Қазақстанда 700 мыңға жуық ауыл тұрғыны жоспарланған мерзімде жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе алмаған. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 1 502 ауылдық елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспары орындалмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Құрылтай депутаты Владимир Киян Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, бүгінде Қазақстанның ауылдық жерлерінде 7 миллионнан астам адам тұрады. Бұл – ел халқының үштен бір бөлігі. Ауыл тұрғындары үшін жоғары жылдамдықты интернет жұмыс істеу, білім алу, мемлекеттік және банктік қызметтерді пайдалану, кәсіп жүргізу және цифрлық экономикаға қатысу үшін аса маңызды.
Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 1 153 330 адам тұратын 2 955 ауылдық елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспарланған.
Алайда жобаның нақты іске асырылу қарқынына қатысты мәселелер бар.
Бүгінгі таңда талшықты-оптикалық байланыс желісіне 284 225 адам тұратын 306 ауылдық елді мекен ғана қосылған. Әсіресе 2024-2025 жылдарға жоспарланған іс-шаралар бойынша айтарлықтай артта қалушылық байқалады. Белгіленген мерзімде 692 867 адам тұратын 1 502 ауылдық елді мекен интернетке қосылмаған. Осылайша, 700 мыңға жуық ауыл тұрғыны жоғары жылдамдықты интернетке жоспарланған уақытта қол жеткізе алмады, – деп атап өтті депутат.
Владимир Киянның айтуынша, бұл мәселе Жоғары аудиторлық палатаның материалдарында да көрсетілген. Жоспардың орындалмауына жобалық құжаттаманың жеткіліксіз дайындығы, қажетті рәсімдердің уақытылы жүргізілмеуі және қаржыландыру мәселелері себеп болған.
Ауылдардың 97%-ы интернетпен қамтылған деген көрсеткіш нақты жағдайды көрсете ме?
Депутат ауылдық елді мекендердің шамамен 97%-ы интернетпен қамтылғаны туралы көрсеткіш жоғары жылдамдықты интернеттің нақты қолжетімділігін толық көрсетпейтінін атап өтті.
Оның сөзінше, бұл көрсеткішке 2G және 3G, ADSL және спутниктік байланыс сияқты әртүрлі технологиялар енгізілген. Алайда олар заманауи жоғары жылдамдықты интернет инфрақұрылымын толық алмастыра алмайды.
Жалпы қамту көрсеткіші жоғары болғанымен, ауыл тұрғындарын заманауи жоғары жылдамдықты интернет инфрақұрылымымен қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай артта қалушылық сақталып отыр, – деді ол.
Осыған байланысты депутат 2027 жылдың соңына дейін ұлттық жобаның нысаналы көрсеткіштеріне уақытылы қол жеткізбеу қаупі бар екенін жеткізді.
Депутаттар қандай шаралар ұсынды?
«Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары Үкіметтен ұлттық жобаның орындалу барысы туралы толық ақпарат беруді және қалыптасқан жағдайды түзетуге бағытталған нақты жоспар әзірлеуді сұрады.
Атап айтқанда, депутаттар 1 502 ауылдық елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жұмыстарының не себепті белгіленген мерзімде орындалмағанын түсіндіруді талап етті. Сондай-ақ жұмыстардың қазіргі жағдайы мен аяқталу мерзімдерін көрсетуді ұсынды.
Бұдан бөлек, ұлттық жобаның түпкілікті көрсеткіштеріне белгіленген мерзімде қол жеткізу үшін қажетті іс-шаралар, қаржыландыру көздері және жауапты орындаушылар көрсетілген нақты жоспар әзірлеу қажеттігі айтылды.
Депутаттар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмаған елді мекендерді желіге жедел қосу үшін спутниктік технологияларды пайдалану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Сонымен қатар жаңа нысандардың цифрлық дайындығына бірыңғай талаптар енгізу мәселесі көтерілді.
Интернет инфрақұрылымын нысанды жобалау кезеңінде қарастыру, оны сараптама барысында және нысанды пайдалануға берер алдында тексеру қажет, – делінген депутаттық сауалда.
Владимир Киянның айтуынша, жоғары жылдамдықты интернеттің қолжетімділігі тек магистральдық және тарату желілерінің құрылысына ғана емес, жаңа нысандардың телекоммуникациялық инфрақұрылымының дайындығына да байланысты.