді депутат.

Екатерина Смолякова мамыр айында Абай облысындағы Барлық-Арасан санаторийіне барғанын атап өтті.

Температурасы 42 градусқа жететін радонды минералды су көздері жердің бетіне шығып жатыр. Кезінде мұнда ғарышкерлер де оңалтудан өткен, – деді ол.

Депутат Жетісудағы Қапал-Арасан, Текелі, Мойылды, Рахман қайнары және басқа да нысандарды Қазақстанның дайын туристік капиталы деп атады. Алайда оның айтуынша, көптеген санаторийлердің қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді: инфрақұрылымы тозған, материалдық базасы ескірген.

Яғни, ресурс бар. Сұраныс бар. Тарих бар. Енді осы әлеуетті экономикаға жұмыс істету керек, – деді Екатерина Смолякова.

Депутат әлемдік тәжірибеде мұндай орындардың тұтас туристік орталықтарға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, ЮНЕСКО Еуропаның жеті еліндегі 11 тарихи курорттық қаланы Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізген.

Санаторий мен туристік қызметтің аражігін ажырату ұсынылды

Екатерина Смолякова санаторийлік емдеу мен туристік қызметтің құқықтық аражігін нақтылау қажет екенін айтты. Оның сөзінше, емдеу мен медициналық процедуралар денсаулық сақтау саласына жатса, орналастыру, трансфер, экскурсия және кешенді туристік өнім туризм саласына жатады.

Сондықтан санаторий туристік өнімді өзі қалыптастырып, сатса, туристік заңнама талаптарын сақтауы тиіс, – деді депутат.

Бұл мәселе кәсіподақтар арқылы жолдамаларды өткізуге де қатысты. Депутаттың айтуынша, кәсіподақ өзінің әлеуметтік функциясын атқаруы керек, ал туристік қызметте «турист – турагент – туроператор» тізбегі сақталуы қажет.

Сондай-ақ курорттық аумақтардың инфрақұрылымына қатысты мәселе көтерілді. Санитарлық жағдай, қоқыс, жағажай, құтқару қызметі, жарықтандыру, навигация, байланыс және абаттандыру бойынша жауапкершіліктің әлі де шашыраңқы екені айтылды.

Қазақстандағы санаторийлік-курорттық ұйымдардың 93%-ы жеке меншікте. Депутат көптеген нысандардың сақталып, жұмыс істеп отырғанын кәсіпкерлердің еңбегімен байланыстырады.

Сондықтан шешім – оларды бюджет есебінен жөндеу емес, бизнеске инвестиция салуға жағдай жасау, – деді ол.

Депутат Үкіметке төрт ұсыныс жасады

Екатерина Смолякова Үкіметке санаторийлік-курорттық саланы дамыту бойынша төрт ұсыныс енгізді.

Біріншіден, санаторийлік-курорттық ұйымдардың бірыңғай жіктемесін бекітіп, үш ведомствоның статистикасын синхрондау және бірыңғай цифрлық тізілім қалыптастыру ұсынылды.

Екіншіден, санаторийлік емдеу мен туристік қызметтің құқықтық аражігін нақтылап, санаторийлер мен кәсіподақтардың туристік өнімді қалыптастыру және өткізу тәртібін реттеу ұсынылды.

Үшіншіден, курорттық аумақтардың инфрақұрылымы үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жауапкершілігін нақты белгілеу қажет.

Төртіншіден, санаторийлерді жаңғыртуға инвестиция салатын кәсіпкерлер үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру және инвестициялық ынталандыру тетіктерін қарастыру ұсынылды.

Біз жаңа туристік нүктелерді іздеп жүрміз. Бірақ кейбірін іздеудің қажеті жоқ. Олар бізде бұрыннан бар. Оның елеулі бөлігі – ауылдарда, – деді депутат.

Оның айтуынша, ендігі міндет – мемлекет пен бизнестің мүмкіндігін біріктіріп, бар туристік және санаторийлік әлеуетке жаңа серпін беру.

Тағы оқи отырыңыз: 700 мыңға жуық ауыл тұрғыны жоғары жылдамдықты интернетке уақытында қосылмаған – депутат 

Қазақстанда АИИБ қаржысына 17 жоба жүзеге асырылуы мүмкін – Жұманғарин 

Наверх